Басты жаңалықтарКәсіп

Жергілікті өнімдер сұранысқа ие ме?

Күнделікті өмірімізде біз сауда желілерінен шетелдік өнімдерді жиі сатып алып, қолданамыз. Ал отандық, оның ішінде жергілікті өнімдерге көп мән бермейміз. Мәселен бүгінде Ақтөбе қаласында ыдыстар жуатын, күнделікті жуынуға, сондай-ақ дезинфекция жасауға арналған өнімдер шығарылады. Бұл өнімдер сұранысқа ие ме? Бұл туралы кәсіпорын өкілдерімен тілдескен едік…

 

Ақтөбеде антисептиктер шығарылады

Ақтөбе қаласындағы «Eco Biomed Kazakhstan» ЖШС өз жұмысын былтыр ғана бастаған. Бұл кәсіпорын неміс технологиясы бойынша қауіпсіз дезинфекциялық құралдар мен тері антисептиктерін шығарады.
Серіктестік директоры Нұрбек Нұғманның айтуынша, бүгінде серіктестікте бес адам жұмыс істейді. Олардың қатарында сату бөлімінің маманы, технолог, химик және зертханашы бар.


— Біздің өнімдеріміз ас тұзы ертіндісін электрохимиялық белсендіру технологиясымен жасалады. Яғни қарапайым суға таза ас тұзын қосып, осы ерітіндіге электр қуаты арқылы күш береміз. Дайын болған өнім тіршілік иелері мен қоршаған ортаға қауіпсіз, бірақ зиянды бір клеткалық микроорганизмдер мен микроб, вирустарды лезде жою қабілетіне ие. Бұл үшін арнайы Германиядан өндіріс қондырғысын сатып алдық. Бұл өнімнің Еуропада пайда болғанына 5-6 жыл болды. Қазіргі таңда адамзат экологиялық таза өнімдерге бетбұрыс жасап жатыр. Сондықтан осы өнім түрі әлемнің көптеген мемлекеттерінде өндіріле бастады. Біз әлемге белгілі ANOSAN тауар маркасын Қазақстанға алып келдік. Бүгінде өндіріс толық қуатында жұмыс жасап тұрған жоқ. Оған себеп — сұраныстың аздығы мен жарнаманың жетіспеуі. Биыл кәсіпорынның ашылғанына бір жыл толды, әзірге өнімдеріміз кеңінен таныла қойған жоқ. Біздің өнімдеріміздің өзгелерден артықшылығы — пайдаланған мезгілде адам ағзасы мен терісіне зиян келтірмей, микробтар мен вирустарды лезде жойып, қоршаған ортада зиянды қалдық қалдырмай, қайтадан тұзды суға айналады. Жалпы өнімдеріміз барлығы — микроорганизмдерге қарсы әсерлі дезинфекциялық құралдар. Өнімдеріміздің қолдану аясы өте кең: олар ауыл шаруашылығы, өндіріс, денсаулық сақтау, күнделікті тұрмыс және тағы басқа салаларды қамтиды. Өнімнің ауа, су мен беттерді залалсыздандыратын және тері антисептигі түрлерін шығарып жатырмыз, болашақта ауыз бен мұрын қуысын шаю ертіндісін шығару ойда бар. Мысалы, антисептиктеріміз терідегі микробтарды жойып қана қоймай, оны жұмсартып, терідегі түрлі жаралардың тез жазылуына көмектеседі, ауа дымқылдатқыш арқылы пайдалансаңыз, бөлмедегі ауаны тазалап, жағымсыз иісті кетіреді және тұмау, аллергия, демікпе секілді тыныс жолдары ауруларының алдын алады, — дейді ол.
Бүгінде серіктестік өнімдері «Дина», «Шебер» сауда желілерінде сатылып жатыр. Мәселен, антисептиктердің 50, 100 миллилитрлік және 1, 5, 10 литрлік түрлері бар. Олардың бағаларына келсек, 1 литрлік құтыдағы антисептиктің бағасы мың теңге тұрса, 5 литрлік — 2-2,5 мың, 10 литрлік 4,5-5 мың теңгеге сатылуда.
Дезинфекциялық құралдар мен антисептиктерді құятын құтыларды жергілікті «Шағыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен тапсырыспен сатып аламыз. Бүгінге дейін кәсіпорында 5-6 мың құты өнім дайындалды. Өнімдерімізді еліміз бойынша өзге өңірлерге шығарып сату жоспарда бар. Бұл бағытта әлі көп жұмыс жүргізуіміз керек, — дейді серіктесік басшысы.
Оның айтуынша, әзірге кәсіпорын ғимаратты жалға алып отыр. Болашақта жұмыс орны көбейсе, ғимаратты да кеңейту жоспарда бар.
Жалпы біз дезинфекциялық құралдар мен антисептиктерді өндіру ісін 2019 жылы қолға алғанбыз. Дегенмен, пандемия кесірінен шетелден алынатын қондырғының кешігуіне байланысты өндірісті өткен жылы аштық. Алғашқы алған өніміміз Германияда толық тексерістен өтті, шетелдік мамандар оның сапасы Еуроодақ талаптарына сай екенін мойындап отыр, — дейді ол.
Пандемия кезінде мекемеде де, үйде де антисептиктерді көп қолданғанымыз белгілі. Әсіресе, кішкене ғана құтыға құйылған Ресейден шығарылған антисептиктерді дүкендерден іздеп жүріп, сатып алғанымыз бар. Егер солардың орнына өзіміздің жергілікті өнімдерімізді сатып алсақ, кәсіпорынның өніміне сұраныс артар еді, екінші жағынан, отандық өнім ел ішіне кеңінен танылмақ.
Алдағы уақытта сұраныс артса, жылына 1,0 миллион литр өнім өндіруге мүмкіндігіміз бар. Біз бұл жоспарымыз бен ерекше инновациялық жобамызды жуырда облысымызға келген Ұлттық экономика министріне де көрсеттік. Ол шетел тауарларымен бәсекелестікке қабілетті отандық өнім түрлерін көбейтіп, дамыту керектігін айтты. Сол үшін біз өндірісті дамытып, халықтың денсаулығын күшейтуге барынша күш салатын боламыз. Кәсіпорын «ANOSAN – сіздің қамыңызды ойлайды!» ұранына сай жұмыс жасайды, — дейді серіктестік басшысы.
Қазір шет елдерде де, елімізде де аты жаман індет қайта көбейе бастады. Осы орайда тұрғындарға «Eco Biomed Kazakhstan» ЖШС-ның дезинфекциялық құралдарын сатып алуға кеңес береміз.

 

20-30 мың тонна өнім шығаруды жоспарлап отыр

Бүгінде еліміздің барлық өңіріне, сондай-ақ Өзбекстан, Ресей елдеріне танымал болып үлгерген «Epsilon Group» ЖШС өндірістік және тұрмыстық химия өнімдерін шығарумен айналысады. EASY маркасымен танымал бұл кәсіпорын былтырдан бері он мың тонна химия өнімдерін өндірген. Алдағы уақытта компания өнім көлемін арттырып, оның мөлшерін 20-30 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.
«Epsilon Group» ЖШС даму жөніндегі директоры Серік Сүндетовтің айтуынша, серіктестік 2015 жылдан бері жұмыс жасайды. Кәсіпорын ашылғаннан кейін, ең алдымен, өндірістік химияны өндіруді қолға алған. Бүгінге серіктестік мұнай, тау-кен саласына қажетті 50-ге жуық өндірістік химия түрін шығарады.
Қазіргі таңда өндірістік химияны экспортқа шығаруда ешқандай кедергі жоқ. Біз бұл бағытта Қазақстанның барлық өңірлерімен, Ресей, Өзбекстан елдерімен бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз. Әсіресе, өндірістік химияға Ақтөбеден бөлек өңірлердегі шахталар, мұнай қазу орындары көп тапсырыс береді. Мысалы, Маңғыстау облысында карьерлік мұнай компаниясы мұнай өндірген соң, оның орнын толтыратын суды тазалау үшін біздің серіктестік шығаратын деэмульгаторды қолданады. Өздеріңіз білесіздер, мұнай өндірген жерге таза су құю керек. Ал әлгі компания суды 2-3 мың шақырым жердегі Волгадан алып отыр. Сондықтан біз аталған компаниямен келісімшарт жасасып, қазір ел экономикасына да, экологияға да пайда әкеліп отырмыз, — дейді Серік Сүндетов.
Оның айтуынша, қазір кәсіпорын өндірістік химиямен қатар тұрмыстық химия өнімдерін де шығарып жатыр. Атап айтсақ, мұнда EASY маркасымен ыдыс жуатын сұйықтық, сұйық сабын, ағартқыш-гель, әйнек жууға арналған сұйықтық және майды кетіретін, тұрмысқа қажетті сұйықтық шығарылуда. Болашақта кәсіпорын құбырларды тазартатын сұйықтық шығаруды жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда серіктестікте 50-ден астам адам жұмыс істейді. Олардың қатарында онға жуық химик-технолог маман да бар. Олар зерттеу институтында үзіліссіз еңбек етеді.
— Жалпы біздің елімізде мықты мамандар көп, әсіресе, жастар арасында таланттылар жетіп жатыр. Өкінішке қарай, біз жастарды мойындамаймыз. Біздің компаниямызда жастар көп. Солардың белсенді еңбек етуімен, міне, кәсіпорнымызда ондаған өнім шығарылып жатыр, — дейді Серік Сүндетов.
Кәсіпорындағы химик-технолог мамандардың бірі Алтынай Шылбатыр өнімдерді шығармастан бұрын Ресейден әкелінген шикізаттар зертханада арнайы тексерілетінін айтады.
— Бізде арнайы зертхана бар. Онда әкелінген шикізаттардың сапасын тексереміз, оларға сараптама жүргіземіз. Содан соң ғана үлкен реакторларға шикізаттар құйылып, қажетті қысымы, температурасы қойылады, нәтижесінде белгіленген уақыт ішінде дайын өнім шығады. Қазір біздің кәсіпорында өндірістік өнімнің 50 шақты түрі, тұрмыстық химияның бес түрі шығарылып жатыр, — дейді ол. 

EASY-дің өнімі Sarma мен Fairy-ден кем емес

Қазір елімізде қыз-келіншектер Sarma, Fairy сияқты танымал ыдыс жуғыш сұйықтықтарды көп пайдаланады. «Epsilon Group» ЖШС-ның шығаратын ыдыс жуатын сұйықтығы осы өнімдерден артық болмаса, кем емес. Есесіне отандық өнімнің сапасы жоғары, бағасы тұтынушыларға қолайлы.
Біздің ыдыс, әйнек жуатын сұйықтықтар мен сұйық сабындарымыз қазір қаламыздағы Орталық базарда, басқа да шағын дүкендерде сатылып жатыр. Алдағы уақытта бұл өнімдерді тұрғындар «Анвар», «Дина» сауда желілерінің сөрелерінен де көре алады. Қазір біз бұл сауда желілерінің басшылығымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ Алматы қаласындағы «Magnum», «Small» сауда желілерімен келісімшарт жасастық.  Ресейлік бірқатар компания да біздің өнімдерімізге қызығушылық танытты. Қазір жарнама жасау, сұранысты арттыру бағытында жауапты мамандарымыз жұмыс жасап жатыр. Тағы айта кететін жайт, біздің шығаратын өнімдеріміз жайлы ақпаратты әлеуметтік желілерден де көріп, танысуға болады, — дейді «Epsilon Group» ЖШС даму жөніндегі директоры Серік Сүндетов.
Өндірісте патент деген ұғым бар. Яғни кез келген өнімнің шығарылу құпиясы немесе оны ойлап шығарған адамның авторлық құқығы болады. Осыған байланысты бізге кәсіпорын басшысы тұрмысқа қажетті сұйықтықтардың құрамы, олардың қалай жасалатынын тәптіштеп айтпады. Алайда көзімізбен көргеніміздей, кәсіпорындағы әр химиялық өнім зерттеліп, түрлі талдаулардан өткізіледі. Содан кейін ғана құтыларға құйылады.
Біз құтыларды Ақтөбедегі, сондай-ақ Ресейдің Новосибирск қаласындағы серіктестіктерден тапсырыспен әкелеміз. Жалпы өндірісте өнімнен гөрі оның сыртқы қорабы не құтысы қымбатқа шығады. Біз осы мәселені шешу үшін болашақта рационалды тұтынушылық бағытын дамытқымыз келеді. Яғни тұтынушылар өздерінің құтысымен келеді, біз өнімді құйып береміз. Сонда тұтынушылар өнімді арзан қаржыға сатып ала алады, — дейді ол.
Айта кету керек, алдағы уақытта «Epsilon Group» ЖШС-ның өнімдері қаламыздағы билбордтарға ілінбек. Осылайша кәсіпорын тұрмыстық химия өнімдерін көпшілікке таныстыруды көздейді. Сонымен қатар қазір серіктестік «100 дос» қайырымдылық қорымен бірлесе түрлі шараларға атсалысып жүр. Олар алдағы уақытта облыстағы көмекке мұқтаж, көпбалалы отбасыларға баспана алып беруге қолдау көрсетпек.
Бұдан бөлек, серіктестік болашақта экологиялық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл бағыт бойынша биыл еліміздің бірқатар өңірінде дебаттар ұйымдастырылған.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button