Жаңалықтар

Сақтансаң, сақтайды…

  • Ойтүрткі

 

 

 

 

Данагүл ҚАЗИХАН,
«Ақтөбе»

 

Облыста жолдың «жыры» бітпей тұр. Олай дейтініміз, жол жөндеуге жыл сайын қаншама миллиардтаған қаржы бөлініп жатса да, бүгінге дейін тақтайдай тегіс жолды көргеніміз жоқ. «Баяғы жартас — бір жартас» дегендей, жолға жауапты мекемелер әлі де бұл мәселені түбегейлі шешуге қауқарсыз. Алайда оның зардабын халық тартып отыр.

Жуырда облыстық полиция департаментінің бастығы журналистерге брифинг өткізіп, биыл жыл басынан бері облыс аумағында жол-көлік оқиғалары көбейгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, 7 айдың ішінде өңірде 300-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол апаттарының салдарынан 60-қа жуық адам қайтыс болған. Олардың арасында кішкентай балалар мен нәрестелер де бар.

Қазір жаз айында адамдар жиі жолға шығады. Бірі баратын жеріне тез жеткісі келіп, жылдамдықты көбейтсе, енді бірі қарсы жолға шығып жатады. Кейде оның ақыры жақсылыққа апармайды. Әрине, кім де болса, өлімге асықпасы анық. Дегенмен жүргізушілердің асығыстығы пен жауапкершілігінің аздығынан бүгінде қаншама адам көз жұмып, талай отбасылар қан жұтып отыр. Мәселен, өткен аптаның аяғында ғана Самара-Шымкент тас жолы бойында болған жол апаты салдарынан алты адам көз жұмды. Айтып келген ажал емес, адамдардың кесірінен болған жантүршігерлік оқиға. Қаза тапқандардың арасында ерлі-зайыптылар бар екен. Олардың артында жылап балалары қалды…

«Көлденеңнен сақта» дейді қазақ. Өрімдей жастардың өмірден жол үстінде кетіп жатқаны қай-қайсымызды да ойландырмай қоймайды. Сонда бұған кінәлі кім? Жол ережесін өрескел бұзатын көлік жүргізушілері ме, әлде сапасыз жол ма?

Жоғарыда атап өткендей, облыстық полиция департаментінің бастығы соңғы жылдары облысымызда шетелдік есепте тұрған көліктердің саны көбейгенін, олардың көбінің техникалық жағдайы сын көтермейтінін атап өтті. Соның салдарынан биылғы жылдың өзінде өңірде 50-ден астам жол апаты болған. Одан бөлек, бүгінде облыстық, республикалық маңызы бар автокөлік жолдарының жағдайы жақсы емес. Жолдар тар, ой-шұңқыры көп, жол белгілері алыстан дұрыс көрінбейді. Бір сөзбен айтқанда, жол апатының алдын алуда кемшіліктер де, олқылықтар да жетерлік. Алайда сол олқылықтардың орнын толтыру үшін жауапты тұлғалар тиісті дәрежеде жұмыс істемейді.

Мынаны қараңыз, жол сапасы жағынан әлемде алдыңғы орында тұрған Ұлыбританияда жол апаты аз тіркеледі екен. Сондай-ақ бұл елде жаяу жүргіншілерді қағып кету оқиғасы 40 жылда 78 пайызға азайған. Бұл елде көлік тізгінінде отырып, шылым шегуге, тамақ ішуге болмайды, ұялы телефон ұстауға тыйым салынған. Міне, үлгі аларлық деректер. Егер біздің елімізде де көлік жүргізушілеріне дәл осындай талап қойылса, жол ережесін бұзғандарға жаза қатаңдатылса, қайғылы оқиғалар саны азайған болар еді.

Соңғы айларда облысымызда жол апатынан бөлек суға кету деректері де көбейіп отыр. Қапыда балаларынан немесе бауырынан айырылып  қалып жатқандар бар. Мысалы, соңғы екі айда өңірде онға жуық адам суға кетті. Сондықтан біз барша тұрғындарды, оның ішінде газет оқырмандарын, жол жүргенде немесе суға шомылғанда қауіпсіздік ережелерін сақтауға, барынша сақ болуға шақырамыз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button