Құқық

Конституция — еліміздің басты құжаты

Қазіргі қолданыстағы Ата заңымыз 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды.

Референдумға дауыс беруге құқылы азаматтардың 90,58 пайызы қатысқан және қатысушылардың 83,14 пайызы жаңа Конституцияны жақтап дауыс берген. Референдум өткізілген күн Қазақстан Республикасының Конституциясы күні болып белгіленді. Жаңа Конституция тәуелсіздігін енді ғана алған жас мемлекеттің іргесін нығайтуға, жаңа жүйенің орнығуына, еліміздің әлемдік саясат сахнасында қанат жаюына жол ашты.

1998 және 2007 жылдары Конституцияға елеулі өзгерістер енгізілген болатын. Сонымен қатар, биыл Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мақсатымен республикалық референдум өткені белгілі.

Бұл өзгерістер мен толықтырулар туралы Заңның жобасы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында халыққа жария етілді.

Жаңа Қазақстанды құру жолындағы ауқымды саяси жаңғыртулар Конституциялық реформасыз мүмкін болмайтын еді. Әрі қарайғы реформалар, халық күткен өзгерістер осы Конституциялық реформадан бастау алатынын баршамыз жақсы түсіндік.

Ата заңға енгізілген түзетулердің бір бөлігі суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшуді қамтамасыз етеді. Түзетулердің тағы бір бөлігі бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөлуге бағытталды. Сондай-ақ халық сайлайтын Парламенттің рөлін күшейту, елді басқару ісіне қарапайым халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту көзделді және, әрине, азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіруге, күшейте түсуге бағытталды.

Бұл өзгерістердің бәрі азаматтарға тең жағдай жасау идеясына негізделген. Биылғы мерекені осындай жаңалықтармен қарсы алғалы отырмыз. Конституцияға енгізілген өзгерістер одан әрі түрлі заңдардағы өзгерістермен жалғасады, бұл реформалар түбегейлі жүргізіліп, барша қазақстандықтардың игілігіне айналады деп сенеміз.

Ботакөз МЫРЗАЛЫ,

облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің

бас маманы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button