Билік

Ескі һәм жаңа Премьер қызметіне кірісті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының алдында ант қабылдап, президенттік қызметіне ресми кіріскеннен кейін Үкіметтің шұғыл отырысы өтіп, ҚР Конституциясының 70-бабының 1-тармағына сәйкес Кәрім Мәсімов басқарған Қазақстанның жетінші Үкіметі жаңадан сайланған Президент алдында өз өкілеттігін доғарған болатын.

Осы күні, яғни 8 сәуір күні түстен кейін жаңа мерзімдегі президенттік қызметіне кіріскен ҚР Президенті Н.Назарбаев ҚР Үкіметінің жаңа құрамы бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқарсын деген Жарлыққа қол қойды. Елбасы ҚР Премьер-Министрі лауазымына К.Мәсімовтың кандидатурасын ұсынды.

«Қазақстан Республикасы Заңдарына сәйкес президенттік сайлау өткеннен кейін Үкімет өз өкілеттігін тоқтатады. Бұдан кейін Мәжіліс жаңа Үкімет басшысына келісім береді. Бұдан әрі Премьер-Министрге Үкіметтің құрамын ұсынуға тапсырма беріледі. Сол конституциялық қағиданы орындау мақсатында сіздердің алдарыңызға келіп тұрмын», — деді Елбасы өз сөзінде.

Осыдан кейін жетінші Үкіметтің дағдарысқа қарсы тосқауыл қойып, индустриялық-әлеуметтік бағдарламаларды қолға алғанын атап өте келе Елбасы: «Осының барлығын ойлана келе мен Кәрім Қажымқанұлы Мәсімовті Үкімет басшысы қызметіне қайтадан тағайындауға сіздерден рұқсат сұраймын», —  деді.

Осыдан кейін сөз алған бірқатар депутаттар К.Мәсімовтің кандидатурасын қолдайтындықтарын білдірді. Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов К.Мәсімовті ҚР Премьер-Министрі деп тағайындауға келісім берілсін деген қаулының жобасын дауысқа қойды. Жалпы отырысқа қатысып отырған 104 депутаттың барлығы Кәрім Мәсімовті Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі етіп тағайындауды жақтап, бірауыздан дауыс берді.

Осыдан кейін Мемлекет басшысы ҚР Премьер-Министрі лауазымына К. Мәсімовті тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

Қызметіне қайта кіріскен Премьер-Министр Елбасының ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде биыл Қазақстан халқына Жолдауында, «Нұр Отан» партиясының съезінде берген тапсырмаларға сәйкес Үкімет қабылдаған құжаттар мен бағдарламалардың орындалатындығын баса айтты. «Президент мені қайтадан Үкімет басшысы лауазымына тағайындады. Мен үшін бұл — үлкен мәртебе. 2007 жылдың қаңтар айында мен алғаш рет Премьер-Министр болып тағайындалдым. Сонда мен өзімнің қандай лауазым иесі болсам да, Президенттің сенімді көмекшісі болатынымды айтқанмын. Мен бүгін осы сөзімді тағы қайталағым келіп отыр», — дей келе, Қазақстанның сегізінші Үкіметінің басшысы К.Мәсімов қазіргі уақыттағы Үкімет алдында тұрған басты міндет — жүктелген барлық тапсырмаларды жүзеге асыру екендігін тілге тиек етті.

Ал жаңа Үкіметтің мүшелерін тағайындау туралы мәселе келесі аптаның ішінде шешілетін болады: «Әрине, қазіргі уақытта кімді және қайда тағайындайды екен деген әңгіме жүруде. Келесі аптаның ішінде біз бұл мәселелерді шешеміз деп ойлаймын», — деді Президент. Мемлекет басшысы мемлекеттің алдында ауқымды міндеттер тұрғандығын, оны шешу үшін елдің ынтымағы мен бірлігі қажет екендігін қадап айтты. Президент елдің бірлігі мемлекеттік биліктің бірлігінен басталатындығын атап көрсетті. Сондықтан биліктің барлық тармағы өзара келісе отырып жұмыс істеулері тиіс екендігін баса айтты.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button