Басты жаңалықтарДенсаулық

«Былдыр, былдыр… бір шаттыққа толды үйім»

Жас отаудың бағын ашып, шаңырақты шаттыққа бөлейтін, үй ішіндегі ауызбіршілік пен махаббатты бекіте түсетін бірден-бір дәнекер — бала. Өкінішке қарай қазір елімізде әрбір алтыншы отбасы бір перзентке зар болып отыр. Арасында бала болмауы талай жұптың ажырасуына әкелетіні де белгілі.
Елімізде былтырдан бастап экстракорпоральды ұрықтандыру әдісіне бөлінетін квота саны бірнеше есеге артты. Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырыла бастаған «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы қаншама отбасыға сәби сүю бақытын сыйлады.
Жалпы экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) әдісі  қаншалықты қолжетімді және нәтижелі? Квотаға кімдер қол жеткізе алады? Біз бұл туралы медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары категориялы гинеколог-репродуктолог дәрігер Светлана Есенамановамен тілдескен едік.

Облысқа 322 квота бөлінді

«Аңсаған сәби» бағдарламасы 5 жылға дейін жалғасады. Бұған дейін бір жылда республика бойынша 1 мың квота бөлініп келсе, енді 7 мыңға дейін артып отыр. Соның ішінде біздің өңірімізге биыл 322 квота бөлінген.
— 2005 жылы облысқа небәрі тек 5 квота ғана берілді. Оның үстіне экстракорпоральды ұрықтандыру әдісі Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында ғана жасалынып келді. Ал қазір алысқа бармай-ақ өзіміздің өңірімізде де экстракорпоральды ұрықтандыруға жүгіну мүмкіндігі туып отыр.
Тегін квота бәріне бірдей беріле бермейді. Оның өзіндік көрсеткіштері бар. Бедеуліктің өзі ерлер мен әйелдердің денсаулығына қарай бөлінеді. Оған ең алдымен, әйелдердің жатыр түтіктерінің өтімсіздігі және эндокриндік факторлар жатады. Мұны анықтау үшін экстракорпоральды ұрықтандыру мамандарына жүгініп, кеңес алуға болады, — дейді Светлана Есенаманова.
Оның айтуынша квота алғысы келген жұп тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханасына өтініш білдіріп, бедеулік бойынша диспансерлік бақылауға тұруы керек. Алдымен толық зерттеу жүргізіледі. ЭКҰ-ға жүгінетін әйелдің жасы кемі 42-ге дейін, авариалдық резерві жақсы болуы тиіс. Содан кейін ғана қорытынды жасалып, комиссияға түседі.
Жалпы елімізде квотамен жұмыс жасайтын 19 орталық бар. Квотаға іліккен адам осы орталықтардың бірін таңдай алады. Егер онда орын болса, біз арнайы портал тағайындаймыз. Бұл квоталар тек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы қаржыландырылады. Ал қорға тіркелмеген немесе жарна төлемейтіндер үшін экстракорпоралдық ұрықтандыру рәсімі ақылы болмақ. Қазір ақылы ЭКҰ-ға жүгінушілер де көп. Ол үшін миллион теңгеге жуық қаражат кетеді. Әрине жасанды ұрықтандырудан  кейін адам бойында эндрокриндік өзгерістер болады. Түсік тастау немесе ерте босану қаупі бар.
Бұл әдіс бір рет сәтсіз болса, бір жылдан кейін қайта жүгінуге болады.
Бізден үміттеніп келетіндердің көбі экстракорпоралды ұрықтандырудан кейін балалы болуға кепілдік бар ма деп сұрайды. Дүниежүзінде ешкім де экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы бірден бала болады деген кепілдік бермейді. Мәселен, бір айда жас әйелдің бала көтеру мүмкіндігі 15-20 пайыз ғана. Сонда жасанды ұрықтандыру әдісінен 100 пайыз кепілдік сұрағанымыз орынсыз, — дейді ол. Дегенмен де дәрігер экстракорпоралды ұрықтандыру технологиясының қарқынды дамуына байланысты оның нәтижелілігі бұрынғыдан бірнеше есе артқанын айтып қалды.

 

Себеп пен салдар

Жалпы облыс бойынша бүгінгі күні сәби сүйе алмай жүрген 1000-ға жуық әйел тіркеуге алынған.
Әйелдердің бала көтере алмауының басты себебі — медициналық-әлеуметтік проблемалар, дұрыс тамақтанбау, экология, ғылыми-техникалық прогрестің дамуына байланысты тұрақсыздық, күйзелістің көптігі және әртүрлі әлеуметтік-психологиялық қиындықтар. Соның салдарынан әйелдің организмінде өзгерістер болады.
Бедеулік — күрделі мәселе. Себебі өте көп.  Жүктіліктен сақтандыратын дәрі-дәрмектердің әсері, жасанды түсік және 35 жастан асып тұрмысқа шығу, экологиялық факторлар, яғни түрлі жағдайлар бедеулікке әкеліп соғуы мүмкін. Қазір бала сүйе алмай отырған отбасылардың көбейіп бара жатқанын байқап отырмыз. Соның ішінде ер адамның бедеулгі артып барады. Бұрын ер адамдардың 30 пайызында ғана бедеулік байқалса, қазір әрбір екінші отбасында кездеседі. Ер адамдардың бойындағы потологиялық өзгерістер, ең алдымен, қабыну процестерінен болады. Сондай-ақ әртүрлі гормоналдық жетіспеушіліктердің салдарынан эндрокриндік аурулар болуы мүмкін. Сол себепті әрбір ер адам жасөспірім кезінен денсаулығын бақылауы керек. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданғаны дұрыс, — дейді дәрігер.
Светлана Есенаманова отбасын құрған бір жылда жүктілік болмаса, зерттеуден өту керек екендігін айтады. Әйел адамдарда жатыр түтігінің жабылуына байланыста бедеулік болуы мүмкін. Бірінші жүктілікте түсік жасамауға тырысу керек. Себебі бұл болашақта ана атануына үлкен кедергісін келтіреді. Яғни асқынулар басым болады.
Дер кезінде жасалған экстракорпоральды ұрықтандыру әдісі — нәтижелі жүктіліктің бір дәлелі. Көпшілігі емханалар мен ақылы медициналық орталықтардың табалдырығын тоздырып жүре береді. Уақыт өте келе аналық бездегі репродуктивтік потенциал төмендеп кетеді. 30 жасқа дейінгі жастар бедеулігі бойынша жергілікті емханада бір жылдай емделіп, нәтижесі болмаса, тиісті орталықтарға келгені жөн. Ал 40 жасқа жақындағандар бірден экстракорпоральды ұрықтандыру орталығына келгені абзал. Кез келген адам баланы жас кезінде жоспарлауы керек. Өйткені уақыт зымырап өте шығады. Жас ұлғайған сайын бала көтеру мүмкіндігі де азая береді.
Қазір облыста бедеулігі 5 жылдан асқан мыңға жуық отбасы тіркелген. Экстракорпоральды ұрықтандыру жасату үшін гормон көрсеткіші 1-ден жоғары, әрбір аналық безінде фолликула саны үштен кем болмауы тиіс. Сондықтан 35 жасқа дейін экстракорпоральды ұрықтандыру жасаған дұрыс.
Былтыр облысқа 324 квота бөлінді. Оның 35 пайызы сәтті шықты. Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығында жоғары сапалы құрылғылармен жабдықталған андрологиялық лаборотория бар. Мұнда барлығы жан-жақты зерттеледі, — дейді ол.
Ресми деректерге сүйенсек, елімізде соңғы 10 жылда дәл осындай жолмен 22 мыңнан астам сәби дүниеге келген.
Репродуктолог мамандар квотаның еселеп артуы 4-5 жыл кезекте тұратын отбасыларға тезірек сәби сүюге мүмкіндік береді десе, демографтар ажырасуды тежеуі мүмкін деп үміттенеді.

 

Бағдарлама нәтижесі

Отау құрғандарына 6 жылға таяған Қуандық пен Салтанаттың балалы болу жолында бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Естіген ем-домның бар түрін қабылдап көргенмен, нәтиже болмаған. Әйтсе де алдағы күннен еш үміт үзбеген отбасы еліміздегі ақылы медициналық тексерістен өтуде талай табан тоздырып, бар тапқан-таянған қаржысын жұмсаған. Өздігінен бала көтере алмайтындығын білген Салтанат экстрокорпоралды ұрықтандыру тәсіліне мемлекет тарапынан бөлінетін квотаға қол жеткізу үшін былтыр наурыз айында кезекке тұрған.
Бұл менің ең үлкен үмітім еді. Денсаулығымдағы кінәратты біле тұра, қол қусырып қарап отыруға болмасын білдім. Экстракорпоральды ұрықтандыруға баруға күйеуіммен бірге шешім қабылдадық, Алла тілеуімізді берді.
Бұған дейін экстракорпоральды ұрықтандыру туралы естіп жүрдім. Бірақ кез келгеннің қалтасы көтере бермейтіні анық. Осылай күйзеліп жүргенімде тегін квотадағы кезегім келіп, емделуді бастадық. Бұл ретте Ақтөбедегі білікті репродуктолог-дәрігер Светлана Меңдіғариқызына айтар алғысым шексіз, — дейді ол.
Салтанаттан небәрі екі айдың ішінде аналық жасушалар алынып, жүктілікке қол жеткізген. Дәл қазір оның бір ай бұрын өмірге келген сәбиі бесікте тербеліп жатыр. Сөйтіп алты жылы қиындықтар еңсеріліп, аңсаған сәбиін алақанына алудың ғажайып сәті туған.
— Тексеріс кезінде өзіммен тағдырлас қаншама жанмен таныстым.  Менің түсінгенім, ерлі-зайыптылар ертеңгі күннен үміт үзбеуі керек. Көпшілігі жасанды ұрықтандыру десе, үрки қарайды. Алайда қазір медицинаның дамыған заманы. Босқа уақыт өткізудің қажеті жоқ деп санаймын, — дейді Салтанат.
Экстракорпоралді ұрықтандыру әдісі еліміздегі бір шақалаққа зәру отбасылардың мәселесін түбегейлі шешпегенімен, бірқатар шаңырақта сәби күлкісінің естілуіне септігін тигізгені анық.
Мамандар, ең бастысы — бедеулік пен белсіздіктің алдын алу қажет екенін айтады. Әр ата-ана баласының бойындағы өзгерістерді қалт жібермей, дер кезінде дәрігерге қаратуы керек. Әсіресе жұқпалы инфекциялардың алдын алып, қандай да бір эндокринологиялық бұзылыстарды уақыт оздырмай емдеген жөн.
Бесік тербеткен аналар жатса-тұрса бөпелерінің тіл-көзден, ауру-сырқаудан аман, болашақтарының жарқын болуын тілейді. Ал балалы болуды аңсап жүрген жандар үміт үзбеу керек, ең бастысы, уақыт оздырмай медициналық мекемелерге жүгінсе — армандарының орындалуына жол ашылады. Ендеше, үміттер үзілмесін!

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button