Билік

Қазақстан Елбасын ұлықтады!

Сәуірдің 8-і күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты ұлықтау салтанаты өтті. Оған Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, Жоғарғы Соттың судьялары, елімізде тіркелген шет ел елшіліктерінің өкілдері, орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері, облыстар, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Конституциялық Кеңестің мүшелері, саяси-қоғамдық бірлестіктердің басшылары,  облыстардан арнайы делегациялар қатысты.

Сәуірдің 3-і күні өткен кезектен тыс Президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаевтың таңғажайып  жеңіске жеткені белгілі. Алыс-жақын шетелдерден келген ең бір қабағы қату деген бақылаушылардың өздері жұртшылықтың белсенділігін еріксіз мойындады, халықтың Елбасына деген ықыласына куә болды. Нұрсұлтан Әбішұлының өзі айтқандай, 95,5 пайыз көрсеткіш батыс елдері үшін үлкен  сенсация. Ал Қазақстан халқы мынадай алмағайып заманда көрегендік танытып, кез келген тығырықтан алып шығатын кемел көшбасшының маңына топтаса түсті.

Ұлықтау салтанаты күні  табиғат та үлкен сый жасады — күн шайдай ашық болып, майда леп есіп тұрды. Астана тұрғындары мен жер-жерден келген қонақтар Тәуелсіздік сарайына қарай ағылды.

Өткен жылдың соңында біраз уақыт үзілістен соң ЕҚЫҰ-ға мүше 56 елдің басшыларының басын қосып, тарих жылнамасына тіркелген «Астана декларациясы» атты маңызды құжат қабылданған шұғылалы сәтте күллі әлем жұртшылығының назары осы Тәуелсіздік сарайына қадалған болатын. Енді ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келген Қазақстан Республикасы Президентін ұлықтау салтанаты өткен шуақты шақта да дөңгеленген дүниенің «жанары» біздің еліміздің бас сарайына ауғаны хақ.

Жер-жерден келген қонақтармен бірге Ақтөбе өңірінен барған біздің делегация мүшелері де белгіленген орындарына жайғасып, ұлық сәтті асыға күтті. Жан-жағымыз бір-бірін құттықтап жатқан мәз-мейрам жұрт.  Біз де сондай көтеріңкі көңіл күйде едік.

Міне, салтанатты сәт те басталды. Сай сымдай тартылған сарбаздар әуелі рәсімге Тәуелсіздік сарайының үлкен залына Мемлекеттік Ту, Президент штандарты және Қазақстан Республикасының Констиуциясын салтанатты түрде әкеліп, төрдегі салтанатты сахнаға қондырды. Енді залдағы һәм алаңдағы жұртшылықтың күбір-сыбыры басылып, экран арқылы Ақордаға көз тікті.

Дәл 10.45-те Ақордадан салтанатты шерумен шыққан Президент кортежі «Қазақ елі» монументі алдындағы  бас алаңға бет алды. Аузы дуалы марқасқалар  әлемнің сегізінші кереметі деп дәріптеген  әсем Астананың сәулетті көшелермен жылжыған сәнді көшке экранға үңілген барша халық зор ықыласпен қарап тұрды. Елорда аспанына шашу ретінде атылған артиллериялық  салют залпымен ілесе Елбасы  Тәуелсіздік сарайына бет алды. Президент нық басып, Қазақ елі ескерткішінен Тәуелсіздік сарайына дейінгі жайылған оқалы  қызыл кілем төсенішпен жүріп өтті. Сарайдың бас қақпасы алдында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Республикалық Ұланның қолбасшысы Абай Тасболатов баянат берді.

Дәл сағат 11.00-де Президент Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік сарайына келіп кірді. Жиылған жұртшылық Елбасын зор қошеметпен тік тұрып қарсы алды. Өзі сөзін жазған «Елім менің» атты әнмен бірге Президент салтанатты сарайдың төріне шықты. Іле-шала Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Игорь Рогов ел  Конституциясының 42-бабына сәйкес Қазақстан халқына ант берген сәтінен бастап Қазақстан Республикасының Президенті өз қызметіне кірісетіндегі туралы мәлімдеді.

Қазақстан Республикасының Конституциясына оң қолын қойып, салтанатты жағдайда ант қабылдаған Нұрсұлтан Назарбаевтың дауысы ерекше ширақ шықты:

— Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен  заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін!

Ант беру рәсімінен кейін Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын сүйді.  Сол сәтте  қуатты әнұран шырқалып, Елбасыдан бастап, залдың іші-сыртындағы барша жұрт оң қолдарын жүрек тұсына қойып, жан толқытар әуезді әуенге қосыла кетті. Артиллерия аспанға  21 дүркін шашу шашты.

Осыдан соң Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов  Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырды. Мерейлі сәтте сәл толқығандығы көрініп тұрған Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жүрекжарды сөзін айтты. Өткенімізді шолып,  болашаққа белгіленген  межелерді  еске салды. Сол сәтте бас сарайдың іші-сыртындағы жұрт қана емес, күллі Қазақстан халқы теледидар арқылы Елбасы сөзін емірене тыңдағаны хақ.

Салтанатты сарайдан  сыртқа қарай беттеген Елбасын іштегі жұртшылық орындарынан тік тұрып, зор қошеметпен шығарып салды. Тәуелсіздік сарайының бас кіреберісінен Қазақ елі алаңына шыққан Қазақстан Республикасының Президенті, Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевты еліміздің Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков күтіп алып, Қазақстан Қарулы күштерінің әскерлері Қазақстан Республикасының Президентін ұлықтауға арналған сапқа тұрғызылғанын баянат етті.  Баянатты қабылдаған ел Президенті, Бас қолбасшы  сымдай тартылып, пәрмен күтіп тұрған жауынгерлерге қарап:

— Сәлеметсіздер ме, жауынгерлер? — деп тіл қатты.

— Сәлеметсіз бе, Жоғарғы Бас қолбасшы? — деп күндей күркіреген  сарбаздар  іле-шала үш мәрте «уралап» Президентке құрмет көрсетті.

Осыдан кейін әскери шеруді бастауға пәрмен берілді. Президенттің өз лауазымына кірісу құрметіне жасалған әскери шеру оны қабылдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көңілінен шыққаны оның жүзінен көрініп тұрды. Шынында да, Қазақстан Қарулы Күштерінің жауынгерлері  өздеріне тапсырылған міндетті өте жоғары деңгейде орындады.

Әскери шеру Қорғаныс министрлігінің әскери оркестрінің жүріп өтуімен аяқталды.

Елбасы сол сәттен бастап өте ауыр, жауапкершілігі мол қызметіне қайта кірісті. Бұған дейінгі 20 жылда жаңа мемлекетті сомдап, әлемдегі  қуатты елдердің қатарына қосу жолында зор еңбек еткен, азуын айға білеген алпауыт мемлкеттердің өздері бара алмаған тәуекелге барып, Еуразияның алтын жүзігіндей әсем Астананы  салдырған  Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа қадамы құт әкелгей деп жатты жұрт. Лайым, сол тілек қабыл болғай!

Президентті ұлықтау салтанаты елдің  әлеуетін көрсететін, халықтың өзі сайлаған басшысына деген құрметін танытатын мереке. Сол мереке өте жоғары деңгейде өтті. Айта кету керек, бас сарайдың ішіндегі салтанатқа қатысқандардың арасынан Елбасының тілеулестерін ғана емес, оппозиция өкілдерін де көзіміз шалды. Несі бар, қарсыласыңның мықты екенін тану да — мықтылық!

Қазақ елі алаңына жиналған 40 мыңға жуық жұртшылық ұлықтау салтанатынан кейін де бірден тараса қойған жоқ. Бір-бірін құттықтап, қуаныштарын бөлісіп жатты.

Ресейден келген бақылаушылардың бірі сәуірдің 3-і күні өткен  сайлаудың нағыз халықтық мерекеге айналғанын айтып, таңдай қаққан еді. Президентті ұлықтау салтанаты да сол мерекенің жалғасына айналды. Мерекелі күніміз берекелі істерге жалғасқай!

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,

Ақтөбе-Астана-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button