Басты жаңалықтарКәсіп

Өзіміздің өнім

  • Қазақстанда жасалған

Облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері жақында Ақтөбеде өткен үздік тауар өндірушілер көрмесінде көзге түскен бірқатар кәсіпорынның қызу жұмыс жүріп жатқан өндіріс орындарында болды.
Палата өкілдері әуелі электр қуатын реттеуге арналған құрылғылар шығаратын «Ақтөбе-Прилад» компаниясына барды. 

«Ақтөбе Прилад» ЖШС 2008 жылы құрылыс-электр монтаждау саласындағы басқарушылар мен инженерлік-техникалық қызметкерлердің тығыз ынтымақтастығының нәтижесінде құрылды. 2010 жылы «Ақтөбе Прилад» нарықта дилерлік құқықтар негізінде және электр энергетикасы нысандарын салу немесе жаңғырту жөніндегі келісімшарттық жобаларды іске асыруда релелік қорғаудың микропроцессорлық құрылғысын қолдана бастады. Сондай ақ электр қосалқы стансаларында релелік қорғаудың микропроцессорлық құрылғыларын енгізуде алғашқы қадамдарын жасады.
2011 жылы Ақтөбеде микропроцессорлық релелік қорғаныс терминалдарының жаппай өндірісін ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. 2018 жылы ребрендинг жасалып, бұл құрылғыларды еліміздің аумағында «MZD» сауда маркасымен жарыққа шығара бастайды. Осыдан екі жыл бұрын компания индустриялық сертификат алып, отандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілді.
— Бұл салада біздің кәсіпорынның бірегей болатын реті бар, себебі электр монтаждау және іске қосу-жөндеу бағытында көпжылдық тәжірибеміз бар. Бұл бізге құрылғы моделін таңдау кезінде әрбір клиентке жеткілікті ақпарат беруге мүмкіндік береді. Компаниямыз электрлік жұмыс және микропроцессорлық реле өндірісі бағыттары бойынша қызмет көрсетеді. Мақсатымыз —  отандық құрылғы жасауды дамыту, «Қазақстанда жасалған» маркасын ілгерілету арқылы импортты алмастыру саясатын қолдау, электр аспаптарына сервистік қызмет көрсете отырып, электрмен жабдықтау жүйелері мен қозғалтқыштардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, — дейді «Ақтөбе-Прилад» ЖШС директоры Андрей Дидык.
Қазіргі таңда бұл кәсіпорында 33 қызметкер еңбек етеді. Компания қызметкерлерінің ұраны — «біз білеміз, жасаймыз». Бүгінде компания қарқынды дамып келеді. Ақтөбеден шығатын өнім тек еліміздің ішкі нарығына ғана емес, сонымен қатар Ресей мен Өзбекстанға да экспортталады. Айтпақшы, «Ақтөбе Прилад» компаниясы «QazTrade» АҚ ұйымдастырған «Экспорттық Акселерация-2022» бағдарламасына қатысып, өнімдері халықаралық Alibaba.com маркетплейске де шығарылды.
Биыл «Ақтөбе Прилад» ЖШС алғаш рет «Қазақстанның үздік тауары» аймақтық байқауына қатысты. Компанияның өнімдері мен қызметтерін өңірдегі «Ақтөбе ферроқорытпа зауыты», «Дон» КБК, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС, «АЗХС» АҚ, «КМК-Мұнай» АҚ, «Энергосистема» ЖШС, «GreenHouseKazakhstan» жылыжай кешені, «Ақшат-Ақтөбе» кәсіпорындарынан басқа еліміздің басқа да өңірлеріндегі «Алматы электромеханикалық зауыты» ЖШС, «РУСЭЛТ-KZ» ЖШС, «Энерго Прогресс плюс» ЖШС, «Горэлектросеть» ЖШС (Екібастұз), «Ақсу ферроқорытпа зауыты», «Ақтау электр желілері басқармасы» МКК (Ақтау), «AlinaGroup» ЖШС, «ЭПК-Форфайт» ЖШС (Қостанай), тіпті Өзбекстандағы Алмалық тау-кен металлургия комбинаты да пайдаланады.
Одан соң Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауова бастаған топ «ANOSAN» сауда белгісімен дезинфекциялау құралдары мен антисептиктер шығаратын «Eco Biomed Kazakhstan» компаниясының цехына да барып, өндірістің жай-күйімен танысты.
2019 жылы құрылған «Eco Biomed Kazakhstan» компаниясы «ANOSAN» сауда маркасымен дезинфекциялық құралдар мен тері антисептиктерін өндіреді. Алайда пандемияның кесірінен өндіріс былтыр ғана іске қосылды.


— Біздің өнімнің өзіндік ерекшелігі — экологиялық таза, қолданғаннан кейін шаюды қажет етпейді. Дезинфекциялық құралдарымыз барлық микроорганизмдерге қарсы тиімді әрі қауіпсіз. Өндірісте сағатына 250 литр өнім өндіре алатын қондырғы жұмыс істеп тұр. Бұл қондырғыны Германиядан арнайы сатып алдық, — дейді компания директоры Нұрбек Нұғман.
Кәсіпорынның өз зертханасы мен арнайы мамандары бар. Өнімдерді негізінен қаламыздағы  медициналық мекемелер, сондай-ақ Ақтөбе, Батыс Қазақстан  облыстары тұрғындары сатып алады.
— «Атамекен» палатасы «Eco Biomed Kazakhstan» компаниясының өнімін Ақтөбенің ірі сауда желілері сөрелеріне шығаруға ықпал етті. Аталған кәсіпорынның өнімнің қауіпсіздігі мен жоғары сапалық көрсеткіштерін сипаттайтын барлық сертификаттары мен сынақ хаттамалары бар. Компанияны қолдау үшін кәсіпкерлер палатасы Ақтөбе қаласының сауда желілерімен бірқатар кездесу өткізді, олардың аясында осы өнімді супермаркеттердің сауда сөрелеріне орналастыру ұсынылды. Қазіргі уақытта өнімді «Дина» сауда желілерінен сатып алуға болады, — дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Дидар Боранқұлов.

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button