Жаңалықтар

Басты мәселе — жол

  • Қала

Ақтөбе қаласы аумағындағы «Жарық» тұрғын үй алабы мен 41-разъезд тұрғындары үшін жол және қоғамдық көлік мәселесі өте өзекті болып отыр.

Бұл жөнінде кеше қала әкімі Асхат Шахаров пен Алматы ауданының әкімі Абат Көбеновтің тұрғындармен кездесуінде айтылды.

Жиын Жарық-2 тұрғын үй алабындағы №41 мектеп-гимназиясының аумағында өтті. Алдымен қала мен аудан басшылары сөз сөйлеп, Ақтөбенің аталған бөлігінде биыл және алдағы жылы қандай жұмыстардың жасалатыны, тұрғындар тілегіне орай қазір қандай істердің қолға алынғаны туралы айтты. Мысалы, тұрғындардың талап-тілегі бойынша екі ойын алаңын салу, футбол алаңын салу, көшелерді жөндеу, жарықтандыру, жаңа көшелерге атау беру секілді жұмыстар қолға алыныпты. Сондай-ақ қоқыс үйінділерін жою, қаңғыбас иттерді аулау үшін бюджеттен қаржы бөлінген.

Жиында өздерін толғандыратын мәселелерді айтып, сөз сөйлеуші тұрғындар қатары көп болды. Қозғалған басты әңгіме — жол мәселесі. Ақтөбедегі ұзындығы небәрі 35,3 шақырым болатын Оңтүстік айналма жолда бірнеше жылдан бері жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның ішінде аз ғана шақырым болатын 41-разъезд бағытындағы жолда жөндеу жұмыстары екі-үш жылға созылып, тұрғындарды әуре-сарсаңға әрі үлкен уайымға салып отыр. Сондықтан шаршаған жұрттың арасынан: «Әне бітеді, міне бітеді деген құрғақ сөзден гөрі, жөндеу жұмыстарының нақты жоспарын қолымызға ұстатыңыз», — деп ширыға сөйлегендер де болды.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Төреғалиевтың айтуынша, биыл бұл жолдағы жөндеу жұмыстарын үш бөлікке бөліп жүргізу жоспарланған. Бірінші бөліктің ұзындығы — 1,5 шақырым. Мұндағы жұмыстар қазір аяқталуға таяу. Бір шақырым болатын екінші бөлікте асфальт төсеу жұмыстары басталуы тиіс. Ал үшінші бөліктегі жұмыстар енді басталып жатыр.

Рүстем Төреғалиевтың айтуынша, бұл жұмыстардың бәрі алдағы қыркүйек айының соңына дейін бітуі керек. Одан әрі жарықтандыру жұмыстары жүргізілмек.

Тұрғындарды алаңдататын тағы бір үлкен мәселе — қоғамдық көліктің ауыл ішіне кіруі. Бұл мәселені Жарық ауылының тұрғыны Ұлжан Оразбекова, осы ауылға жалғас құс фабрикасы маңында тұратын Бекболат Баетов, т.б. көтерді.

— Қоғамдық көлік керектігін айтып жүргенімізге 3-4 жыл болды. Ешкім «болмайды» демейді. Бірақ нәтиже де жоқ. Жарық ауылындағы емханаға дейін 2 мың теңге төлеп, таксимен келеміз. Қарт адамдар бар, титтей сәбиін қаратуға келетін аналар бар — жұрттың бәрі жаяу жетіп келе алмайды ғой? Бір жақсысы, мектептің автобусы уақытында жүріп тұр. Қоқыс та аптасына екі рет уақытымен алынады. Тек осы қоғамдық көлік мәселесінің шешілмеуі қынжылтады, — деді Бекболат Баетов.

Жиынға қатысқан «Автопарк» ЖШС өкілінің айтуынша, бұл мәселені шешу үшін де алдымен жолдағы жөндеу жұмыстары аяқталуы керек екен. Ол қоғамдық көлік жүргізуге ниетті жүргізушілердің жетіспейтінін, жолдың қазіргі жағдайында 14-бағытқа 5 автобус шығарудың өзі оңайға түсіп отырмағанын айтты.

Жиыннан кейін қала және аудан әкімдері тұрғындарды жеке мәселелер бойынша қабылдады.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button