Басты жаңалықтарМәселе

Жеміс-жидектің дәмі балдай, бағасы удай

Әне-міне дегенше, тамыз айы да келді. Бұл уақыт — жеміс-жидек пен көкөністің нағыз піскен шағы. Алайда соған қарамастан, қазір қала халқы арзан жеміс-жидекке әлі қол жеткізе алмай отыр…

Өңірде өсетін өнім аз

Тамыз айы болса да қаламыздағы сауда орындарында көкөністің де, жеміс-жидектің де бағасы қымбат. Пандемияның салдарынан, тіпті шетелдерден келетін жеміс-жидектің  бағасы биыл едәуір көтерілген. Біз бағаны бағамдау үшін сөрелері жеміс-жидек пен көкөніске толы Орталық базарда орналасқан «Апельсин» павильонын аралап шыққан едік. Мұнда қазір өрік — 450, алма — 450-500, алмұрт — 950, жүзім — 900-1000, шабдалы — 850, шие — 800, таңқурай — 2500, алхоры — 450, нектарин — 750, қызанақ — 250-280, қияр 200-250 теңгеден сатылып жатыр.
Біз бұл көкөніс, жеміс-жидектердің барлығын қала сыртындағы 41-разъездегі көтерме базардан алып келеміз. Көп болса, сатып отырған өнімімізге 30-40 теңге қосамыз. Соңғы екі-үш жылда шетелдерден бізге келетін жеміс-жидектің бағасы едәуір көтерілді. Пандемия кезінде апталап күткен кезіміз де болды. Биыл өнімнің қай түрі де қымбат бағаға келіп жатыр. Тек Қазақстанның оңтүстік өңірінен келетін өрік, алма сияқты жеміс-жидек болмаса, басқасының бағасы қымбат. Бізге көтерме базардың саудагерлері тауарларды кедендік төлемдерін, тасыған еңбектерін, басқа да шығындарының орнын толтыру үшін қымбатқа сатады, — дейді «Апельсин» павильонының сатушысы Гүлнәр Таңатарова.
Оның айтуынша, бүгінде Ақтөбеге ананас, нектарин, жүзім, мандарин, апельсин, банан, т.б жеміс-жидек түрлері Иран, Эквадор, Түрікменстан, Өзбекстан мемлекеттерінен әкелінеді. Біздің облысымызда қарбыз, қауыннан басқа ешқандай жеміс-жидек өспейді. Ал Орталық базарда «жергілікті өнім» деп сатылып жатқан қызанақ пен қияр жылыжайларда өсіріледі екен.
Сатушылардың айтуынша, Ақтөбенің биылғы қарбыз-қауыны әлі піспеген. Тамыз айының ортасынан ауған соң ғана келуі мүмкін. Қазір көп жерде Қызылорда облысының өнімдері сатылып жатыр.
Қауын-қарбыздың бағасына келсек, Орталық базар алдында қауынның бір келісі 500, қарбыздың бір келісі 120-130 теңге тұрады. Қаланың орталығындағы «Алтай» базарында баға сәл қымбаттау. Мұнда қарбыздың келісі 150, қауынның келісі 550 теңгеге сатылуда. «Анвар», «Дина» сауда желілерінде де баға дәл осындай.
— Шілде айына дейін қарбыз бен қауын Шымкенттен келді. Қазір Қызылорда облысының өнімдерін сатып жатырмыз. Күн сайын ертемен тұрып, 41-разъездегі көтерме базардан алып келеміз. Тұтынушылар арасында қарбыз-қауынның сапасына қатысты шағым айтып жатқандар жоқ. Дегенмен бағаға байланысты пікір айтатындар болады.
Биыл облыс аумағында жауын-шашын көп болды, сондықтан жергілікті өнімдер әлі піспей жатыр. Қыркүйекке жақын жергілікті өнімдер де сөреге түседі. Ол кезде көпшілік таласып сатып алады. Бағаға келсек, былтыр қарбыздың бір келісін 100 теңгеге саттық, биыл 20-30 теңгеге қымбаттап отыр. Ал қауынның бағасы былтырғымен бірдей. Қазір әңгелек, торпедо сияқты сорттарын сатып жатырмыз. Дәмі тіл үйіреді. Тұтынушылар риза, — дейді орталық базар сатушысы Жәмила Әбуқызы.
Ол осыдан он жыл бұрын Шымкент қаласынан көшіп келіпті. Содан бері осы жерде жыл сайын қарбыз-қауын сатады екен. Қазір оған екі ұлы көмектесіп жүр.
— Үш балам бар. Жазғы демалыста екі ұлым осылай саудаға көмектеседі. Тұрған алаңымызды жалға алып отырмыз, оған күн сайын мың теңге төлейміз. Сауда жайы жаман емес, тұрақты тұтынушыларымыз бар, — дейді Жәмила.

Баға мен сапа: кім жауапты?

Соңғы кезде әлеуметтік желілерде жеміс-жидек, көкөністің бағасы мен сапасына қатысты шағым айтушылар көбейген. Мысалы, қала тұрғыны Әсем Жарылғапованың үш баласы бар. Өзі бала күтімімен үйде отыр. Ал күйеуінің тапқан табысы тамағынан ауыспайды. Ай сайын ипотека да төлейді екен.
Жаз айында балаларға жеміс-жидек алып бергім келеді. Онымен ақшамыз біріне жетсе, біріне жетпейді. Бұрын қарбыздың келісі 80-90 теңге еді, қазір 140-150 теңге. Күн сайын мұндай ақшаға балаларыма қарбыз алып бере алмаймын. Басқасын айтпағанда, қарапайым алманың бағасы шарықтап тұр. Сонда болашақта қалай күн көреміз? — дейді ол.
Ал сауда саласында көп жылдан бері еңбек етіп жүрген Жәмила Әбуқызы елдегі қымбатшылыққа қатысты былай деп ойын білдірді:
— Жыл сайын қай нәрсенің де бағасы қымбаттап барады. Қазір азық-түліктің де, дәрі-дәрмектің де, құрылыс материалының да бағасы «ұшып» тұр. Негізі көп адам саудагерлерді кінәлайды, алайда оған біздің тікелей қатысымыз жоқ. Бізге көп тауар шетелдерден келеді, отандық өнімнің түрі аз. Болса да кәсіпкерлер бағаны асырып қояды. Ал өзге елден, не көрші облыстан әкелген тауардың үстіне біз аз ғана құн қосамыз. Құн қоспасақ болмайды, себебі өз шығынымызды өтеп, салық төлеп, оның үстіне аз да болса пайда көруіміз қажет. Сондықтан қымбатшылықтың бәріне саудагерлерді кінәлауға болмайды. Ал қарбыз-қауынның сапасына сын айтатындарды өзім түсінемін. Кейбір сатушылар көп өнім сатып алады да, өткізе алмайды. Олар сөреде көп уақыт тұрған соң бұзылады. Сондықтан өзім осындай қиындықтың алдын алу үшін өнімді аз-аздан әкелемін.
Ал Нұрым Сәтмағанбет күніне 50-60 дана қарбыз-қауын сататынын айтады. Таңертең әкелген өнімін кешке дейін сатып қайтуға тырысады. Себебі +30 градус ыстықта, әсіресе, қарбыз тез бұзылады екен.
Қарбыз — тез бұзылатын өнім, себебі оның 90 пайызы судан тұрады. Ал су ыстыққа шыдамсыз, сол себепті қарбыздың іші тез сарғайып кетеді. Қазір әлеуметтік желілерде «қарбыздың іші түсіп кеткен», «сатып алған қарбызымыз сарғайып кеткен» деген тәрізді арыз-шағым айтушылар көбейді. Оның басты себебі — осы. Сондықтан қарбыз-қауын сатып аларда оның тұрған жеріне, сақтаған орнына қарап алу керек, — дейді сатушы Нұрым.
Біз облыс орталығында сатылып жатқан жеміс-жидек, көкөністердің сапасын тексеру мақсатында қандай іс-шаралар жүргізілгені туралы Ақтөбе қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандарынан сұрап білдік.
Олардың айтуынша, басқарма биылғы алты ай ішінде қаладағы сауда желілерінде сатылып жатқан 16 өнімге сынама жүргізген.
Басқарма ай сайын қаламызда сатылып жатқан өнімдердің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізіп отырады. Осы орайда биылғы алты айда Ақтөбе қаласындағы сауда желілерде сатылып жатқан қауын, қарбыз, қызанақ, қияр, қырыққабат, тағы басқа да көкөніс, жеміс-жидек түріне сынама жүргіздік. Нәтижесінде қауынның құрамындағы нитрат нормасының 2-3 есеге артқаны байқалды. Осы дерекке сәйкес біз аталған өнімді сатқан кәсіпкерге ескерту жасап, өнімдерді сатпау туралы ұйғарым бердік.
Жалпы бүгінде өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттардың сәйкестігі туралы декларацияны қолдану не тоқтату жөніндегі шараларды техникалық реттеу және метрология департаменті қабылдайды. Ал бақша дақылдарындағы нитраттардың құрамын тек зертхана анықтай алады. Әзірге бұл мәселе бойынша департаментке тұрғындардан арыз-шағым түспеді, — дейді Ақтөбе қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің басшысы Лаура Жалғасбаева.
Басқарма мамандары тұрғындарға бау-бақша өнімдері мен жеміс-жидектерді азық-түлік дүкендері мен базарлардан, сондай-ақ сауда желілерінен ғана алуға кеңес береді. Себебі бұл сауда орындарында өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттары бар. Ал жол жиегі мен жабайы сауда орындарынан жеміс-жидек сатып алуға болмайды, олар өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік бермейді.
Ал Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің сектор меңгерушісі Жамбыл Шәріпұлының айтуынша, сауда орындарындағы жеміс-жидектің бағасы мен сапасын бақылау бөлімнің құзыретіне кірмейді. Себебі жеміс-жидек түрлері үкіметтің қаулысымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар тауарлар тобына жатпайды. Екіншіден, олар жаз айларында ғана науқандық түрде сатылады.
—  Статистика департаментінің жүргізген мониторингі бойынша өңірімізде әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік өнімінің ішінде 15-інің бағасы республикалық деңгейден төмен. Қазір облыста сәбіздің бағасы 7,3 пайызға, ақ орамжапырақтың бағасы 12,5 пайызға артып отыр. Алайда бұл маусымдық факторлардың әсерінен деп ойлаймын. Бүгінде қала аумағында 10 жұмыс тобы құрылды, олар бағаны реттеу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Егер бағаны негізсіз өсіргендер болса, тұрғындар бізге арыз-шағым түсіруге болады, — дейді ол.

Р.S. Дәрігерлер күніне кемінде 400 грамм жеміс-жидек жеуге кеңес береді. Себебі, ол ағзаға өте пайдалы. Ал жеміс-жидектің бағасы әлі де болса арзандамай отыр. Арзандайтынына да күмән көп…

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button