Құқық

«Әділдік жолы» бірлесіп күресуге шақырады

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігімен бірлесе 15 тамыздан «Әділдікті талап ет!» ауқымды акциясын бастады. Оған кез келген ел азаматы қатыса алады. 

Науқанның басты мақсаты — қоғам арасында жемқорлыққа төзімсіздік ортасын қалыптастырып, бұл үрдіске ел азаматтарын барынша жұмылдыру. Аталған іс-шара қоғамды алаңдататын мәселелердің кең ауқымын кезең-кезеңімен қамтитын болады.

Бірінші кезеңде автожол саласындағы мәселелерге тоқталып, жолдарды салу, жөндеу және күтіп ұстау барысындағы жемқорлық тәуекелдерін анықтауға назар аударылады.

Биылғы 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жол салу саласында сыбайлас жемқорлық фактілерінің көп екенін атап өтіп, елімізде жол салу барысында соңғы 10 жылдағы бұзушылықтарды мұқият тексеруді тапсырған. «Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Жалпы, бұл салада қордаланған мәселе көп… Жолдың нашар сапасына қатысы бар барлық кінәлілерді заңға сәйкес жауапкершілікке тарту қажет», — деді Президент.

Қазақстанда бұл сала сыннан көз ашпай келе жатқаны рас. Сапасыз жолдар — жол-көлік апаттарында талай адамдардың мерт болып, жарақат алуларының себебі де сол. 2021 жылы автожол саласына 500 миллиард теңге шамасында қаржы бөлінген. Сонымен қатар осы жылы 14 мың жол-көлік апаты тіркеліп, онда  2 мыңнан астам адам қаза болып, 18 мың адам  жарақаттанған. Бұл дегеніміз – 20 мың бүлінген тағдыр!

Жалпы, сапасыз жолдар — адамдардың өміріне қауіп төндіретін жол апаттарының, тасымалмен айналысатын бизнес-қауымдастығының өзекті проблемасы болып отыр. Көлік қатынасы жүйесі — ұлттық экономика үшін маңызды деп саналатын еліміздің инфрақұрылымы. БӘФ Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінің көрсеткішіне сәйкес, жол сапасы жөнінен біздің ел 138 орынның 108-ші орнында тұр.

Биыл 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалмаған. Автожолдарды салу жобаларының барлық кезеңдері жемқорлық тәуекелдеріне бейім. Тек мемлекет пен азаматтардың бірлескен күшімен ғана, қоғамды барынша жемқорлыққа қарсы күресте жұмылдыра отыра, бұл зұлымдыққа төтеп бере аламыз.

Азаматтар науқанға Adildik.kz веб-сайты арқылы қосылып, 1463 қысқа нөмірдегі «шұғыл желі» бойынша Қазақстан автожолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау саласындағы жемқорлық туралы ақпаратты хабарлай алады.

«Келіп түскен барлық ақпарат қалың жұртшылықты жұмылдыра отыра,  жергілікті және республикалық «Әділдік кеңесі» атты кеңестерде талқыланады. Сонымен қатар салалық нормативті-құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында және уәкілетті органдарға сындарлы ұсыныстар ұсынылатын болады», — дейді  «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері.

Науқанның қорытындысы және бірлестік қызметінің нәтижесі биылғы жылдың соңында өтетін жемқорлыққа қарсы форумда жарияланып, белсенді қатысқан азаматтар «Әділдік жауынгері» мәртебесіне ие болады.

Ұйымдастырушылар барлық азаматты аталған науқанға атсалысып, жемқорларға қарсы күресте белсенділік танытуға шақырады.

Айта кетейік, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі 2020 жылғы 18 қарашада ҚР  Президенті Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының «Әділдік» атты екінші бағытын қолдау мақсатында құрылған. Жыл басынан бері 22 мыңнан астам азаматқа заңгерлік кеңес беріліп, мемлекеттік сатып алулар мониторингі аясында 1 мыңға жуық бағаны көтеру фактілері мен жалпы шығыны 20 миллиард теңге болатын заңбұзушылықтары анықталды. Бірлестіктің жұмысының арқасында осы және өзге де бұзушылықтар бойынша 300-ден астам мемлекеттік орган басшылары мен басқа да тұлғаларға 67 миллион теңге көлеміндегі айыппұл салынып, 21 қылмыстық іс қозғалыпты. Олардың жартысы — мемлекеттік қызметкерлер немесе оларға теңестірілген тұлғалар — кәсіпкерлік қызметпен айналысқан. Мысалы, Ақтөбе қаласындағы спорт мектебі директорының орынбасары өз қызметімен қатар жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік сатып алулармен айналысып, басқа спорт мектептері мен білім беру ұйымдарына қызмет көрсетіп отырған. Оған 428820 теңге көлемінде айыппұл салынып, сондай-ақ мемлекет пайдасына деп оның заңсыз 15901780 теңге кірісі тәркіленді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button