Басты жаңалықтарДенсаулық

«Омикроннан» қалай қорғанамыз?

  • Денсаулық

Қазіргі таңда әлемде коронавирустың «омикрон» штамының таралуы 95 пайызды көрсетіп отыр. Жалпы әлем бойынша пандемия басталғалы 572 239 451 адам індет жұқтырған. Соңғы деректерге сүйенсек, әлем елдерінің ішінде ауру жұқтырғандар саны бойынша АҚШ (89 803 788), Үндістан (43 979 730) және Бразилия
(33 704 393) алдыңғы орындарда тұр.

Негізгі вирустың таралуы

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетованың мәлімдеуінше, соңғы аптада әлемнің 92 елінде сырқаттанудың өсуі байқалған. Оның ішінде COVID-19 Әзербайжанда 115 пайызға, Жапонияда 70 пайызға, Польшада 63 пайызға, Ресейде 49 пайызға және Қытайда 36 пайызға артып отыр.
Бүгінде коронавирустың «омикрон» штамы әлемдегі негізгі вирус болып отыр және өршіп тұр. Оның таралу үлесі — зерттелген үлгілердің 95 пайызы. «Омикрон» штамының арасында BA.5 және BA.4 үлесі басым. Оның ішінде вирустың BA.5 түрі 100 елде анықталды, — деді ол.
Бас мемлекеттік санитар дәрігердің мәлімдеуінше, бір аптада барлық вирустың түрлерімен салыстырғанда вирустың BA.5 түрінің үлесі 54%-ға дейін өскен.
— Сонымен қатар ВА2.75 омикронының (кентарв) субнұсқасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бақылап отыр. Аталған субнұсқаны әлемнің 15 елі бақылауға алған, ол — барлық зерттелген үлгілердің 0,05 пайызы. Әзірге басқа нұсқалармен салыстырғанда осы мутацияның қандай дәрежесі аурудың таралуы мен ауырлығына әсер ететіні туралы дәлел жоқ, — деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі таңда мутацияға қатысты зерттеу жалғасып жатыр. Ал бұған дейін елімізде коронавирустың дельта, «омикрон», сондай-ақ стелс-омикрон штаммдары анықталған болатын.
Бұған дейін хабарланғандай, шілде айында коронавирустан үш қазақстандық көз жұмды.
Жалпы пандемия басталғалы елімізде 1 352 594 адам індет жұқтырды.
1 тамыздағы жағдай бойынша елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған 2414 адам анықталды. Олардың арасында ең көбі Нұр-Сұлтан (947) және Алматы (464) қалаларында тіркеліп отыр.
Ал облыста соңғы тәулікте 12 адам індет жұқтырған. Оның 8-інде ауру симптомдары бар болса, төртеуі — симптомсыз.

 

Қалай сақтану керек?

Өткен жылы пандемия кезінде адамдар індеттің алдын алу және одан сақтану туралы көп мәлімет алды. Бүгінде коронавирус инфекциясымен ауырғандар саны қайта көбейген тұста біз тұрғындарға төмендегі ережелерді қатаң сақтап, аурудан қорғануға кеңес береміз. 

  1. Қолды жиі жуып, антисептик қолдану

Жеке бас гигиенасын сақтау, қол мен бетті таза ұстау — коронавирустан қорғанудың ең дұрыс жолы. Әр жарты сағат сайын қолды 20 секунд жылы сумен жуып, антисептик қолдану керек. Қол астыңызда арнайы тазарту құралы болмаса кез келген дәріханадағы кәдімгі спирт те жарамды. Егер оған аллергияңыз болса, санитайзер қолданыңыз.

  1. Қолма-қол ақша ұстамау

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустан қорғану үшін қолма-қол ақша ұстамауға кеңес береді. Оның орнына жеке картаңыз не телефонмен сауда жасаңыз. Ғалымдардың айтуынша, COVID-19 қатты заттың бетінде бірнеше күн тіршілік етеді екен.

  1. 3. Телефонның экранын жиі тазалау

Смартфоныңыздың бетінде қолдарыңызға қарағанда жүз есе көп бактерия жиналады. Кейбіреуіміз, тіпті телефонымызды күні бойы қолымыздан тастамаймыз. Сол себепті телефонның экранын сағатына бір мәрте спиртті майлықпен тазалап тұру керек. 

  1. Адам көп жиналатын бұқаралық іс-шараларға бармау

Дәрігерлер адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға кеңес береді. Егер баруға мәжбүр болсаңыз, бетперде тағып, антисептик қолданғаныңыз абзал. 

  1. Автобустың орнына көбірек жаяу жүру

Қоғамдық көлікті жиі пайдаланбауға тырысыңыз. Оның орнына мүмкіндігінше жаяу жүрген абзал. Өйткені автобус — індеттің тез таралуына қолайлы орта.

  1. Балалар мен қарттарға көбірек көңіл болу

Балаларды қоғамдық орындарға, ойын алаңдарына жіберуді азайтып, жеке бас гигиенасын сақтау үйретіңіз. Ал дәрігерлер қарттарға үйден шықпауға кеңес береді. Дәріхана не дүкенге сауда жасау үшін жастарды жіберген абзал, өйткен үлкен кісілердің омикрон штамын жұқтыруы әлдеқайда оңай.

  1. Шетелге шығуды шегере тұру

Қазір коронавирус әлемнің көп елінде өршіп тұр. Сондықтан мамандар ауру жұқтырудың алдын алу мақсатында эпидемиологиялық жағдайы тұрақсыз елдерге бармауға шақырады.  

  1. Қол алыспау

Дәрігерлер өзге адаммен қол алыспауға және жақын тұрмауға кеңес береді. Көп елдерде ресми түрде қол алысуға тыйым салынған. Бұның бәрі коронавирус індетінің алдын алуға бағытталған.

  1. Медициналық бетпердені 20 минут сайын ауыстыру

Әлі күнге дейін медициналық бетперденің пайдасы туралы дау басылар емес. Біреулер оның коронавирустан қорғамайтынын айтса, екіншілері оны шешпеуге кеңес береді. Дегенмен медициналық бетпердені адам көп жиналатын жерлерде, қоғамдық орындар мен жабық кеңістікте киген жөн. Оған қоса 20 минут сайын ауыстырып тұрған дұрыс болады.

  1. Иммунитетті күшейту

COVID-19 иммунитеті әлсіз және созылмалы ауруы бар адамдарға көбірек жұғатыны белгілі. Оған қоса, темекі шегетін және алкогольді көп тұтатындардың коронавирусты жұқтыру қаупі жоғары. Сол үшін дәрігерлер дұрыс өмір салтын ұстанып, денешынықтырумен айналысуға кеңес береді. Ұйқыңызды реттеп, ақуызға бай, витамин құрамы жоғары тамақ тұтыну керек.

  1. Жалған ақпаратқа сенбеу

Пандемия басталғалы бері әлемде түрлі қауесет ақпарат көбейіп кетті. Сол себепті тек ресми жаңалықтарды тыңдап, қауесетке құлақ аспаған жөн.

  1. Вирусқа қарсы дәрілер көмектеспейді

Адамдар коронавирус жұқтырып алудан қорқып, бұған дейін вирусқа қарсы дәрілерді пайдаланғаны белгілі. Бірақ ғалымдар бұл дәрілердің COVID-19-тың «омикрон» штамына қауқары жетпейтінін айтады.

Интернет материалдары бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button