«Шексіз аспан» — туризмді дамыту жолындағы ізденіс

Өткен демалыс күндері Ақтөбенің тұрғындары мен қонақтары үшін қала сыртындағы ипподромда «Шексіз аспан» фестивалі ұйымдастырылды.
Әуе шарына мініп, айналаны жоғарыдан тамашалу мүмкіндігінің ұсынылуы — фестивальдің басты ерекшелігі ретінде әлеуметтік желілерде бір ай бойы жарнамаланды. Және бұл өз нәтижесін берді: 13-14 тамыз күндері ипподромға жиылған жұрттың арасында ақтөбеліктер ғана емес, аудандар мен көрші өңірлерден келген қонақтар да көп болды.
Фестивальға облыс әкімі Оңдасын Оразалин де келіп, өңірде туризмді дамыту мақсатымен қолға алынған жобаға сәттілік тіледі.
…Ипподромның жазық алаңы аласа келген темір шарбақпен екі аумаққа бөлінген. Оның бір беті — концерт үшін қойылған шағын сахна, жағалай орналасқан ақ шатырлар, балалар аттракциондары… Әр жерге шабындықтан әкелінген орама шөптер де тасталған. Осы орамалардың үстіне отырып, тіпті жата кетіп, суретке түскен жастар мәз. Бала жетектеп, әрлі-берлі ағылған жұрт. Саңқылдаған жүргізушінің үні арасында музыкамен ауысады. Адамдардың жүзі ғана емес, ауадан да бір жайдарылықтың лебі сезілетіндей…
Шарбақтың екінші бетіне, араларына 30 метр қашықтық қалдырып, қызылды-жасылды әуе шарлары қаз-қатар тізіліпті. Барлығы 10 ұшу аппараты тұр. Олар Қазақстанның әр аймағынан әкелінген: Алматы, Шымкент, Талдықорған, Ақмола, Қостанай облыстары.
Бұлардың төңірегінде де жұрт қарасы баршылық: қуанған не жылаған бала, оны жұбатқан ата-ана… Ал Шымкенттен келіп, нұсқаушылардың бір бөлігіне жетекшілік етіп жүрген Бақтияр Жаниманов ұшу аппараттарының мұндай түрінің елімізде көп емес екенін айтты.
— Әуе шарларымен ұшу «әуеде жүзу» деп аталады. Біздің елде мұны хобби ететін адамдар сирек. Ал әлемде туристер тарту үшін, әуе шарларын кеңінен пайдаланатын елдер бар. Мысалы, Түркияның Каппадокия аймағында, Ресейде, АҚШ-та арнайы фестивальдар ұйымдастырылып тұрады. Біздің елде туризмнің бұл түрі дамымаған, әуеде жүзуге қызығушылық танытатындар, негізінен, Шымкент, Алматы жағынан ғана кезігеді. Ал Ақтөбеге бірінші рет келіп тұрмыз, — деді.
Бақтиярдың өзі алғаш рет бұдан оншақты жыл бұрын Ресейдің Бурятия аймағында әуе шарымен жоғары көтеріліпті.
— Бұл маған қатты ұнады. Кейін бірте-бірте айналама басқа да қызығушылар жиналды. Демалыс күндері тілек білдірушілер үшін осындай шараларды ұйымдастырып тұрамыз. Ал, жалпы, мұны күнделікті табыс табу мақсатымен кәсіп ету қиын, өйткені ұшырып-қондыру ауа райының қолайлылығына байланысты болады, — деді ол.
Оның айтуынша, әуе шарларын ұшырып-қондыратын біздің нұсқаушылар бұған дейін ресейлік мамандардан оқып, әзірліктен өтіп келген. Енді оқытып-үйрету үшін, түркиялық мамандарды да тарту жоспарға енгізілген.
— Әуе шарлары өте биікке, тіпті бұлттың үстіне дейін ұша алады. Дегенмен біз 40-70 метрлік биіктікпен шектелеміз. Соның өзінде адамдар зор әсер алады. Ұшу ұзақтығы 7-15 минуттың айналасында, — деп түсіндірді Бақтияр Жаниманов.
Желдің бағытын білу нұсқаушылар үшін өте маңызды, сондықтан айналаға жалаушалар да қойылыпты.
Фестиваль — ішкі туризмді дамыту жолындағы ізденістердің бірі. Оны аймақтық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Visit Aqtobe» туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырып отыр.
— Туризмді дамытудың сан түрлі жолы бар. Әлемнің көптеген елдерінде әуеде жүзушілер, тіпті жаяу жүргіншілер үшін де арнайы фестивальдар ұйымдастырылып, жан-жақтан туристер шақырылады. Бұл бастама да — сондай ізденіс жолындағы үлкен бір қадам, — деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов.
Мысалы, әуеде жүзушілердің басын қосатын фестивальдардың ішінде ең ірісі АҚШ-тың Альбукерке қаласында өтетін фестиваль екен. Мұнда 750 әуе шарының ұшқанын тамашалауға болады.
«Шексіз аспан» фестивалін өткізуге бюджеттен қаржы бөлінген. Соған орай ұйымдастырушылардың тілек білдірушілерге әуе шарымен тегін ұшуға мүмкіндік беруіне де болар еді, алайда ондай жағдайда ұзын-сонар кезек, дау-дамай, тіпті жаға жыртысқан талас-тартыс та болып кетуі ықтимал екені ескеріліп, ұшу құны ересектерге 4 мың теңге, ал балалар үшін соның 50 пайызы көлемінде белгіленген. Бұдан түскен қаржы ауыр дерттен емделіп жүрген науқастың шотына аударылыпты, яғни қайырымдылық үшін жұмсалған.
Фестиваль бағдарламасына әуеде жүзуден бөлек, қызықты ойындар, шеберлік сағаттары, балалардың көңіл көтеруіне арналған шаралар, қолөнер бұйымдарының көрмесі, концерттер, кино енгізілген. Айталық, балаларға гипстен жасалған ойыншықтарды өз қалауымен, қиялымен бояп көру ұсынылды. Ал ересектерге арнап түрлі тәтті сусындар, балмұздақ жасау жолдары, т.б. шеберлік сағаттары жүргізілді.
Ішкі туризмді дамыту мақсатымда түрлі туристік бағыттардың жарнамасы да ұйымдастырылды. Сондай-ақ, мысалы, Мәртөк ауданындағы бұғы мүйізімен емдейтін «Зәру» шипажайы бастапқы жылдары осындай шараларға тек жарнамасымен ғана келсе, бұл жолы бұғы мүйізінен жасалған емдік сусын, түрлі дәрілік шөптер, басқа да өнімдер ұсынғанын көрдік. Қаладан аулақта жиналған, экологиялық жағынан таза дәрілік шөптердің бағасы да қолжетімді…
Фестиваль аясында жергілікті жұртқа таңсық көрінетін әуе шарларынан басқа тағы бір маңызды жоба — жақын шетел және еліміздің өзге өңірлерінің танымал блогерлерін Ақтөбе облысының киелі, көрікті жерлерімен таныстыру, яғни ақпараттық тур да қолға алынған. Бұған 40 шақты адам қатысқан.
Егер күндізгі тамашалаушылар арасында балаларды қыдыртқан ата-әже, ата-аналар көп болса, кешкілік ипподромға жастар жиналды. Оларға Мирас Жүгінісов, Мархаба Сәби, Ернар Сәдірбаев (Әміре) сынды әншілер қатысқан концерт ұсынылды. Сондай-ақ концертке жергілікті әншілер мен өнер ұжымдары да атсалысты.
Осы күндері қаладан ипподромға дейін қатынау үшін үш қосымша автобус бағыты да ұйымдастырылды.
Айта кетелік, биыл жыл басынан бері елімізге 200 мыңға жуық шетелдік турист келген. Олардың қазақ жерінің табиғатынан бөлек, халқымыздың көне тұрмысына, ұлттық мәдениетіне, киіз үйге, яғни этнотуризмге қатты қызығатыны белгілі болып отыр.
И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.