Құқық

Биыл жол-көлік оқиғаларынан 54 адам көз жұмған

  • Брифинг

Кеше облыстық полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов БАҚ өкілдеріне брифинг өткізіп, биыл жыл басынан бері облыс аумағында болған жол-көлік оқиғалары туралы айтып берді.

Абай Жүсіповтің айтуынша, биылғы жылдың жеті айында өңірде жалпы саны 300-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 54 адам көз жұмып, 400-ден астам адам ауруханаға жатқызылған.

Мәселен, соңғы екі айда облысымызда 120 жол апаты болып, 25 адам өмірден өтті. 168 адам әртүрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен 39 оқиға тіркеліп, 6 бала көз жұмды, 47 бала түрлі дене жарақатын алды.

Аталған жол апаттарының басты себептері — жол қозғалысы ережелерін сақтамау, қарсы бағытқа шығып кету, жол жүру жылдамдығын шамадан тыс арттыру.

Қазіргі таңда облыста департамент қызметкерлерін алаңдатын жағдай шетелдік есепте тұрған көлік жүргізушілерінің жол жүру ережелерін сақтамауы болып отыр. Оның ішінде, әсіресе, жастардың елімізде тіркелмеген автокөліктерге отырып, жол ережелерін сақтамауы адам өліміне себеп болуда. Мысалы, жыл басынан бері осындай деректер бойынша өңірімізде 50 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 18 адам қаза тапса, 94 жолаушы ауруханаға жатқызылған. Кеше ғана облыста осындай оқиға болды. Нақтырақ айтсақ, Қостанай-Қарабұтақ тас жолы бойында, Әйтеке би ауданына жақын жерде Армения есебінде тұрған  «Nissan Teana» автокөлігі қарсы жолға шығып кетіп, нәтижесінде «Газель» көлігімен соқтығысқан. Осы оқиғаның салдарынан үш адам көз жұмды. Оның ішінде біреуі — бір жасар бала. Сонымен қатар бес адам түрлі жарақаттар алған, — деді департамент бастығы.

Оның айтуынша, бүгінде департамент қызметкерлері осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін ай сайын рейдтік шаралар өткізіп тұрады. Дегенмен облыста әлі де болса жол-көлік оқиғалары азаяр емес.

Біз облыстағы барлық көлік жүргізушілері мен жолаушыларды жол ережелерін сақтауға, жолда шаршаған кезде кемпингтерге тоқтап, демалып алуға шақырамыз. Сондай-ақ ұзақ жолға шығарда көліктеріңіздің жағдайын қарап, алдын ала мамандарға көрсетіп алыңыздар. Кез келген көлік жүргізушісі жолда өзге адамдардың өмірі үшін жауап беретінін ұмытпауы керек. Сондықтан барынша сақтанып, ережелерді бұзбауға тырысыңыздар, — деді департамент бастығы.

Брифинг соңында Абай Жүсіпов БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button