Басты жаңалықтарДенсаулық

Соңғы аптада екі есеге көбейді

  • Брифинг

Бейсенбіде 47 адамнан COVID-19 инфекциясы анықталды. Оның 36-сында ауру белгілері байқалса, 11-інде байқалмаған. Ақтөбе қаласында 28 адам КВИ жұқтырса, қалған науқастар Байғанин, Мәртөк, Мұғалжар, Ойыл, Хромтау, Алға, Темір аудандарында тіркелген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова айтты.

— Соңғы аптада ауру жұқтыру алдыңғымен салыстырғанда 2,2 есеге өсіп, 82-ден 186 жағдайға жетіп отыр. Олардың 80 пайызы — Ақтөбе қаласының тұрғындары. Ауырғандардың басым бөлігі вакцина алмаған. Қазіргі уақытта үй карантиніндегі 237 науқас медициналық бақылауда, — деді Райхан Қойшанова.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров та әріптесінің сөзін жалғастырып:

Бүгінгі күні Ақтөбе облысы бойынша 442 169 ​​адам КВИ-ға қарсы вакцинаның бірінші компонентімен, 435 179 адам екінші компонентімен егілді. 223 513 адам ревакцинация алды. Вакцинация — коронавирустық инфекцияның алдын-алудың ең тиімді әдісі. Ал ревакцинация алдыңғы вакциналармен қалыптасқан иммунитетті сақтауға және ағзаны аурулардан қорғауды күшейтуге арналған.

Сондықтан КВИ-ге қарсы алғашқы вакцинация курсынан өткеннен кейін, 6 айдан соң ревакцинациядан өтуді ұсынамыз. Барлық тұрғындардан профилактикалық және карантиндік қауіпсіздік шараларын сақтап, өз денсаулығына және жақындарының денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарауды сұраймыз, — деді.

Сондай-ақ мамандар халық көп жиналатын орындарда, қоғамдық көлікте және  ұжымда бетперде киюдің ұсынымдық сипаты сақталатынын еске салып, медициналық ұйымдарда қызметкерлермен қатар, сырттан келушілердің де міндетті түрде медициналық бетперде киюі қажеттігін айтты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button