БілімБасты жаңалықтар

Жаңа талап, жаңа формат: педагогтер жұмысқа қалай қабылданады?

Енді педагогтерді мектеп директоры өзі шешім шығарып жұмысқа қабылдай алмайды. Күні кеше ғана оқу орнын тәмәмдаған жас маман да, сонша жыл жұмыс өтілі бар тәжірибелі мұғалім де конурсқа түсіп, бақ сынайды. Қорытындысында, үміткерлердің арасында жоғары ұпай жинағанының аты озады. Бұл — сол кездегі Білім және ғылым министрлігінің педагогтерді жұмысқа қабылдау қағидаларына қатысты бұйрығына сәйкес іске асырылады.
Біз облыстық  білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті  басшысының орынбасары Жанар Мұхамбеталинамен педагогтерді жұмысқа қабылдаудың жаңа форматы және критерийлері жөнінде нақтырақ білмек ниетпен сөйлескен едік. Сонымен…

Екі бағыт:
Жемқорлыққа жол жоқ. Сапалы білім

Биылдан бастап педагогтерді жұмысқа қабылдаудың жаңа үлгісі енгізілді.  Жаңа өзгеріс, жаңа ереже мұғалімдерді жұмысқа орналастыру кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталып отыр. Сондай-ақ білім сапасын көтеру де басым бағыттың бірі.
Бұған дейін кімді жұмысқа қабылдаса да мектеп директорының өз еркінде еді. Өйткені педагогтерді жұмысқа қабылдаудың нақты ережесі болған жоқ. Соның салдарынан біреуге тең, біреуге кем еңбек бөлінісі жасалды. Біздің департаментке мұғалімдер тарапынан еңбек бөлінісі, сағат аздығы туралы түскен шағымдар аз емес. Мектеп басшылары сағат санын дұрыс бөлмей, екі-үш мұғалім бір ставкаға қабылданған жағдайлар тіркелді. Бұл тек біздің өңірдегі проблема емес, жалпы еліміз бойынша мектеп директорларының біразы өз қызметін асыра пайдаланды. Расын айту керек, мұғалімдер жұмысқа «Біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсы» деп қабылданып келді. Енді мұндай жөнсіздікке жол берілмейді, — дейді Жанар Тыныштыққызы.
Оның айтуынша, биылдан бастап мектептер барлық бос немесе уақытша бос лауазымдарға конкурс өткізеді. Бұл талап шағын жинақты мектептерге қатысты емес. Өйткені бұл білім шаңырақтарында сағат саны аз. Конкурсқа біліктілік сипаттамаларына сәйкес келетін мұғалімдер ғана қатыса алады.

 

Конкурс бәріне ортақ

Мектеп басшылығы барлық бос немесе уақытша бос лауазымдарға конкурс өткізетіні туралы хабарламаны мектептің интернет ресурсында жариялайды. Болмаса, әлеуметтік желілер арқылы хабарлама береді.
Айта кету керек, бірнеше жыл жұмыс өтілі бар педагог те, кеше ғана университет немесе колледж бітірген түлек те байқауға қатысуы тиіс. Сыннан өтпей, ешқайсысы жұмысқа қабылданбайды. Яғни конкурс олардың бәріне де ортақ.
Үміткерлер конкурсқа қатысу үшін алдымен өтініш жазады. Өтінішпен бірге өзінің бағалау парағын қоса ұсынады.  Мұнда педагогтің барлық жетістігі көрсетілуі тиіс. Яғни оқушыларының жетістіктері, еңбек өтілі, әкімшілік немесе әдістемелік қызмет тәжірибесі, курстық дайындық басқа да көрсеткіштер туралы мәлімет болуы керек. Әрбір жетістігіне балл есептеледі. Мысалы, ғылыми жобаларға қатысқан болса 1 балл қосылады, үздік педагог конкурсына қатысқан болса да 1 балл қойылады. Сөйтіп, үміткердің құжаттарын конкурстық комиссия қарап, оларды растайтын құжаттардың сәйкестігін тексеріп, қорытынды ұпай шығарады. Қорытындысында жұмысқа ең көп балл жинаған үміткер қабылданады. Субъективизм деңгейі барынша төмендейді, — дейді департамент басшысының орынбасары.
Қажетті құжаттар арасында үміткердің денсаулық жағдайына байланысты психоневрологиялық, наркологиялық ұйымдарында есепте тұрмағаны туралы анықтама да бар. Айта кету керек, үміткердің бұған дейінгі жұмыс орнынан ұсыныс хаттар да сұратылады екен. Бағалау  барысында бұл пікір де маңызға ие. Өйткені оң ұсыныс үшін 3 балл қосылады. Теріс ұсыныс берілсе  жинаған ұпайы 5 баллға азаяды.
Сараптау барысында комиссия мүшелері педагогтің қандай да бір бұзушылықтарға жол беріп, бермегенін де ескереді. Әсіресе, педагогикалық этика бойынша бұзушылықтарға жол бермегені қатаң қадағаланады. Егер осындай деректер анықталса, онда педагог конкурстың кез келген кезеңінде шеттетіледі, — дейді Жанар Мұхамбеталина.

 

Әр жетістік маңызды

Жұмысқа қабылданатын үміткердің барлығының да біліктілік санаты міндетті түрде болуы тиіс.
Былтыр елімізде алғаш рет педагогикалық бағытта білім алған 32 мың түлек тестілеуден өтті. Сынақ пилотты түрде ұйымдастырылған болатын. Қорытындысында, тестке қатысқан 32 мың түлектің 15 мыңы (46 пайызы) ғана сыннан сүрінбеген.
Жаңа ережеге сәйкес, биылдан бастап университет немесе колледж түлектері бұрынғыдай диплом тапсырумен ғана жұмысқа қабылданбайды. Міндетті түрде ұлттық біліктілік тестілеуден өтіп, «педагог» санатын алып шығуы тиіс. Педагогтердің жұмысқа қабылдаудың жаңа талаптарының бірі — осы. Жастардың кәсіптік практикасының қорытындысы да бағалаланады. Мысалы, практикадан «өте жақсы» баға алса, онда оған 1 балл қосылады, «жақсы» болса, 0,5 балл беріледі, — дейді департамент басшысының орынбасары.
Егер үміткерлердің ұпайлары тең болса, онда әңгімелесу өткізіледі. Әңгімелесуге қатысқан бірақ тағайындалуға ұсынылмаған үміткерлер кадрлық резервте тұрады. Кадрлық резервте тұрған үміткер келесі конкурсқа тағы да құжат жинап, әуреге түспейді, конкурсқа қатыспайды, тек әңгімелесу кезеңінен ғана өтеді.

Конкурстық комиссия:
жазбалар сақталады

Конкурстық комиссияның құрамы кем дегенде 5 адамнан тұрады. Конкурстық комиссия құрамына білім беру ұйымы әкімшілігінің өкілдері, тиісті деңгейдегі әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) немесе білім беру ұйымының, азаматтық қоғамның әдіскерлері, аудандық (қалалық) білім бөлімінің мамандары, педагогтер кіреді.
Конкурстық комиссияның құрамына олармен келісім бойынша басқа білім беру ұйымдарының өкілдерін енгізуге рұқсат етіледі. Комиссияның хатшысы комиссия отырыстарын ұйымдастырады, бірақ оның мүшесі бола алмайды.
Егер комиссия мүшелері белгілі бір себептермен отырысқа қатыса алмайтын болса, оның орнына басқа адам қабылданбайды. Бар құраммен өткізіле береді. Айта кету керек, конурстық комиссия құрамында үміткердің туысы болмауы тиіс.
Егер мұндай жағдай анықталатын болса, онда комиссияның құрамы қайта анықталып, қайта бекітіледі. Сондай-ақ конкурстық комиссия отырыстары міндетті түрде таспаға жазылуы тиіс. Аудио-бейне жазбалар білім беру ұйымдарында бірінші отырыс өткізілген күннен бастап бір жыл бойы сақталады. Кез келген даулы мәселе туындаған жағдайда сол жазбалар бірінші айғақтаушы материал болып есептеледі, — дейді Жанар Мұхамбеталина.
Конкурс өткізілетіні туралы хабарландыру жарияланған соңғы күннен кейін 7 күн бойы конкурсқа құжаттар қабылданады. Құжаттар электронды нұсқада да, қағаз түрінде де қабылдана береді.

 

Сағат саны қалай бөлінеді?

Конкурс қандай жағдайда жарияланады? Конкурс аптасына 16 сағат және одан да көп сағат оқу жүктемесі бар педагогтің бос немесе уақытша бос лауазымына  жарияланады. Педагог қызметін негізгі жұмысымен қоса атқаратын мұғалімдерді бір пән бойынша 8 сағаттан аспайтын жүктемемен конкурссыз жұмысқа қабылдауға рұқсат етілетінін айта кеткен жөн. Сондай-ақ осы білім беру ұйымының мұғалімдері арасында жүктемесі 8 сағаттан аз бос орындарды үлестіруге болады. Бос лауазымдар болған жағдайда әрбір педагогке сағат саны педагогтің бір жарым ставкасынан аспауы тиіс.
Бұрын 10 сағат бос болса, оны мектеп басшысы әр педагогке, 2-3 сағатан бөліп тастайтын. Жаңа бұйрық бойынша, мұндай бөлшектеуге рұқсат етілмейді. Бос сағаттар тек бір педагогке беріледі. Бұл да білім сапасын арттыруға септігін тигізеді. Өйткені бірнеше мұғалімге 2-3 сағаттан бөлініп берілген жағдайда олардың арасында: «сағатымды өтеп кетсем болды» деген ұғым қалыптасады. Сапаға көңіл бөлмейді.
Бұл ретте бір пән бойынша бос 9 немесе одан да көп сағатты жасанды түрде бөлшектеуге жол берілмейді. Қабылданған ереже педагогтермен, сарапшылармен, мектеп директорлары және әдіскерлермен, білім басқармаларының басшыларымен және басқа да білім беру ұйымдарының өкілдерімен талқыланды, — дейді Жанар Тыныштыққызы.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button