АуылБасты жаңалықтар

Жаңаталап ауылына газ тартылды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Қобда өңіріне іссапары барысында үш ауылдың тұрғындарымен жүздесті және аудан көлемінде жүргізіліп жатқан жол жөндеу, көгілдір отынмен қамту, жарықтандыру жұмыстарымен, егін науқанының барысымен танысты. Сонымен бірге Жаңаталап ауылындағы газ құбырын пайдалануға беру салтанатына қатысты.

Ауылға апарар жол…

Жол салу, жолдарды жөндеу мақсатымен биыл Қобдада 13 жоба қолға алынған. Аудандық жол бөлімінің басшысы Талғат Майлыбайұлының айтуынша, аудан аумағынан өтетін республикалық маңызы бар 30 шақырым жолдағы жөндеу жұмысына бюджеттен 1,1 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бүгінде оның 17 шақырымында жөндеу аяқталыпты, қалған бөлігінде жұмыстар қызу жүріп жатыр. Сондай-ақ Ақтөбе — Ойыл тасжолынан Бегалы ауылына дейінгі аралықтағы 1,7 шақырым жолға асфальт төсеу, Терісаққан, Бестау ауылдарына баратын, т.б. жолдарды жөндеу қолға алынған.
Алдағы жылдың жоспарына тағы да төрт жоба — Қызылжар, Сарыбұлақ, Өтек, Жарық ауылдарының жолдарын жөндеуді енгізгіміз келеді, — деді Талғат Майлыбайұлы.
Облыс әкімі алдымен Бегалы ауылының кіреберіс жолындағы жөндеу жұмысының барысымен танысты. Бас мердігер — «НСК-Строй Баланс» ЖШС. Қазіргі күні мұнда асфальт жамылғысын төсеу ғана қалып тұр. Жол қыркүйек айының соңына дейін тапсырылуы керек.
Ал Бесқұдық ауылында орталық көшеге асфальт төселіп, түнгі жарық шамдары қойылып жатыр. Көшенің ұзындығы — 1,5 шақырым. Сондай-ақ 2,3 шақырымдық жаяу жүргіншілер жолы да салынады. Мұндағы мердігер — «Сұңқар — Ақтөбе 2005» ЖШС. Жалпы бұл жұмысты 4 айдың ішінде бітіру жоспарланған.
Бесқұдық ауылдық округінің әкімі Жанна Тұқышеваның айтуынша, биыл мұнда орталық, яғни Қазақстан көшесі асфальтталса, келесі жылы А. Қосжанов атындағы көшеде де жөндеу жүргізіледі деп жоспарланған.
Ауылда мыңға жуық тұрғын бар. Мектепте 141 бала оқиды, балабақша да жұмыс істеп тұр. Ауылдық округ аумағында 16 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Аздап болса да, халықтың саны өсіп жатыр. Биыл ауылымызға екі үй көшіп келді, — деді ауыл әкімі.
Облыс әкімі «Сұңқар — Ақтөбе 2005» ЖШС басшыларына жаңа оқу жылы басталғанша, жолды салып бітіруді тапсырды.

 

Болашағы зор Бегалы

Бегалы ауылының кіреберіс жолын қарағаннан кейін, облыс басшысы ауыл тұрғындарымен де жүздесті. Бегалы ауылы бүгінде көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Негізгі мектепте 50 бала оқиды, 25 орындық балабақша бар. Ауылға демеушілер қаржысына шағын саябақ салынған, биыл балалар үшін спорт алаңы ашылыпты.
Ауыл тұрғыны Айтқали Егізбаев:
Соңғы жылдары ауылымызда жақсы жаңалықтар бар. Сондықтан халық та тұрақтанып келеді. Ендігі тілегіміз — ауыл ішіндегі жолдар да тегістеліп, көшелерге жарық қойылса, — деді.
Ауыл тұрғындары медпунктке жаңа ғимарат керектігін де айтты. Сондай-ақ биыл ауыл сыртындағы мал суаратын бөгет жарылып кетіп, тұрғындар қиындық көрген. Дегенмен, бөгетті қайта қалпына келтіруге демеушілер көмектесетін болыпты.
Облыс орталығын жақын ауылдармен салыстырғанда, мұндағы үйлердің шатыры, терезелері әлі де болса, жаңа материалдармен ауыстырыла қоймапты. Дегенмен мұнда бізді ерекше қуантқаны — балалар болды. Облыс әкімі спорт алаңында футбол ойнап жүрген балаларға да арнайылап соғып, өзінің естелік сыйлығын табыстап, олармен суретке түскен болатын. Жүзі күнге тотыққан ауыл балалары өзге сөз қоспай, тап-таза қазақ тілінде сайрап тұр. Уақыттарын ғаламтордан (бұл ауылда интернет байланысы бар) гөрі, үй шаруасы, таза ауада өткізетіні аңғарылады.
Ауылда 70 шақты үй бар екен. Тұрғындар көшелер жөнделіп, жаңа ғимараттар салынып, ауыл келбеті өзгерсе, көшіп келушілер де табылады, сөйтіп, халықтың саны өсіп, ауылдың бүгінінен ертеңі жарқын болады деп үміттенеді.
Балалары қазақша сайрап тұрған ауылдың болашағы зор болуына, әрине, біз де тілекшіміз.

«Мектеп сақталып қалса»

Ал Жаңаталап ауылында облыс басшысы халықпен газ құбырын іске қосуға арналған салтанатты жиын үстінде кездесті. Бұл жиынға облыстық мәслихат депутаттары мен аудан басшылары, облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері де қатысты. Оңдасын Оразалиннің құттықтау сөзінен кейін, ауыл тұрғындары да өз қуаныштарын, ой-пікірлерін жеткізді.
Олардың бірі Ольга Миняйло:
Мен қазір зейнетте болғаныммен, 40 жыл өтілі бар мұғаліммін. Әрине, Одақ ыдырағаннан кейінгі уақыт қиын болғаны белгілі. Алайда ертеңгі күннен ешқашан үміт үзгеніміз жоқ. Міне, соңғы 3-4 жылда, расында да, ауылымызда жақсы жаңалықтар болды. Бұрын үлкен жолға жету бізге өте қиын болатын. Қазір ол уайымнан арылдық: жол сайрап жатыр. Ауылдың орталық көшесіне жарық орнатылды. Балалар үшін спорт алаңы салынды, баламызды іздесек, сол жерден табамыз. Ендігі бір әттеген-айымыз — ауылдағы мектепте бала саны аз, мектеп жабылып қала ма деген уайыммен өмір сүріп жатырмыз. Мектеп жабылса, ауылда қандай болашақ болмақ? Мектебі жоқ ауылға жастар көшіп келе ме? Сондықтан қайткенде де мектепті сақтап қалсаңыздар екен, — деді.
Осы жиында облыс басшысына аудандағы газдандыру жұмыстарының жайы да баяндалды. Бүгінгі күні аудан тұрғындарының 67,5 пайызы көгілдір отынды пайдаланып отыр. Жыл соңына дейін Терісаққан, Жарсай ауылдарына да газ келеді. Ал алдағы 2023-2024 жылдары Бұлақ және Қосөткел ауылдарына газ апару үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр.

 

Ауыл жанашырларының тілегі

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Әлия ауылында да тұрғындармен кездесті. Кездесу ауылдық округ әкімдігінің жаңа ғимаратында өтті. Жаңа ғимаратта тек қызметкерлер емес, түрлі мәселемен келген ауыл тұрғындары үшін де ыңғайлы жағдай қарастырылған: күту бөлмесі мен балаларға арналған ойын бөлмесі бар, сондай-ақ учаскелік полиция инспекторы мен ветеринарлық дәрігерді де осы жерден таба алады.
Әлия ауылдық округіне Әлия мен Бұлақ ауылдары қарайды. Әкіммен кездесу барысында ауыл тұрғындары атынан сөйлеген қариялардың тілегі, негізінен, Бұлақ ауылына қатысты болды.
Бұлақ — Әлия Молдағұлованың туған ауылы. 2025 жылы Әлия апамыздың туғанына 100 жыл толады. Міне, сол уақытқа дейін бұл ауылдың келбеті жаңарып, жарқырай түссе дейміз. Ауылға баратын жол салынды. Енді газ апару керек. Бұлақтың басты уайымы — мектеп жасындағы бала аз. Мектептің жабылып қалу қаупі бар. Осыған байланысты менің бір ұсынысым — ауылға Өзбекстан, Түрікменстан жағынан көп балалы қазақ отбасыларын көшіріп әкелудің жолдарын қарастыруға болар ма екен? — деді Қашқынбай Жанаев.
Облыс әкімі Бегалы, Жаңаталап, Әлия ауылдарындағы кездесулер кезінде қазір елімізде ауылды көркейту мәселесіне зор көңіл бөлініп отырғанын атап айтты.
Бүгінгі іссапарымның мақсаты — халықтың жағдайын білу, талап-тілегін тыңдау. Мемлекет басшының тапсырмасына сай, біз, басшылар, ауыл жұртының ұсыныс-тілектерін олардың алдына келіп тыңдауымыз керек. Елімізде ауыл тұрғындарының жағдайын қала халқымен теңестіру бағытындағы жұмыстар үзбей жүргізіледі. Биыл, мысалы, Қобда ауданында үш ауылға газ беріледі. Келесі жылы тағы да екі ауылды көгілдір отынмен қамтысақ дейміз. Осындай жұмыстар барлық аудандарда да жалғаса бермек, — деді Оңдасын Сейілұлы.
Сондай-ақ облыс әкімі Жарсай және Талдысай ауылдық округтеріне қарасты «Қобда-Жер» және «Көк-Бухта» қожалықтарына барып, егін, бау-бақша өнімдерін жинауға кіріскен шаруалармен де кездесті.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button