Басты жаңалықтарМереке

Әскери институт ғасырлық мерейтойды атап өтті

  • Талғат Бигелдинов-100

Кеше, 5 тамызда қазақтан шыққан даңқты ұшқыш,  авиация генерал-майоры, екі мәрте Кеңестер Одағының батыры Талғат Бигелдиновтың туғанына 100 жыл толды. Ғасырлық мерейтойды батырдың есімін иеленген Әуе қорғаныс күштері әскери институты атап өтті.

Салтанатты шараға қатысқан әскери оқу орнының қолбасшылығы, курсанттар, Қарулы күштердің ардагерлері мен облыстық, қалалық әкімдіктің өкілдері әуелі аты аңызға айналған ұшқыштың бюстіне гүл шоқтарын қойды.

Талғат Бигелдиновтың тағдыры — қайтпас қайсарлықтың, ержүректік пен батылдықтың, кәсібилік пен Отанға деген махаббаттың үлгісі. Сұрапыл соғыс жылдарында ол «Ил-2» ұшағында 305 жауынгерлік ұшуды жүзеге асырған. Бұл — әуеде өткізген 500 сағат. Ерлігі үшін «Ленин», «Қызыл Ту», «Александр Невский», «Қызыл жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Даңқ», І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен наградталып, екі мәрте Кеңес Одағының батыры атағын алған, — деді Әуе Қорғаныс күштері әскери институтының басшысы авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов. Шара барысында қазақ ғарышкері, Парламент Сенатының депутаты Талғат Мұсабаевтың құттықтау хаты оқылып, облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, Қазақстанның Қарулы күштері ардагерлер кеңесінің облыстық филиалының төрағасы, полковник Қажымұқан Сәтенов сөз сөйледі. Бір топ азаматқа Талғат Бигелдиновтің 100 жылдығына арналған мерекелік медаль табысталды.

Шараға қатысушылар әскери институт аумағында орналасқан мұражайдың ашылу салтанатына қатысты. Батыр атындағы мұражай — осы оқу орнын 2002 жылы бітірген түлектердің тартуы.

— Бұрын бұл ғимарат бос тұрды. Сосын 2002 жылы бітірген түлектер болып, батыр атында мұражай ашу туралы бастама көтеріп, оны жігіттер қолдап, іліп әкетті. Қаражат жинап, ғимаратты жөндедік, сосын ішіне сөрелер орнатып, мұражайды жасақтадық. Бигелдиновтер отбасының жеке мұрағатынан алынған сирек кездесетін фотосуреттер, батырдың өмірі мен ерлігі туралы баяндайтын газеттер, басқа да экспонаттар қойылды. Ұшқыштардың қазіргі заманғы киімдері, түрлі ұшақтың шағын үлгілерін де көруге болады. Бүгін мұражай қоры 2002 жылғы түлектердің атынан берілген «Боинг» ұшағының шағын үлгісімен толықты, — деді 2002 жылғы түлектер атынан сөз сөйлеген ұшқыш подполковник Мұрат Жәкішев.

Жаңадан ашылған мұражай қоры әлі де толықтырылып, ақтөбеліктер мен Орталық Азиядағы жалғыз әскери ұшу институтының курсанттарының бір мәдени ошағына айналмақ.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button