Басты жаңалықтарДенсаулық

Бір аптада 423 адам тіркелді

  • Брифинг

Тамыз айының басынан бері облыста 423 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған.

Оның ішінде 7 тамызда 28 жаңа жағдай тіркелді. Індеттің ең көп тіркелген жері — Ақтөбе қаласы. Нақты айтқанда, осы науқастардың жартысынан көбі Ақтөбеден анықталған. Сондай-ақ  Алға, Мәртөк, Мұғалжар және Ойыл аудандарынан да коронавирус індетін жұқтырғандар тіркелді. Мұның ішінде Мәртөк ауданынан 6 адамның індет жұқтырғаны анықталып отыр.

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде коронавирус инфекциясының таралуы жөнінде баяндалды. Брифингке облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің директоры Райхан Қойшанова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров қатысты.

Райхан Қойшанованың айтуынша, соңғы аптада, алдыңғы аптамен салыстырғанда, аурудың таралу қарқыны 1,8 есеге өскен. Сөйтіп, бір аптаның ішінде ғана 400-ден астам жағдай тіркелген. Осы індетті жұқтырғандардың 80 пайызы — Ақтөбе қаласының тұрғындары.

Ауырғандардың басым бөлігі — жергілікті тұрғындар. Мамандар індеттің, негізінен, вакцина алмаған тұрғындар арасынан анықталып отырғанын айтты.

Жалпы пандемия басталғалы бергі уақыттың ішінде облыста 44 768 адам осы індетпен тіркеліп, олардың 97,4 пайызы жазылып шыққан.

Биылғы жылға келсек, жыл басынан бері барлығы 9809 жағдай тіркелген, оның ішінде қаңтар айында ең көп, яғни 7462 адамның індет жұқтырғаны анықталды. Ал сәуір-маусым айларында 3-4 жағдайдан ғана тіркеліп, індет ұмытылуға айналған еді. Дегенмен шілде айының соңынан бастап коронавирус індетін жұқтырғандар қатары қайтадан күрт көбейді. Қазір 390 науқас үй карантинінде отыр.

Сондай-ақ облыста 435, 9 мың адам толықтай вакцина алған. Ал 227, 5 мың адам ревакцинациядан өткен.

Мамандар көпшілікті індетке қарсы вакцина алуға, ал вакцина алған адамдарды алты айдан кейін ревакцинация жасатуға шақырды. Сонымен бірге көпшілік ортада бетперде киіп, сақтық шараларын ұмытпау керектігін ескертті.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button