Спорт

Екі командамыз есесін жібермеді

  • Конференция Лигасы

Жалпы футболдық кездесулер алдында түрлі болжамдар айтылатыны мәлім. Конференция Лигасының осы аптада өткен екінші іріктеу кезеңінің екінші кездесулері алдында да солай болды.

Бұл қарымта ойындар алдында «Астананың» жағдайына қатысты ешкім де аса оң пікір айта қойған жоқ.
Өйткені сырт алаңда 0:5 есебімен ойсырай ұтылып қалған команданың, қанша мықты болса да, араға апта салар-салмастан қарымта алты гол соғуы мүмкін емес еді ғой. Расында да, елордалық футболшылар алты гол түгілі, бір гол да соға алмай діңкелеп тынды.
Сөйтіп еліміздің бас қаласында тұратын ойыншыларымыз Польшаның жалпы жұртқа белгісіздеу әлдебір шағын қаласында тұратын футболшыларынан тағы да таяқ жеді. Солайша бұдан арғы жарыс жолынан шығып қалды.

«Астана» (Қазақстан)-«Ракув» (Ченстохова, Польша) — 0:1 (жалпы есеп — 0:6).

Гол авторы: Владислав Кочергин, 16-минут (0:1).
«Астананың» бас бапкері — Срджан Благоевич.
28 шілде 2022 жыл. Нұр-Сұлтан қаласы. «Астана Арена» стадионы.

                                                                             *   *   *

Өз алаңымызда бұдан бұрын «Қайраттың» да дәрменсіздік көрсеткені мәлім. Венгриялық командадан 0:1 есебімен ұтылып қалған.
Сырт алаңда да алматылықтар сол көрсеткішін қайталап шықты, тағы да ұтылды.
Солайша бұлар да үшінші кезеңге өте алмады.

«Кишварда» (Венгрия)-«Қайрат» (Қазақстан) — 1:0 (жалпы есеп — 2:0).

Гол авторы: Ясмин Мешанович, 39-минут (1:0).
«Қайраттың» бас бапкері — Кирилл Кекер.
28 шілде 2022 жыл. Венгрия, Кишварда қаласы, «Кишварда» стадионы.

                                                                             *   *   *

Қазақстандық жанкүйерлер «Қызылжардан» онша үміт күте қоймаған.
Өз алаңымызда 1:2 есебімен ұтылған жерлестеріміз қазір футболы соншама дамып тұрған Хорватиядан жеңіспен оралады деу қисынсыздау сияқты еді. Бірақ солай болды. Екінші таймда екі гол соққан қызылжарлықтар келесі кезеңге жарқырап шыға келді. Былайша айтқанда, ешкім күтпеген сенсация жасады.
Ал хорваттардың бұған қалайша күйініп жатқаны, әрине, ұзақ әңгіменің еншісі.

«Осиек» (Хорватия)-«Қызылжар» (Қазақстан) — 0:2 (жалпы есеп — 2:3).

Гол авторлары: Гиорги Иваниадзе, 62-минут (0:1), Мусса Коне, 71-минут (0:2).
«Қызылжардың» бас бапкері — Али Алиев.
29 шілде 2022 жыл. Хорватия, Осиек қаласы, «Градски врт» стадионы.
Үшінші іріктеу кезеңінде жерлестеріміз Кипр чемпионатының қола жүлдегері «АПОЭЛ» командасымен кездеседі. Бірінші кездесу 4 тамызда Никосия қаласында, ал қарымта ойын 11 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.

                                                                             *   *   *

Ал бұлардан бұрын үшінші кезеңге «Тобыл» шыққан. Олар Гибралтар елінің командасын екі ойында да ұтты.

«Линкольн Ред Импс» (Гибралтар)«Тобол» (Қазақстан) — 0:1 (жалпы есеп — 0:3).

Гол авторы: Зоран Тошич, 31-минут (0:1),
Тобылдың» бас бапкері — Милан Миланович.
26 шілде 2022 жыл. Гибралтар, «Виктория» стадионы.
Үшінші іріктеу кезеңінде «Тобыл» Босния және Герцеговинаның чемпионы «Зриньски» командасымен кездеседі. Бірінші ойын 4 тамызда Мостар қаласында, ал қарымта кездесу 11 тамызда Қостанайда өтеді.

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button