Басты жаңалықтарҚұқық

Алаяқтың арбауына түсіп қалмаңыз!

Уақыт талабына сай түрлі әлеуметтік желілер қарым-қатынас орнатудың ғана емес, ауқымды мәселелер туралы қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпалы зор үлкен күшке айналып отыр. Дегенмен интернетті игі мақсаттардан бөлек, арам пиғылын жүзеге асыру үшін пайдаланатындар да көп. Қазір алаяқтық қылмыстардың көпшілігі интернет арқылы жасалады екен.
Биылдың өзінде Ақтөбеде 529 интернет алаяқтық дерегі тіркелген. Полиция өкілдері интернет алаяқтыққа қарсы қандай іс-шараларды қолға алып жатыр? Алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін не істеу қажет? Тұрғындар неліктен қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтай бермейді? Осы және өзге де сұрақтарға Ақтөбе қалалық полиция басқармасы бастығының жедел істер жөніндегі орынбасары Талғат Берденов жауап берді.

 

Алаяқтықтың түрлері

Интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады. Әдетте алаяқтар әлеуметтік желілерге жалған интернет хабарландырулар орналастырады немесе аккаунт пен арнайы бет ашып, сайт жасап алады. Ең жиі кездесетін жүрген интернет алаяқтықтың түрлері: онлайн сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу арқылы жасалатын қылмыстар.
— Биыл Ақтөбе қаласында интернет алаяқтығы бойынша 529 арыз түсті. Бұл жалпы қылмыстардың үштен бір бөлігі. Соңғы жылдары интернет алаяқтықтың көбейіп бара жатқаны байқалады. Оған технологияның дамуы, сондай-ақ пандемияның кезінде онлайн жүйеге көшу жүйесі де айтарлықтай себеп болып отыр.
Биыл полиция басқармасынан арнайы жедел тергеу тобы құрылды. Қылмысты ашу, тұрғындар арасында профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Соңғы уақытта банк қызметкерлерінің атын жамылып, азаматтарға қоңырау шалатын алаяқтар көбейді. Банк қызметкерін алаяқтан оңай ажыратуға болады. Шынайы банк қызметкері сізге «иә» немесе «жоқ» деп жауап бере алатын сұрақтар қояды. Неғұрлым телефонмен ұзақ сөйлесуге тырысады. Ол ешқашан сіздің жеке деректеріңізді, құпия сөзіңізді, SMS-кодтарыңызды сұрамайды. Сонымен қатар «несие алыңыз, басқа шотқа ақша аударыңыз, қосымша жүктеп алыңыз, сілтемелерге өтіңіз» деп қандай да бір әрекет жасауыңызды талап етпейді.  Тіптен, қажет болған жағдайда, банк қызметкері сізге хабарласып, бар мәселені нақтылау үшін «біздің кез келген бөлімшемізге келіп кетіңіз» деп өтінуі мүмкін. Өйткені телефон арқылы ондай мәселелер шешілмейді, — дейді Талғат Берденов.
Ақтөбелік Сымбат Ерғалиева да алаяқтың арбауына түсе жаздаған. Оның айтуынша таңғы сағат 10:00 шамасында қоңырау шалған алаяқтың нөмірі күдік тудыратындай шетелдік емес, қазақстандық нөмір еді.
Телефонның ар жағындағы жігіт «Халық банкінің» Алматыдағы қауіпсіздік қызметінен хабарласып тұрғанын айтты. «Samsung A6 телефонынан банктің қосымшасы арқылы кіріп, 500 мың теңгеге несие рәсімдеп жатқан сіз бе?» деп сұрады. «Жоқ» дедім. «Олай болса несие рәсімдеуді дереу тоқтауымыз керек» деп бірнеше сұраққа жауап беруімді өтінді, — дейді ол.
Әрі қарай бейтаныс жігіт одан соңғы рет қандай операция жасағанын, қанша ақша аударғанын және жеке куәлік, банк картасын жоғалтып алған-алмағанын сұраған. Күтпеген қоңырау әрі жігіттің сұрақты қарша боратып, шапшаң сөйлеуі Сымбатты бір сәт абдыратып тастаса да, ол іштей бірдеңеден сезіктенген.
Аты-жөнін сұрадым. Қазақша сұрақ қойып едім, жауап бере алмай, орысша сөйлей берді. Әдетте қызмет көрсетуші мекеме өкілі қай тілде сауал қойсаң, сол тілде жауап беруі керек емес пе? Күмәнім еселеніп, банк операторына кейінірек қоңырау шалатынымды айттым. Айтқаным сол еді, «жоқ, оған қоңырау шалуға болмайды, қазір біздің әңгімемізді үзсеңіз, атыңызға несие рәсімделеді» деп қорқытты. Осы кезде мен оның алаяқ екенін түсіндім де, тұтқаны қойып тастадым, — дейді.
Ол операторға хабарласқанша, алаяқ телефонға тыным бермей, қайта-қайта әртүрлі нөмірден қоңырау шала берген. Банк қызметкері ешкімнің несие рәсімдемегенін, қоңырау шалушының алаяқ екенін айтқан соң ғана көңілі де, телефоны да тынышталған.
Алаяқтар біздің жеке мәліметтерімізді қайдан алуы мүмкін? Талғат Берденовтің айтуынша, нөміріңізді өзіңіз әлеуметтік желілерде немесе жарнама сайттарында көрсетуіңіз мүмкін. Сондай-ақ қазір көпшілігінде дисконттық карталар бар. Фитнес клубтарға немесе сұлулық салондарына барғанда, жеке мәліметтеріміз базаға тіркеледі. Аляқтар осындай жерлердің базасын бұзып алуы мүмкін.
— Мәселен, жақында Ресейде «Яндекс» такси қызметінің базасы бұзылды. Яғни онда 5 миллионға жуық қолданушы адам бар екен. Онда адамдардың аты-жөндері мен ұялы телефон номерлері сақталғаны белгілі.
Ғаламторды торуылдайтын алаяқтар халықаралық деңгейде таралған. Яғни бір елде отырып, екінші елдегі адамдарды арбайды. Алаяқтықтың тағы бір түрі  kolesa.kzolx.kz тәрізді сайттарда жиі кезедеседі. Ғаламторда, әлеуметтік желілерде «әртүрлі заттар, киім-кешек, телефон, басқа да тұрмыстық бұйымдарды арзан бағада сатамыз» деп жарнамалап жататындар бар. Олардың арасында шынымен интернет арқылы сауда-саттық жасайтындармен қатар, алаяқтықпен айналысатындар да аз емес, — дейді Талғат Берденов.

 

Белгісіз қосымшалардан аулақ болыңыз…

Қазір қалаға студенттердің көп келіп жатқан уақыты. Олар алдымен пәтер іздейтіні белгілі. Осы ретте интернетте жалған пәтерлерді жарнамалайтын алаяқтардан абай болу керек. Пәтер іздеуші тапқан нөмірге хабарласады. Иесі пәтерді көрсету үшін алдын ала 10-20 мың теңгесін шотына аударуды талап етеді. Кейін телефонын сөндіріп, ізін суытады.
— Жақында алматылық бір тұрғын телефонына белгісіз бір бағдарламаны орнатамын деп 9 миллион теңге несие арқалаған.
Қазір алаяқтар «Anydesk» деген қосымшаны пайдалануды бастаған. Бұл қосымшаны телефоныңызға жүктеуге көндірсе, өз телефонымен сіздің телефоныңызды оп-оңай басқара алады. Яғни, кез келген банкке кіріп, несие алады. Сондықтан телефонға түрлі қосымшаны жүктеуден аулақ болған жөн…
Ақтөбеде де осыған ұқсас оқиға болды. 60 жастан асқан әйел адамға біреу «арнайы қызметтен» қоңырау шалғанын айтады. Ол бейтаныс адамдар шотын бұзғалы жатқан жерінен ақшасын сақтап қалғанына сендіреді. Несие алып, банктегі алаяқтарды ұстауға көмек сұраған. Сөйтіп, жәбірленуші 7 миллион теңге несие алып, кейін алданғанын түсінген. Алаяқ Ресей мемлекетінен екені анықталды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — дейді Талғат Берденов.
Соңғы уақыттарда әлеуметтік желілерде ауыр дертке шалдыққан баланың суретін жариялап, пайда табатындар да бар. Көп адамдар оның жалған сайт екенін білмей қалуы мүмкін. Көмек көрсеткісі келген адам қорлардың шын сайтына кірдім деп ойлап, ақшаны алаяқтардың шотына аударып жіберіп жатады. Сондықтан қорларға қаражат аударамын деген адам алдымен оның иелерімен сөйлесіп, аударылатын есепшот нөмірін тексеріп алып қана көмек қолын созуы тиіс. Әзірге мұндай деректерге қатысты өңірде қылмыстық іс тіркелмеген.

 

Не істеу керек?

Алаяқтарға алданып қалмау үшін, біріншіден, тауар алатын сайт туралы зерттеп алу керек, жалған емес пе, соны анықтауға тырысу қажет. Оның мекенжайы, телефондарына баса назар аударған жөн.
— Қазір бәріміздің телефонымызда ватсап желісі бар. Бейнеқоңыраумен, сатушымен сөйлескен дұрыс. Сатып алғалы тұрған затты, адамның өзін көру керек. Осындай жан-жақты ақпараттарды анықтап алғаннан кейін ғана ақшаны төлеуімізге болады. Немесе курьерлік жеткізу қызметіне жүгінген дұрыс. Ал жалған интернет-дүкендерге алданып қалып жатқандардың көбі дүкен туралы бар мағлұматты тексеріп жатпай-ақ, сайтта көрсетілген шотқа ақшаны жібере салады, — дейді Т.Берденов.
Сөз соңында полиция басқармасы бастығының орынбасары дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға сенбеуге шақырды.

 

P.S. ҚР Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, жыл басынан бері елімізде 12 мыңға жуық интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Қылмыскерлердің кесірінен 7 млрд теңге шығын келтірілді.
Мамандар қала тұрғындарына алаяқтардың арбауынан сақтануды ескертеді. Ал егер де келеңсіз жағдайға тап болсаңыз, 102 нөміріне қоңырау шалыңыз.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button