Дзю-дзюцудан турнир өтті

Ақтөбе қаласындағы «Жастар» спорт кешенінде «Ақтөбе Комбат» спорт клубының ұйымдастыруымен облыстық жастар ресурстық орталығының қолдауымен дзю-дзюцудан жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнирі өтті.
Турнирдің басты мақсаты — жасөспірімдерді спортқа баулу, зиянды әдеттердің алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау.
Жарыста Ойыл, Байғанин, Мұғалжар, Қарғалы, Әйтеке би және Мәртөк аудандарынан барлығы 100-ге жуық спортшы қатысты. Турнирге Қазақстан чемпионы, спорт шебері, ұлттық дәрежедегі төреші Қалабай Жандос бас төрешілік етті.
— Бұл турнир биыл алғаш рет кең көлемде ұйымдастырылып отыр. Шараға демеушілік жасаған Азат Шерниязға, сондай-ақ облыстық жастар ресурстық орталығына шынайы алғысымызды айтамыз. «Ақтөбе Комбат» дзю-дзюцудың облысымызда қарқынды дамуына жағдай жасап келеді. Мысалы, биыл 10-15 қыркүйекте Өзбекстан Республикасы Бұхара қаласында өтетін Азия чемпионатына жолдама алған он шақты спортшымыз бар. Сол жарыстан спортшыларымыз жақсы жетістікпен келсе, Польша Республикасының Вроцлав қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысады, — дейді «Ақтөбе Комбат» дзю-дзюцу федерациясының президенті Тілеуқабыл Амантұрлиев.
Турнирде спортшылар 20 салмақ дәрежесі бойынша өзара сынға түсіп, жеңімпаздар марапатталды.
Д.ҚАЗИХАН.