Әлеумет

МӘМС: енді алдағы 12 айға да төлем жасай аласыз

Қыркүйектен бастап дербес төлеушілер сақтандыру мәртебесін алу үшін тек өткен 12 ай үшін емес, алдағы 12 айға да төлем жасай алады.МӘМС-ке жарна төлемеген адамдар сол өзгерістер бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті алу үшін екі тәсілдің біреуін таңдап, жарнасын төлей алады.

2022 жылдың 4 шілдесінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар қабылданды. Бұл өзгеріс қол қойылған сәттен бастап 60 күннен кейін, яғни 2022 жылдың қыркүйегінде күшіне енеді.

— Бұрын сақтандыру мәртебесін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру тізбесінен медициналық көмек алу үшін пациенттің өткен 12 айға жарнасы төленген болуы және мәртебесін жоғалтпау үшін ай сайын жарналарды үзбей төлеуі міндеттелген еді. Өтініштерді талдау нәтижесінде жұмыс істемейтіндер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар өткен кезең үшін жарна төлеуге қызығушылық танытпайтыны анықталды. Сол себепті олар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысудың баламалы нұсқасы әзірленді. Ол сақтандыру мәртебесін алу үшін алдын ала 12 айға төлем жасауға мүмкіндік береді. Азаматтар алдын ала жарналарды төлеп, жыл бойы МӘМС тізбесіндегі медициналық көмекті алады. Біздің ойымызша, бұл халықты медициналық сақтандыру жүйесіне көптеп тартуға ықпал етеді, — дейді «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ақтөбе облыстық филиалыныңдиректоры Алтай Оразбағамбетов.

Қазақстанда медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. МӘМС-ке төлем жасау барлығы үшін міндетті болып саналатынына қарамастан, елімізде шамамен 3,1 млн адам әлі күнге дейін сақтандырылмаған. Оның ішіндегі сақтандырылмаған ақтөбеліктердің үлесі — 148 786 адам.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button