Билік

Бағдарымыз – айқын, болашағымыз – жарқын

Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісу салтанатындағы сөзі

Қымбатты отандастар!

Мәртебелі меймандар!

Ханымдар мен мырзалар!

Бүгін елдің ақжолтай сенімін, абыройлы аманатын арқалаған мен үшін ерекше тебіреніске то­лы айрықша айшықты күн.

Қазақстан халқы Президент сай­лауы арқылы бүгінін байып­тайтын, болашағын бекемдейтін тарихи таңдау жасады.

Сондықтан маған тағдырын та­быстап, ақ киізге қайтадан көтер­ген, ел тізгінін сеніп ұстатқан ар­дақты халқыма ақжар­ма алғы­сым­ды айтамын.

Біздің жарқын жеңісіміз кө­ші­міздің түзу, көкжиегіміздің шуақ­ты, бағытымыздың дұрыс екенін тағы бір айғақтай түсті.

Елдің тілегімен өткен, тағы­лымы тарихымызға енген сай­лаудың нәтижесі – төккен тер, еткен еңбектің бағасы деп білемін.

Тәуелсіздік жылдарында мен халқымның бақытты өмірі, баян­ды болашағы үшін бар қажыр-қайратыммен еңбек етіп келемін.

Тағдыры тұтас, тілегі ұқсас Қазақстан халқы осы кезеңде ға­сыр­лық мәні бар ғаламат та­быстарға қол жеткізіп отыр.

Біз Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатау арасындағы ұлан-­ғай­ыр далада бірлігі бекем, ұлысы ұйыс­қан, қуатты мемлекет құр­дық.

Құбылған заманда құбыла­сы­нан жаңылмаған Қазақстан даму­дың өзіндік даңғыл жолына түсті.

Аз уақытта айбыны асқан алаш жұрты әлеуеті асқан, дәу­леті тасқан, іргесі берік, беделі зор  айдынды елге айналды.

Батыс пен Шығысты жалғаған еліміз өркениеттер үндестігінің жерұйық бесігі саналды.

Есілдің бойындағы еңселі елордамыз Еуразиядағы байсал­ды тұрақтылықтың алтын ар­қауы­на баланды.

Ізгілік нұрын шашқан Астана рухы күллі әлемге бейбітшілік пен келісімнің киелі кілтін ұсынды.

Биыл ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтетін Қазақстан осылайша жасампаз жаңа дәуірге қадам басты.

Осының бәрі біздің ұрпақтың маңдайына жазылған, пешенесіне бұйырған айрықша бақ екенін сезінуіміз керек.

Дегенмен, алдымызда алма­ғай­ып заман бар, ұлан асу, белес бар.

Ендеше, біз болдық деп бо­саң­сымаймыз, толдық деп тасы­маймыз.

Тұрақтылық пен татулыққа негізделген сарабдал жолымызды табанды түрде жалғастыра береміз.

Құрметті қазақстандықтар!

Құрметті менің отандастарым!

Сіздер мені Қазақстан Респуб­ликасының Президенті етіп сайлап, тағы да аса жоғары сенім көрсеттіңіздер.

Мен үшін Тәуелсіздіктің 20 жылдығында Мемлекет басшы­лығына  бүкіл халықтың атынан сай­ланып, ғажайып көпұлтты Отанымның Көшбасшысы мис­сия­сын жалғастыру үлкен абырой.

Мен барлық қазақстан­дық­тарға өткен сайлауда шынайы қол­дау көрсеткендері үшін ақ жүректен шыққан ризашы­лы­ғымды білдіремін.

Бұл – бүгінде туған Қа­зақ­станымыз қол жеткізген осындай табысты мемлекет құру жолын­дағы біздің ортақ еңбегімізге берілген ең үздік баға.

Мен еліміздің бүкіл әлемдегі біздің барлық ақ ниетті достары­мызға шын жүректен ризамын.

Өздеріңіз білетіндей, мен қа­зірдің өзінде Ресей, Қытай, ТМД мен Еуроодақ, басқа да көптеген елдер басшыларынан көптеген құттықтаулар алдым және бұл құт­тықтаулар түсуін жалғас­ты­руда.

Мен оларды ризашылықпен қа­былдаудамын, өйткені оларда қазақстандықтардың таңдауына ғана емес, сондай-ақ біздің стра­тегиялық бағытымызға да шы­найы қолдаулар бар.

Еліміздің барлық түкпір­лерін­де­гі қазақстандықтардан да мың­даған құттықтаулар түсіп жатыр.

Мен барлық отандастарыма осы құттықтауларда айтылған жылы сөздері мен ізгі тілектері үшін ризамын. Мен де барлы­ғына соны, маған тілеген ізгілік пен бақытты тілеймін.

Бүгінде Қазақстан бүкіл әлем­ге халық бірлігі мен мемлекеттік биліктің қуатын көрсетіп отыр.

Өткен сайлау, сарапшылардың есептеуінше, ұйымдастырылуы мен демократиялылығы жағынан қазіргі Қазақстан тарихындағы ғана емес, сондай-ақ бүкіл Орта­лық Азиядағы ең озығы болды.

Тұрақтылық пен өркендеу ба­ғытына дауыс бере отырып, әр қа­зақстандық өзінің болашағы үшін, өз отбасының болашағы үшін, елі үшін, Отаны үшін дауыс берді!

Құрметті қазақстандықтар!

Бүгінде мен 1991 жылдың жел­тоқсанында алғашқы бүкіл­ха­лықтық сайлаудан кейін халыққа адалдығым туралы ант беріп, жоғары президенттік биліктің регалиясын қабылдағанымды есіме аламын.

Сол кезде біздің алдымызда мүлдем басқа міндеттер тұрды.

Біз ыдыраған супердер­жава­ның қирандыларында қалған едік.

Бізді, бірінші кезекте, халық­ты қайтсек тамақтандырамыз деген мәселелер толғандырды.

Өндірістің құлдырауын, ин­фля­цияны қалай тоқтату керек?

Адамдарға еңбекақы мен зей­нетақыны уақтылы төлеу үшін ақшаны қайдан табу керек?

Өз жерімізді қауіп-қатерлер мен сынақтарға толы күрделі әлемде қалай сақтаймыз?

Бізде не өзіміздің валютамыз, не стратегиялық қорларымыз, не өзіміздің жалаңаш қалған ше­кара­ларымызды қорғайтын әске­рі­міз болған жоқ.

Бүгінде осының барлығы бұдан бар-жоғы 20 жыл бұрын ғана болғанын елестету қиын. Сол жылдары мен үшін күн тәртібінде экономика және тек қана экономика тұрды.

Адамдардың қанағат тұтар қарапайым өмір деңгейін қам­та­масыз ету үшін қаржы табу басты мәселе болды.

Ашығын айтқанда, сол тұста әңгіме кәдімгі жан сақтау туралы болды.

Кеңес Одағының қирауы үде­мелі тығырық пен түңілушілікке алып келді.

Оған тек әл-ауқатты жоға­ры­ла­туды, демек, экономикалық өсім мен осы мақсат төңірегінде тұ­тасуды ғана қарсы қоюға бо­латын еді.

Нақ халық сенімі, Ота­ны­мыздың болашағына деген ха­лықтың терең сенімі бізге барлық қиындықтарға қарсы жүруге күш берді.

Сөйтіп, біз экономикалық кол­лапсты еңсеріп, жаһандық қазіргі әлемге интеграцияланған тиімді экономика құрдық.

Біз қуатты әлеуметтік бағдар­лан­ған дағдарысқа қарсы шара­ларымыздың арқасында енді ғана болып өткен аса ауыр жаһандық дағдарыстан кейінгі әлемдік қар­жы және экономикалық дағдарыс қатерлеріне қарсы тұра білдік.

Және бұл көптеген мемлекеттер өздерінің әлеуметтік міндеттемелерін тоқтатқан немесе қысқартқан кезеңде болды.

Біз үдемелі индус­трия­лық және инновациялық да­муға басым­дық бердік.

Бүкіл Қазақстан бойынша жаңа өндірістер және жаңа жұ­мыс орындары құрылды.

Бүгінде біз әлем­дегі барынша дамыған бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру жөніндегі белгіленген мақ­сатқа сенімді түрде қадам басып келеміз.

Бірқатар көрсеткіштер бой­ын­ша біз қазірдің өзінде әлем елде­рінің алғашқы елулігіне ендік.

Мәселен, халықаралық резервтер деңгейі бойынша.

Ұлттық қормен бірге, олар 69 миллиард АҚШ долларына жетті.

Біз кәсіпкерлік табына қолдау көрсетіп, оны экономиканы да­мы­тудың нақты және тиімді қатысушысына айналдырдық.

Біз 2020 жылға қарай шағын және орта бизнес үлесі ел ІЖӨ-сінің кем дегенде 40 пайызын құрайтын болады деп есептейміз.

Бүгінде бізде бәсекеге қабі­лет­тіліктің, кәсіпкерліктің және еңбек өнімділігінің өсімі үшін барлық алғышарттар бар.

Біз «халықтық капитализм» негізін құру жолында ілгері басып келеміз.

Бұл үдерістің бірінші кезеңі «халықтық ІРО» болады.

Олар активтерді жоғары сапа­лы жекешелендіру үдерісінің бас­тауына жол салады.

Бұл орта таптың перспек­ти­валарын жақсартып, оның елді одан әрі дамытуға деген қызы­ғу­шылығын жоғарылатады.

Біз жаңа тікелей және портфельді шетелдік инвестиция­лар­ды тарту үшін ашық экономика саясатын дамытудамыз.

Біз шетелдік және жергілікті инвесторларға индустриялан­ды­ру­ға қатысу үшін теңдей жағдай жасау ниетіндеміз.

Бүгінде біз дағдарыстан кейінгі экономикалық өсімнің 7 пайызын қамтамасыз етіп, әлеу­меттік даму мен қазақ­стан­дық­тардың өмір сапасын жоғары­ла­туға шешімді бетбұрыс жасадық.

Біз білім беруді қазақ­стан­дық­тардың бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы ретінде дамы­тудамыз.

Бізде қағидатты жаңа үлгідегі мек­тептер желісі – Ин­тел­лектуалдық мектептер құрылуда.

Біз Астанада Халықаралық университет – әлемдегі жетекші ғылыми-білім беру орталық­тары­ның профессорлары жұмыс істейтін тамаша ғылым орталығын аштық.

Біз денсаулық сақтау жүйесін ХХІ ғасырдағы халықаралық стандарттарға бейімдей отырып жетілдірудеміз.

Өткен жылдың қорытынды­лары бойынша жан басына шақ­қандағы ІЖӨ деңгейі 9 мың АҚШ долларына жетті.

Біз қоршаған ортаны қорғауға ерекше назар аударып келеміз.

Елдің кіндігінде Еуразияның інжу-маржанына айналған жаңа елорда салынды.

Астана ұлттық рухымыздың тереңіне бойлап, кеңдігіне құлаш ұрды.

Барлық қазақстандықтар үшін ол жаңарудың, халықтың өз кү­ші­не сенімінің, алған асулары­мыз үшін мақтанышымыздың символына айналды.

Мен елімізді қашанда қазіргі заманғы және қуатты мемлекет, алдыңғы қатарлы державалардың теңдей әріптесі көрдім.

Сондықтан біз ашық экономи­ка­лы және демократиялы саяси жүйедегі Қазақстанды құ­руда­мыз.

Біздің реформалардың ырғақ­тылығы демократия жүздеген жылдар бойы жетілген кез келген дамыған мемлекеттерге қараған­да анағұрлым жоғары.

Біз қоғамды одан әрі демо­кратияландыру жұмыстарын жал­ғастыратын боламыз.

Біз Парламенттің өкілеттігі мен Үкіметтің жауапкершілігін ұлғайту, сайлау үдерісін жетілдіру жөнінен неғұрлым оңтайлы шешімдер табуға тиіспіз.

Билікті орталықсыздандыру және өкілеттіктерді өңірлерге беру жөнінен безбенделген шешімдер табу қажет.

Біздің саяси мәдениетті да­мытуымыз керек.

Өткен президент сайлауында алғаш рет «қара пиар» болған жоқ.

Ол қатаң шиеленістерсіз, тыныш жағдайда өтті.

Ол барлық алдағы сайлау нау­қандары үшін үлгі болуға тиіс.

Тек сондай жағдайда ғана бізде шынайы демократия мен ық­палды көппартиялылық дамитын болады.

Біз жауапкершілікті және еркін БАҚ-тар жүйесін дамытатын боламыз.

Менің міндетім – баршаның заң алдындағы тепе-теңдігін қам­тамасыз ету.

Мен сот жүйесінің тиімділігін одан әрі қамтамасыз ету жөнінен жаңа қадамдарға бармақ ойдамын.

Біздің ортақ міндетіміз – сыбайлас жемқорлыққа қарсы бітімсіз күресті жалғастыру.

Біз сыбайлас жемқорлықты жою жөніндегі шараларды тек қылмыстық қудалау арқылы ғана емес, сонымен бірге заңдардағы құқықтық саңылауларды жою арқылы да күшейтетін боламыз.

Біз жеке және заңды тұлға­лардың құқықтары мен меншігін тиісінше қорғауды қамтамасыз етеміз.

Осы және өзге де реформалар таяу онжылдықта Қазақстанның экономикадағы да, халықтың әл-ауқатын арттырудағы да сенімді табыстарды қамтамасыз етеді.

Бүгінде Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың жауапты қатысушысына айналды.

Біз Семей сынақ полигонын жаптық, ядролық қарудан батыл түрде бас тарттық.

Біз бүгінде жаһандық анти­ядро­лық қозғалыстың алғашқы қатарында келеміз.

Біз өзіміздің көршілерімізбен, одақтастарымызбен және әріп­тес­­терімізбен АӨСШК, ШЫҰ, ҰҚШҰ сияқты өңірлік қауіпсіздік пен қызметтестіктің жаңа тетіктерін құрдық.

Өткен жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мен ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммиті табыс­ты өтті.

Әлемде осындай қысқа мерзімде осынша табыстарға қол жеткізген басқа ел жоқ!

Мен біздің Тәуелсіздігіміздің елең-алаңында осыдан 20 жыл бұрын алға қойған мақсаттар мен міндеттер орындалды және асыра орындалды деп мақтанышпен айта аламын.

Мен жаңа Ұлттың және әлем халықтарының отбасына лайық­ты енген біздің Қазақстан сияқты ұлы елдің Көшбасшысы болудың аса зор құрметінің маған тигені үшін тағдырыма ризамын!

Қымбатты достар!

20 жылда біз елді өзгерттік, қазақстандықтардың өмірін жақ­сарт­тық.

Бірақ әлем бір орында тұрып қалған жоқ.

Елдер мен халықтардың ал­дында жаңа, бұрынғыдан да гөрі күрделі сынақтар бой көтеріп отыр.

Төрт тағдыршешті ұғым ХХІ ғасырдағы Қазақстан табысының кілті болып табылады.

Олар ЖАҢҒЫРУ, ХАЛЫҚ­ТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫ, ИННОВАЦИЯЛАР, ИНТЕГРАЦИЯ.

Менің сайлауалды бағдарла­мам­ның мағынасы мен елді 2020 жылға дейін дамытудың Стра­тегиялық жоспарының мәні де дәл осында.

Жаңғыру – менің мемлекеттік саясатымның басты өзегі.

Халықтың әл-ауқаты – ел дамуының негізгі шарты.

Инновациялар мен ғылыми жаңалықтар ХХІ ғасырда Бола­шақ­қа деген секірісті айқын­дайтын болады.

Қазақстан батыл инновациялар өмірге жолдама алып, ғы­лы­ми зертханалар мен қазіргі за­ман­ғы өндірістерде тән мен қанға ие болатын елге айналуы тиіс.

Ол үшін біздің бүгіннен-ақ «жүз абсолютті инновация­лар­ды» іздеуге кірісуіміз қажет.

Үкіметтің, барлық министр­лік­тер мен ведомстволардың, өңір­лердің алдына осындай міндет қойылды.

Біз олардан неғұрлым перс­пек­тивалы он жобаны іріктеп алып, оларды таяудағы он жылда жүзеге асыруға назар аударатын боламыз.

Осының бәрі Қазақстанның қуатты алға жылжуы үшін тірек болуға тиіс.

Бұл елдің дамуын айқындай­тын ұлттық инновациялық тапты қалыптастырудың кілті.

Үшінші онжылдықтың басы­на таман біз Қазақстанның әлем­дегі индустриялық дамыған ел­дер­дің қатарына қосылуы үшін барлық жағдайларды жасайтын боламыз.

Осы арқылы біз тарихи «Қа­зақстан-2030» Стратегиясын сал­танатты түрде аяқтаймыз.

Біз одан арғы онжылдықтарға, біздің балаларымыз бен немерелеріміз орындайтындай және біз­дің олар үшін осындай қуатты ба­за­ны құрғанымызды еске түсі­ре­тіндей, бұрынғыдан да гөрі асқақ жоспарларды әзірлеуге кірісеміз.

Интеграция мен бүкіл әлемге ашықтық – біздің саналы таң­дауымыз.

Ресеймен және Беларусьпен бірлесіп, біз Кеден одағын дамы­тамыз, таяу жылдарда Еур­азия­лық экономикалық одақты қа­лып­тастыру үшін жұмыс істейміз.

Біз Қытай Халық Респуб­ли­касымен өзара тиімді қыз­меттестікті кеңейтуге ниеттіміз.

Қазақстан Америка Құрама Штаттарымен және Еуропа Одағы елдерімен стратегиялық әріптес­тікті нығайтуды көздейді.

Біз өзіміздің орталықазиялық көршілерімізбен және түркі елдерімен неғұрлым тығыз өзара ынтымақтастықта боламыз.

Қазақстанның биылғы Ислам Конференциясы Ұйымына төр­аға­лығы аясында біз мұсылман әлемімен ықпалдас­тық­ты кеңейте түспек ниеттеміз.

Орталық Азиядағы қауіпсіздік жүйесінің тиімділігін арттыру Қа­зақстанның ЕҚЫҰ, АӨСШК, ШЫҰ және ҰҚШҰ қызметіне белсенді қатысуымен, сондай-ақ НАТО-мен әріптестікті кеңейту­мен байланысты.

Қымбатты достар!

Мен Қазақстан ұлтының тұ­рақ­тылық пен өркендеу жолын табысты жалғастыратынына сенемін.

Біздің болашақ жеңістері­міз­дің ұлттың ары мен ожданын құ­рап, еліміздің қуатын арттыра­ты­нына сенімім мол. Бүгінде Қа­зақ­стан өз алдына жоғары мақсаттар қойып, оларға қол жеткізуге қабі­летті, өршілдігі күшті мақсаткер ел.

Біз оны дәлелдедік.

Біз оны тағы да дәлелдейміз.

Мен Қазақстан халқына сенемін, еліме сенемін!

Құрметті халайық, қадірменді қонақтар!

Ықылас білдірген ардақты әлеумет!

Халқымызда «Көп тілегі – киелі, жұрттың сөзі – уәлі» деген дана сөз бар.

Мен жаңа ғана Қазақстан Президенті ретінде ата-бабала­ры­­мыздан қалған ақ киіздің үс­тін­де тұрып,  салтанатты түрде ант бердім.

Менің айнымас антым – ама­натқа адалдықтың, сенімге серт­тің белгісі!

Ақжүрек жұртымның қалтқы­сыз сенімі қашанда маған орасан зор жауапкершілік жүгін міндеттейді.

Мен үшін ел үмітін ақтаған­нан, жұрт сенімін сақтағаннан асқан бақыт жоқ.

Менің сайлаудағы бүгінгі же­ңісім – халқымның ынтымақ-бірлігінің мәуелі жемісі.

Халқымның қолдауы маған сарқылмас күш-жігер береді.

Біздің бағдарымыз – айқын, ендеше, болашағымыз – жарқын!

Біз кемел келешегіміздің берік іргесін бірге қалаймыз!

Баршаңыз білесіздер, біз тәуел­сіздік жылдарында бар игілікті істі жарқын болашақ үшін жасаудамыз.

Сондықтан сайлауда болаша­ғы­мыз – жастардың белсенді түрде маған дауыс бергені мені ерекше тебірентеді.

Таяуда мен Нарғыз Иманғазы деген астаналық бүлдіршін ақын қыздың жыр жолдарын тыңда­дым.

Онда былай деп жазылған:

Тәуелсіздік, атың қандай киелі!

Сені қорғау – әр қазақтың парызы,

Әр қазақтың сен деп соғар жүрегі!

Тәуелсіздік – қандай ғажап бұл ұғым!

Осындай тәуелсіздіктің қаді­рін жете сезінетін отаншыл, мемлекетшіл жастардың өсіп келе жатқаны мені қуанышқа бөлейді.

Біздің тамырын тереңге тарт­қан мәңгілік ұлы мұратымыз бар:

Ол – тәуелсіздікті көздің қа­рашығындай сақтап, елдігімізді тұғырлы, мемлекетімізді ғұмыр­лы ету!

Елімді төрткүл дүниеде терезесі тең еңселі жұртқа, абыройы асқан айбынды елге айналдыру – менің өмірлік өршіл мұратым.

Сондықтан, мен күш-қуатым барда, тәжірибем барда тілегі бір елдің тірегі болып қызмет ете беруге қашанда дайынмын.

Әрбір қазақстандықтарға, әр отбасыға, әрқайсыларыңызға шын жүрегіммен құрмет, ақ ниетіммен зор денсаулық тілеймін. Ел-жұр­тымыз аман болсын, әр жанұяда бақыт пен береке орнықсын.

Баршаңызға зор рақметімді айтамын!

Маған көрсетілген қанат бітіретін осындай сенім үшін қазақ­стандықтарға зор адами алғы­сымды айтқым келеді. Әрине, мен күш-жігерімді аямай жұмыс істейтін боламын. Мен барша­ңызға мық­ты денсаулық, барлық игіліктерді, тыныштық, отбасын­дағы сәт­ті­лікті, достықты, біздің көп­ұлт­ты елімізде бітім мен тұ­рақ­ты­лық тілеймін. Жақсы­лықтар мол болсын, қымбатты отандастар!

«Егемен Қазақстан»,

9 сәуір 2011 ж.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button