Әлеумет

Табыс таппаса, салық төлей ме?

  • Редакцияга хат                                                          Байланыс телефоны: 8-7132-55-11-11.

Сұрақ:

Мен түрлі той жабдықтарын жасап сату үшін, жеке кәсіпкер ретінде іс бастағым келеді. Алайда ісім алға жүре ме, тапсырыс берушілер бола ма, жоқ па — ол жағы белгісіз. Сондықтан, заңды тіркеліп, бірақ табыс таппаған жағдайда, салық төлеу жағы қалай болар екен деп уайымдаймын.

А.Қали,
Қандағаш қаласының тұрғыны.

Редакциядан:

Оқырман сауалына облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қолдау орталығының менеджер-кеңесшісі Динара Смамутова жауап береді:

— Өз ісін бастау үшін, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген адамдар кейде ол кәсіпті мүлде бастамауы да немесе аз уақыттан кейін шұғылданбай кетуі де мүмкін. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу сізді кәсіпкерлік қызметті жүргізіп отыруға міндеттемейді. Алайда декларация табыстау, салық пен басқа да төлемдерді төлеу міндеті сақталады. Егер жеке кәсіпкерлік жұмыс істемей, яғни табыс таппай тұрса, онда салынатын салық мөлшері 0-ге (нөлге) тең болады. Ондай салық төленбейді. Алайда мұндай жағдайда да, декларация тапсырылады. Әдетте ондай декларацияны нөлдік декларация деп атайды. Сонымен қатар жеке кәсіпкерліктің қызметінің жүріп не жүрмей тұрғанына қарамастан, зейнетақы қорына және міндетті медициналық сақтандыру қорына ай сайын 4,2 мың теңге көлемінде (мұндай төлемнен босатылған азаматтардың категориясына енбеген жағдайда) төлем төлеу де қажет.

Жалпы кәсіпкерлік қызметті жүргізуге қатысты сауалдар бойынша: 8 (7132) 74-46-07 нөмірі арқылы облыстық кәсіпкерлер палатасына хабарласуыңызға болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button