Спорт

Құрылыста тартысты жарыс өтті

  • Турнир

Қызылжар ауылдық округінің орталығы Құрылыс ауылында шағын футболдан Социалистік Еңбек Ері Асан Балниязов атындағы дәстүрлі турнир өтті. Биыл үшінші рет өткізілген турнирге облыс көлемінде жас спортшылар қатысты.

Жарыстың өтуіне жеке кәсіпкер Әділ Асанов демеушілік танытты. Кәсіпкер бүгінге дейін ауыл футболшыларының қалалық турнирлерге қатысуына көмектесіп, оларды спорттық формамен, жаттығу залдарымен және тағы басқа қажеттіліктермен қамтамасыз етіп жүр.

Аталған турнирге «Рахмет» (Ақтөбе қаласы), «Қызылжар», «Қызылжар жастары», «Айсұлтан» (Ырғыз ауылы), «Жаныс би», «Шеңбертал», «Перекресток» (Қарабұтақ ауылы), «Құмтоғай» командалары қатысып, өзара бақ сынасты.

Жарыстың қорытындысы бойынша І орынды және 300 мың теңге ақшалай сыйақыны Ақтөбе қаласынан келген «Рахмет» командасы жеңіп алса, ІІ орынды (200 мың теңге) ырғыздық «Айсұлтан» командасы иеленді. Ал ІІІ орын (100 мың теңге) «Шеңбертал» командасына бұйырды.

Турнир соңында Қызылжар ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Аслан Жәнібекұлы мен ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Темірбек Зейінұлы  қатысушыларға ризашылығын жеткізіп, демеушілік жасаған кәсіпкер Әділ Асановқа ауыл тұрғындары атынан алғыс айтып, иығына шапан жапты.

Сондай-ақ бір топ жасқа «Үздік қорғаушы», «Үздік шабуылшы», «Үздік қақпашы» номинациялары да табысталды.

Д.АЙДАР,
Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button