Билік

Облыс басшысы қайта тағайындалды

Кеше Ақтөбе облысына ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин келіп, облыстың жаңа әкімін тағайындау жөніндегі ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығын жариялады.

Алдымен ҚР «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес,  облыс әкімін тағайындау туралы мәселе облыстық мәслихаттың қарауына шығарылды.

«Елге Президенттің тікелей тапсырмасымен келіп отырмын, — дей келе, Аслан Мусин мәслихат алдында Елбасының ресми құжатын оқып берді:

«Ақтөбе облысының мәслихатына:

Құрметті депутаттар, Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабының 4-тармағына сәйкес, Ақтөбе облысының әкімі лауазымына тағайындауға келісу үшін Елеусін Наурызбайұлы Сағындықовтың кандидатурасын ұсынып отырмын.

Елеусін Наурызбайұлы Сағындықов 1947 жылы туған, Ақтөбе педагогикалық институтын, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бітірген, экономика ғылымдарының докторы, профессор, мемлекеттік басқару органдарындағы басшы лауазымдарында мол жұмыс тәжірибесі бар. Қолдауларыңызды сұраймын.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев».

Депутаттар бірауыздан келісім берді.

Егемендік жылдары жеткен жетістіктер, ел экономикасының дамуы —  Елбасымыздың экономикалық даму моделінің дұрыс таңдағандығынан екені даусыз. Облысымызда Елеусін Наурызбайұлының басшылығымен осы стратегияны іске асыруда басты салаларда қарқынды даму қамтамасыз етілді. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің нақты көлем индексі өсті. Әлеуметтік салада тұрақты даму орнады. Денсаулық сақтау мен білім беру салаларында қаржыландыру еселеп артты. Облыстағы саяси ахуал тұрақтандырылды. Тиімді ел басқарудың басты индикаторларының бірі — демографиялық өсу қарқынына қол жеткізілді. Қоғамның экономикалық әлжуаз топтарына жүйелі қамқорлық жасауда өзге өңірлерде жоқ шешімдер қабылданды. Осы аталған істердің нәтижесі ретінде жақында ғана өткен президенттік сайлауда Ақтөбе облысының дауыс беру нәтижесі көрсеткішін халықтың елде жасалып жатқан істерді қолдайтындықтарының бұлтартпас айғағы ретінде келтіруге болады.

Сондықтан Елбасының Елеусін Наурызбайұлын облыс әкімі лауазымына ұсынуы Ақтөбе облысына көрсетілген зор сенім деп бағалап, қолдауға шақырамын», — деді депутат Қайырбек Тоқтаров.

Депутат Қуаныш Елубаев та әріптесінің сөзін қостады. Е.Сағындықовтың 2004 жылы облыс тізгінін қолына алғаннан бастап 7 жылдан бері аймақтың қарқынды дамуын қамтамасыз етіп, Елбасының тапсырмаларын нәтижелі жүзеге асырып келе жатқандығын тілге тиек еткен Қ.Елубаев Е.Сағындықовтың кандидатурасын барлық депутаттар бірауыздан қолдайтындықтарын айтты.

***

Бұдан соң А.Мусин облыс активі алдында Елбасының Жарлығын жария етіп, Елеусін Сағындықовтың өңір басшысы болып тағайындалғанын мәлімдеді.

— Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев маған үлкен сенім артып отыр. Елбасына рақмет айтқым келеді. Нұрсұлтан Әбішұлының қол астында жұмыс жасап келе жатқанымды өмірімнің бақытты кездері деп есептеймін және бұдан былай Елбасының сенімін ақтау үшін бүкіл күш-жігерімді, білімімді, тәжірибемді аямай қызмет етуге дайынмын дегім келеді.

Аслан Есболайұлы, бірлігі мықты ақтөбеліктердің Мемлекет басшысының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасын, одан өзге жоспарларды да орындауға толық мүмкіндігі бар екендігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жеткізуіңізді сұраймын. Елбасының тапсырмасын арқалап біздің өңірге келген Сізге де үлкен алғысымды білдіремін, — деді Елеусін Сағындықов.

Одан соң халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ақтөбе филиалының төрағасы Кемейдолла Төлеубаев сөз алды. «Мен осы жасыма дейін Ақтөбенің өз перзенті келіп, Ақтөбенің әкімін орынтағына отырғызып жатқанын көргенім жоқ, бұл бір мерейлі сапар болды», — дей келе, Н.Назарбаевқа ақтөбеліктердің алғысын жеткізуді сұрады.

«Өткелде ат ауыстырмайды». Біздің Президент осындай үлкен мемлекетті басқаруға лайықты дана адам екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Елеусін Сағындықовтың алдында жоспар көп, Маяковскийше айтсақ, «планов громадье», оны халық қолдайды, біз оны қолдауға әзірміз», — деп жүрекжарды сөзін айтқан №20 мектептің директоры Мария Балябина өңір басшысына білім саласы қызметкерлеріне жасап жатқан жақсылықтары үшін алғыс білдірді.

Бұдан соң сөзді Аслан Мусин алды. Ол облысқа келген сапары туралы, елімізде, соның ішінде өңірде атқарылған игі істер туралы және алда тұрған мақсат-міндеттер туралы сөз қозғады.

— Жақында ғана президент сайлауы өтті. Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс берушілердің 95 пайызынан астамы сенім білдірді, бұл — дүниежүзінде болмаған жағдай. Елбасы сайлауда белсенділік танытқаны үшін Ақтөбе халқына, жерлестеріме рақметін, ризашылығын білдірді.

Сайлау тек Елбасының жеңісін ғана емес, Қазақстан халқының өз көшбасшысымен бірге екендігін, Елбасының соңғы 20 жылда жүргізіп келе жатқан саясатының дұрыс екендігін, халық өз көшбасшысына, өз болашағына сенетіндігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Елбасы басшылығымен жүргізілген  реформалардың нәтижесінде экономика дамып, халқымыздың әлеуметтік тұрмысы жақсарды. Соңғы 10 жылда экономика деңгейі 12 есе өсті, жан басына шаққандағы ІЖӨ 9 мың долларға жетті, ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі тұрғындар үлесі 4 есе төмендеді. Мұғалімдердің жалақысы — 5 есе, дәрігерлердің жалақысы — 7, зейнетақы 6 есеге артты. Туу көрсеткіші 25 пайызға көбейді. Республика бойынша 45 млн. шаршы метр тұрғын үй, 450 аурухана мен емхана, 750 жаңа мектеп ашылды.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуындағы бұл жетістіктер Ақтөбе облысы тұрғындарының тұрмысына да тиімді әсер етті. Облыста соңғы он жылда жан басына шаққандағы жалпы аймақтық өнім 2,1 есе көбейіп, былтыр 1,12 трлн. теңгеден артты. Тұрғындардың нақты қаржылай кірісі 2001 жылдан бастап екі еседен астам көрсеткішке көбейді. Нәтижесінде ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі тұрғындар үлесі 13 есе төмендеді. Жан басына шаққандағы ЖАӨ 10 есе артып, 10 мың АҚШ долларын құрады, ал бұл республикалық орташа көрсеткіштен жоғары. Соңғы 10 жылда негізгі капиталға құятын инвестиция 5,5 есе көбейді, осы уақыт аралығында облыс экономикасына 2 трлн. теңге қаржы салынды. Шағын және орта бизнес кәсіпкерлік өнімі көлемі осы жылдары 24 пайызға артты. Облыста тек өткен жылы жалпы 6 мың орындық 38 балабақша, 60 мектепке дейінгі шағын орталықтар ашылды. Балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 85 пайызға жетті.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде аймақта соңғы 10 жылда ана өлімі 20 пайызға, бала өлімі 17 пайызға азайды, туберкулезбен ауыру 2,7 есе төмендеді. Туу көрсеткіші 1,6 есе артып, орташа өмір сүру жасы 5 жылға көбейді.

Индустрияландыру картасы аясында былтыр жалпы құны 180 млрд. теңге болатын 4 мыңнан астам жұмыс орнын ашқан 24 жоба іске асырылды. Ақтөбе қаласы Елбасының тапсырмасы бойынша Алматы, Астана, Шымкент секілді үлкен қалалардың қатарына енгізілді. Бұл жетістіктердің барлығы Елбасы жүргізіп отырған саясаттың жемісі, — дей келе, Аслан Мусин Ақтөбе облысының алдында тұрған бірнеше міндеттерге тоқталды:

— Уақыт облыс басшылығының мына бағыттар бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін талап етеді. Біріншіден, облыстың индустриялдық-инновациялық даму қарқыны өте жоғары. 2010 жылдың нәтижелері бойынша өнеркәсіп өндірісі көлемі 12 пайызға, өңдеу өнеркәсібі өнімі 52 пайызға артты. Осыған байланысты еліміздегі индустрияландырудың жедел дамуына сай өңірде энергия тапшылығы мәселесін шешіп алуымыз керек. Қазір облыс тұтынатын электр энергиясының үштен бірін импортқа шығарады. Мұнай мен газ қорынан өзге облыста елдегі хромның 100 пайызын, титанның  — 70, мыстың 6 пайызын құрайтын пайдалы қазба бар, сонымен бірге жалпы көлемі 700 млн. тонна болатын фосфорит қоры да бар. Ал бұл — химиялық өнеркәсіпті дамытуға жол ашатын қазбаның мол кені. Үкіметтің болжамы бойынша, 2020 жылы облыста мұнай өндіру көлемі 8,5 млн. тоннаға, газ  — 8,3 млрд. текше метрге жетеді. Алдағы он жылда облыс экономикасына түсетін мемлекеттік және жеке инвестиция көлемі 2 триллионға жетпек. Оның үштен екісі өңдеу өнеркәсібіне жұмсалмақ. Ал осы жобаларды облыстағы энергиямен қамтамасыз ету мәселесін шешпей, сәйкес инфрақұрылымсыз жүзеге асыру мүмкін бе? Облыс басшылығы бұл мәселелермен күн сайын және жүйелі түрде айналысуға тиіс.

Тағы бір маңызды міндет — шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің белсенділігін арттыру керек. Тұрғындардың экономикалық белсенді тұрғындарының шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысу көрсеткіші республикалық көрсеткішпен салыстырғанда 5 пайызға төмен. Шағын және орта кәсіпкерлік негізінен делдалдық қызмет саласында дамып келеді. Елбасының қазақстандық үлесті көбейту туралы тапсырмасы шағын және орта кәсіпкерліктің қатысуынсыз жүзеге асуы мүмкін емес. Сондықтан, бізге айналасында шағын және орта кәсіпкерлік дамитын ірі кәсіпорындар мен өнеркәсіппен тығыз жұмыс жасау керек. Бұл мәселе Ақтөбеде баяу жүргізіліп жатыр.

Үшінші мәселе — ауыл шаруашылығы саласына қатысты. Соңғы 10 жылда мал шаруашылығы өнімі көлемі 1,5 есе артты, ал өсімдік шаруашылығында өсім байқалмайды. Рас, климат өзгеріп, өсімдік шаруашылығында жасалған еңбектің көбі зая кетіп жатыр, соңғы 3 жылда барлық облыста дерлік қуаңшылық болып, мол ресурсымызды жоғалтып алдық. Соған байланысты Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы саласын түбірінен қайта қарау керек. Мал шаруашылығы, салыстырмалы түрде алғанда, тұрақты сала, егер оны өз деңгейінде дамытсақ, облыс кедендік одақ аясында ірі ет экспорттаушы бола алады деп ойлаймын. Аймақтың көкөніс пен бау-бақша өнімдеріне деген ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуге де мүмкіндігі зор. Бұл мәселелермен жүйелі түрде айналысу керек.

Сумен қамтамасыз ету мәселесін де реттеу керек. Облыстағы 411 елді мекеннің 97-сі, яғни 24 пайызы ғана орталықтандырылған сумен қамтылған, қалған 308-і, яғни 74 пайызы орталықтандырылмаған сумен қамтамасыз етілген. 6 елді мекен суды тасып алады. Меніңше, бұл мәселелердің барлығының шешімін табуға облыстың толық мүмкіндігі бар. Барлық елді мекендерді газбен толық қамтуға да мүмкіндік бар. Ақтөбе облысының бюджеті соңғы 10 жылда 6,5 есеге артты. Жыл сайын республикалық бюджеттен де қомақты қаржы бөлінеді. Сондықтан аталған ірі мақсаттар мен міндеттер Ақтөбе облысы үшін қол жеткізуге болатын меже дегім келеді, өйткені біздің облыстың әлеуеті мықты. Президенттің басқа облыстармен салыстырғанда, Ақтөбе облысына деген көзқарасы жоғары. Сондықтан облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын күшейтіп, республикадағы ең мықты өңір ретінде көрсету сіздердің қолдарыңызда, жерлестер! — деді А.Мусин.

Бұдан кейін Федор Чемоданов пен Келдібай Еспағамбетов сөз алып, Нұрсұлтан Назарбаевқа ақтөбеліктердің алғысын айтып, қайтадан тағайындалған Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықовтың жұмысына сәттілік тіледі.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button