АуылБасты жаңалықтар

Қарабұтақтың жолдары жөнделіп, спорт кешені салынып жатыр

Әйтеке би ауданына қарасты Қарабұтақ ауылында ауылішілік жолдар жөнделіп, ангар типті спорт кешені салынып жатыр. Мердігерлер кешен құрылысын мерзімінен бұрын аяқтап, жыл соңына дейін тапсыратындарын айтты.

Әйтеке би ауданы бойынша екі спорт мектебі болса, соның бірі — Қарабұтақ ауылында. Бірақ оның ауыз толтырып айтарлықтай үлкен ғимараты жоқ. Сондықтан талай додада топ жарып жүрген жас спортшылары бар Қарабұтақ тұрғындары үшін жаңа спорт нысаны керек-ақ. Ақтөбе өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі баспасөз туры барысында журналистер округ орталығында салынып жатқан спорт кешенінің құрылыс барысын көрді.

Құрылысты жүргізіп жатқан мердігер мекеменің өкілі Манас Құлжігітов жұмысты осыдан 40 күн бұрын бастағандарын айтты.

— Жұмыс осы қарқынмен жүре берсе, екі жарым айдың ішінде толық аяқтап боламыз, — дейді ол.

Жаңа спорт кешені екі қабатты болады. Кешеннің төменгі қабатында тренажер залы, спортшылар жуынатын бөлме, әкімшілік бөлім мен дәрігер бөлмесі болады. Ал жоғарғы қабатында жас спортшылар  футбол, волейбол, баскетбол ойнап жаттыға алады.

Бұдан соң журналистер «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша жөнделіп жатқан ауылішілік жолдарды көрдік. Биыл Қарабұтақтағы 2 көшенің жолы аталған бағдарлама аясында жөндеуден өтіп жатыр. Ал ауылдағы Сисекенов көшесін жөндеуге қаражат аудандық бюджеттен бөлініпті. Өткен жылы Қарабұтақтағы 6 көшенің жолы жөнделген болатын. Биыл 3 көшесіне асфальт төселді.

Жалпы Әйтеке би ауданында былтырдан бері ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, тек биылдың өзінде аудан аумағында 24 жоба жүзеге асырылуда. Аудан орталығы — Темірбек Жүргенов ауылында қазіргі таңда 8 көшенің жолына асфальт төселуде.

Жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жолшылар құрылысқа қажетті асфальтты алыстан тасып әуре болмайды. Биыл Қарабұтақ ауылының маңында екінші асфальт зауыты іске қосылған болатын. «NTiger» ЖШСсағатына 95 тонна асфальт шығарады.

Содан соң журналистер аудан орталығы маңында орналасқан қиыршық тас өндіретін зауыттың жұмысын көрді. Сарат ауылына кіреберіс жол салып жатқан мердігер мекеме аталған зауытта өздеріне қажетті өнімді өндіріп, пайдаланады. Бір ауысымда 1000 кубқа дейін өнім өндіруді көздеп отыр.

Баспасөз туры барысында еліміздің тарихын, өлке шежіресін, туып-өскен аймақтың өткені мен бүгінгісін білу — өскелең ұрпақтың міндеттерінің бірі деп білетін қарабұтақтықтардың тағы бір үлкен істе бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын ұйымшылдығының куәсі болдық. Аузы бір ауыл тұрғындарының арқасында халықаралық деңгейдегі бар Самара-Шымкет тасжол бойындағы Сары Ишан қорымының қасында шырақшы үйін салыпты.

— Жұмыстарды 2021 жылдың сәуір айында бастадық. Қорымның жан-жағын қоршап, кейін үйді салды.  Барлық жұмыс ауылдан шыққан азаматтардың арқасында бітті. Сары Ишанның қорымына келетіндер көп. Сондықтан атаның басына келіп садақа берушілер үшін осындай үй өте қажет, — дейді Қарабұтақ ауылдық округінің ардагерлер алқасының төрағасы Әділхан Анарбайұлы.

Сары Ишан — шын есімі  Үмбет баласы ҚожахметТүркістанда діни медреседен білім алған, мешіт ұстап, елдің діни сауатын ашқан ғұлама әулие адам болған.

Түркістандағы діни көсемдерден бата алып, 1893 жылы Қарабұтақ өңіріне дін уағыздау мақсатында келіп, Ырғыз жағында «Ақшкол» деген мешіт салған. Алайда бұл жерге тұрақтай алмай Ыскөлге барып қоныс тебеді. Осы жерде 35 жылдан астам уақыт мешіт ұстап, бала оқытады. 1928 жылы қоғамдағы дүрбелең кезеңде мешіт қиратылады. Сары Ишан Нөкіс қаласына көшіп кетеді.

Дегенмен  1933 жылы «күл төккен жеріме барамын» деп Қарабұтаққа көшіп келеді. 1934 жылы Сары  Ишан  қайтыс болады. Сүйегін өз өтініші бойынша Қарабұтақ  түбіндегі Ырғыз өзенінің жағасына, жол бойына жерлеген.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Әйтеке биауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button