Басты жаңалықтарМереке

Ұшқыштың ерлік жолы ұлықталған күн

  • Талғат Бигелдинов-100

Өнер орталығының концерт залында облыс әкімі аппаратының қолдауымен Кеңес Одағының екі мәрте батыры, даңқты ұшқыш Талғат Бигелдиновтің 100 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. 

Шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Әскери әуе күштерінің қолбасшысы, авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов, Қазақстанның Қарулы күштері ардагерлер кеңесінің Ақтөбе облысы бойынша төрағасы, запастағы полковник Қажымұқан Сәтенов, Әуе қорғанысы күштерінің офицерлері мен ардагерлері, жас жауынгерлер қатысты.

— Екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерлік көрсетіп, тарихта есімдері алтын әріптермен жазылған батырларымыз жетерлік. Мәселен, Мәскеу түбінде шайқасқан Бауыржан Момышұлы, Украина ормандарында партизандық тапсырмаларды орындаған Қасым Қайсенов, Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев секілді жауынгер батырлардың қазақ жерінен шыққаны біз үшін үлкен мақтаныш. Ерлердің есімі ел есінде мәңгі сақталмақ.

Солардың арасында көк аспанның қыраны Талғат Бигелдинов — көзі тірісінде аты аңызға айналған, 23 жасында Кеңес Одағының батыры атағын екі мәрте иеленген жалғыз қазақ. Ал даңқты ұшқыштың ғасырлық мерейтойының біздің облыста атап өтілуі — біз үшін үлкен абырой. Батырды еске алуға арналған бүгінгі шаралар — марқұмның рухына тағзым, өскелең ұрпаққа өнеге, — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин. Одан соң бір топ әскери қызметшіге жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлестері үшін Алғыс хаттар табыстады.

Әскери әуе күштерінің қолбасшысы, авиация генерал майоры Дәурен Қосанов, Қазақстанның Қарулы күштері ардагерлер кеңесінің Ақтөбе облысы бойынша төрағасы, запастағы полковник Қажымұқан Сәтенов ұшқыш-батырдың ерлік жолы туралы баяндады.

Шара барысында көрермен назарына Талғат Бигелдинов туралы «Қыран текті» деректі фильмі ұсынылып, оның соңы Әскери институт пен Ақтөбе гарнизонының көркемөнерпаздар ұжымының концертіне ұласты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button