Әлеумет

Альфия АДИЕВА: Басты назарды өңірлерге бөлеміз

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы саналатын «Samruk-Kazyna Trust» қоры өңірлердегі жұмысты күшейте түспек. Мәселен, әлеуметтік жобалардың басым бөлігі келесі жылы «Самұрық-Қазына» қорының кәсіпорындары жұмыс істейтін аймақтарда жүзеге асырылатын болады. «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева компания үшін осы жылдың өзі өзгеріске толы екенін айтып, сұқбат берді.

 

— Альфия Дәулетқалиқызы, қор қызметіне келесі жылдан бастап толық енгізілетін 30/70 қағидаты туралы түсіндіріп берсеңіз?

2023 жылдан бастап қолға алынатын қайырымдылық жобалардың 30 пайызы үкімет пен мемлекеттік органдардың тапсырмасына арналса, ал 70 пайызы өңірлерде қолға алынбақ. Яғни портфельдік компаниялар мен еншілес-тәуелді ұйымдардың сұрауы бойынша топтың өндірістік және өнеркәсіптік кәсіпорындары бар өңірлерде әлеуметтік маңызы бар жобалар іске асырылады. Осылайша біз қызметкерлермен бірге халықтың өмір сүру сапасын тиімді түрде жақсарта аламыз.

— Сонда қор қолдау көрсететін әлеуметтік жобалар қандай жолмен жүзеге асады?

— «Samruk-Kazyna Trust» қоры «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының компаниялары бар өңірлерде әлеуметтік жобаларды қаржыландыру жайлы бастама көтеріп қана қоймай, үкіметтік емес ұйымдардың да өтінімдерін қабылдайды. Біздің қорға жүгінген кезде үкіметтік емес ұйым өтінім беру рәсімі туралы ақпарат алады және жобаның құжаттар топтамасын дайындайды, Қамқоршылық кеңес мақұлдаған жағдайда оны жүзеге асыру бойынша жұмыс басталады.
«Самұрық-Қазына» қорына қарасты кәсіпорындар жұмыс істейтін өңірлер туралы айтар болсақ, бірінші кезеңде еншілес мекеме мен жергілікті атқарушы органдар өздерінің өңірлеріндегі әлеуметтік проблемаларды шешудегі қажеттіліктері туралы ақпарат жинайды. Жергілікті жердегі жағдай зерделеніп, шешім қабылдау үшін қажетті алғашқы статистикалық деректер жиналады.
Екінші кезеңде «Самұрық-Қазына» қайырымдылық операторы мәселенің өзектілігі тұрғысында барлық деректі талдайды. Осы жерде комплаенс қызметі іске қосылып, жобаларды ұсынушылардың сенімділігін, қандай да бір күдікті істерге қатыстығын толық тексеріп, оның ішінде қор қызметкерлерімен байланысы бар-жоғын қарастырады. Осылайша сыбайлас жемқорлық қаупі төмендейді. Мәселені сараптаған соң, үшінші қорытынды кезеңде қамқоршылық кеңес жобаны іске асыру туралы шешім қабылдайды.

— Ел ішінде «үкіметтік емес ұйымдардың 70 пайыздан астамы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қызметі көпшілікке қолжетімсіз және жабық деп санайды» деген әңгіме бар. Бұл рас па?

— Еліміздегі 4 мыңға жуық үкіметтік емес ұйымы арасында өткен «Samruk-Kazyna Trust» қызметі туралы онлайн-сауалнама нәтижесі осыны көрсетті. Сондықтан отандық қайырымдылық саласындағы жағдайды түбегейлі өзгертуге бел буып, барлық тарапты ашық әңгімеге шақырып отырмыз. Жобалардың басым бөлігі осы ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырылуда. Үкіметтік емес ұйымдар өз өңірлерінің ерекшеліктерін, нақты қоғамда қордаланған түйткілдердің егжей-тегжейін жақсы біледі. Сонымен респонденттердің шамамен 44 пайызы қордың жұмысымен таныс емес екенін жеткізді. 70 пайыздан астамы «қор жабық және қолжетімсіз» деп есептейді. 41 пайызы қормен өзара іс-қимылда бюрократияны, атап айтқанда қайырымдылық көрсету және мониторинг жүргізу ережесінің күрделілігін көрсеткен. Азаматтық сектор өкілдерінің шамамен 37 пайызы жобаларды мақұлдау әділетсіз өтетінін келтіріпті. Әлбетте, бұл сандарға еш әрекетсіз, қол қусырып қарап отыра алмайтынымыз анық қой!

— Әңгіме көрігі енді қызғандай. Ахуалды оңалтып, жағдайды өзгерту үшін нақты не істеліп жатыр? Қандай жұмыстар қолға алынды?

— Біріншіден, қордың бизнес-процестерін түгелімен қайта қарап шықтық. Екіншіден, әлеуметтік жобаларды іске асырғанда иек артатын басты құжат деуге болатын қайырымдылық қызметін көрсету және мониторинг жүргізу ережесін жеңілдеттік. Қайырымдылық көмегінің басым бағыттары тиімділікті арттыру  мақсатында биыл 21-ден 14 шараға дейін қысқартылды. Бұған конференция, форум сынды бұқаралық шараларды өткізуден бас тартудың арқасында қол жеткізілді. Көздегеніміз — негізгі күш-жігерді белгілі бір уақытта ең көп назарды қажет ететін салаларға бағыттау. Алайда шаралар ауқымы бәрібір кең және көп саланы қамтиды. Қор мемлекеттік саясатпен үйлесімді жұмыс істеуге мүдделі.
Мемлекет басшысы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялағаны белгілі. Сондықтан балаларды қолдауға көбірек басымдық танытамыз. Биыл балаларды қолдауға 2,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаржыға осы жылдың бірінші жартысында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры 18 мыңға жуық балаға арналған қайырымдылық жобаларын жүзеге асырды. Жобалар денсаулық сақтау, білім беру, бұқаралық спорт салаларына, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына бағытталды. Біз еліміздің барлық балаларына, олардың денсаулық жағдайына немесе әлеуметтік деңгейіне қарамастан, сапалы білім алу үшін алаңсыз, бақытты, салауатты өмір ортасын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді саламыз.
Тағы бір маңызды жайт, қызметімізді пайдаланушылардың өз жобаларын қамқоршылық кеңестің отырыстарында қорғауына мүмкіндік берілді. Бұл ретте Парламент Сенатының депутаты, қоғам белсендісі Ләззат Қалтаева қамқоршылық кеңестің құрамына енді. Қамқоршылық кеңес — қандай әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратынымызды дауыс беру аясында шешетін орган.

— Тұрғындар қор қызметі туралы ақпаратты толығырақ қайдан біле алады?

Биыл наурыз айында қордың жұмысын, регламенттерін, ережелерін, қағидаларын тұрақты түрде түсіндіру үшін +7 (7172) 57-68-98 нөмірі арқылы арнайы жедел желі (call-орталық) іске қосылды. Наурыз-маусым аралығында қорға қызығушылық танытқан тұрғындардан 400-ден астам қоңырау түсті. Жедел желі қызметкерлері хабарласқан адамға үнемі біздің ережелерді түсіндіріп, қандай жобаларды қолдайтынымызды, қалай өтініш беру керегін түсіндіріп, кеңес береді. Қызметтік поштамыз, әлеуметтік желіде парақшаларымыз жұмыс істеп тұр. Соңғысына келсек, біз қазір адамдар негізгі ақпаратты әлеуметтік желілерден алатынын білеміз. Біз үшін қалай болғанда да көмекке мұқтаж адамдарды  ақпараттандыру маңызды. Мысалы, сал ауруына ұшыраған немесе аутизмі бар балалардың ата-аналары біздің қолдауымызбен оңалту орталықтарына тегін жүгінуге болатынын білуі өте маңызды. Сондай-ақ олар осы орталықтардың қайда екенін, олардың байланыс нөмірлерін және тағы басқа жайттарды білсе дейміз. Сондықтан бүгінгі таңда осындай мәліметтерді әлеуметтік желілерде жариялап жатырмыз. Дегенмен бұдан да кеңірек ақпарат тарату үшін блогерлермен және қоғам белсенділерімен, бастамашыл топтармен етене жұмыс істемекпіз.
Сондай-ақ ақпарат жеткізудің басқа да құралдары белсенді кәдеге жаратылатын болады. Алдағы уақытта баршаңызды құрылымы түсінікті, пайдалы дерекке толы жаңа сайтымызбен қуантамыз деген ойдамын.
Жалпы қор қызметі туралы жұртшылықтың хабардар болуын арттыру бойынша жұмыс күшейтіліп, осы жылдың өткен алты айында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 600-ге жуық жарияланым жарық көрді.

— Ірі қайырымдылық доноры ретінде бүкіл елді қамтып жатырмыз деп айта аласыз ба?

Әрине, іс жүзінде солай болып тұр. Мәселен, Жетісу, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларында дамуы бұзылған және сондай белгілері бар балаларға, сондай-ақ олардың отбасыларына ерте диагностикалық және абилитациялық көмек көрсетуге бағытталған 13 ерте араласу орталығын құру, аутизм және басқа да ментальды кінәраты бар балаларға арналған 8 орталық ашу арқылы біраз отбасының ауыртпалығын сәл де болса жеңілдетіп, жеткіншектердің денсаулығын жақсартуға көмектесеміз деп ойлаймыз.
Қаржылық шығынын қор көтерген «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздарындағы дәрігерлер озық құрал-жабдықты пайдалана отырып, барлық өңірдегі дерлік шалғай стансалардағы тұрғындарға білікті медициналық қызмет көрсетеді.
«Самұрық-Қазына» қорының кәсіпорындары бар өңірлерді дамыту аясында биыл Жаңаөзен қаласының 3 мектебі жиһазбен және интерактивті панельдермен жабдықталса, елордада отбасылық аула клубтарын демеу арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар үшін түрлі секциялар ұйымдастырылуда. Шымкент қаласында нейро-ортопедиялық бұзушылықтары бар балаларды оңалту қолға алынбақ. «Балаларға өмір сыйла», «Аутизмді жеңеміз!», «Жетім балаларсыз Қазақстан» жобалары да жалғасын табады. Аға буын өкілдеріне қамқорлық танытуда «Тағылым» және «Жеңіс» жобалары жүзеге асырылуда. Бұдан басқа, «Samruk-Kazyna Trust» мемлекеттік тілдің көкжиегін кеңейтуде «Soyle» жобасын қолдауды жөн деп тапты. «Басқарылатын гипотермия» инновациялық жобасы аясында Қарағандыда 11 нәрестенің өмірі құтқарылды. Алдағы уақытта нәрестелердің шетінеуі мен мүгедектігін азайту ниетімен Талдықорған, Ақтау, Өскемен, Шымкент және Алматы қалаларында тағы бес перинаталдық орталықты терапевтік кешендермен жабдықтау көзделіп отыр.

Қайырымдылық қорларына қойылатын басты сұрақ әдетте қаржыландырудың ашықтығына қатысты. Осы бағытта қандай өзгерістер болады?

— Қордың 2022 жылға арналған қайырымдылық бағдарламасы 10 миллиард теңгеге есептелген. Оның ішінде бүгінде 3,86 млрд теңгенің 13 жобасы мақұлданды. Бұл тарапта біз қайырымдылық жобаларымыздың бюджеттерінің толық ашықтығын қамтамасыз ету үшін сайтымызды өзгертпекпіз. Біз бұған дейін де мұндай мағлұматты жариялап келдік. Енді өңірлерге арналған туралы егжей-тегжейлі жариялауды жоспарлап отырмыз. Бұл — сайтқа кірген адамның қаражаттың қандай жобаларға кеткенін, қандай нәтиже шыққанын түсінуі үшін қажет. Бұдан тыс «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесінің алдында жарты жыл сайын тұрақты есеп беруді де әдетке айналдырмақпыз. Таяуда алғашқы рет есеп беріп те үлгердік. Қоғамдық кеңес құрамында Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, еліміздің белгілі қоғам қайраткерлері бар. Кеңесті Болат Жәмішев басқарады. Менің ойымша, көпшілік оны адал және арлы адам ретінде біледі. Сондай-ақ бұл кездесулердің қорытындысын бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жариялаймыз.

— Өңірлерде ақпарат тапшы болып, ондағы ағайынның дауысы жоғары жаққа жетпей қалмай ма?

— Жергілікті өңірлерде нақты қандай көмек қажет екенін жақсы түсіну үшін халықпен — үкіметтік емес ұйымдары өкілдерімен, жергілікті атқарушы органдармен, журналистермен, қоғам белсенділерімен тұрақты түрде кездесулер өткізіп жатырмыз. Бұл жергілікті бұқарамен тұрақты байланыста болу үшін қажет. қордың қызметін таныстыру, өтінім беру рәсімдерін және басқа да мәселелерді түсіндіру мақсатында Атырау, Павлодар, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында 600-ден астам үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен кездесулер ұйымдастырдық, яғни белсенді азаматтық ортамен тікелей кездесіп, өзекті түйткілдерді әбден талқыладық, бірқатары қалыптасқан мәселелер бойынша өтінім беретін болды.
Мұндай кездесулер өңірлік үкіметтік емес ұйымдарды жаңа әлеуметтік жобаларды ұсынуға ынталандыру үшін керек. Біз еліміздегі шалғай ауылдарда тұратын адамдардың өмірін қалай жақсартуға болатыны туралы қызық идеялар күтеміз. Бұл тұста қорымыз азаматтық секторды шабыттандыруға, шағын бастамаларының ауқымын кеңейтуге күш салмақ. Мысалы, бір ауылдағы бастама бүкіл облыс, тіпті бүкіл ел үшін игілікті болуы мүмкін.
Біздің ұстаным — бастамалар тұрақты, жүйелі және тиімді болуы тиіс, нақты түйткілдермен түбегейлі күреске арналғаны абзал. Біз қоғам үшін ең жақсы ойластырылған және пайдалы ондаған жобаны таңдап алу үшін мыңдаған өтінімді ерінбей қарастыруға дайынбыз. Неліктен өтінімдер мақұлданбайды деп шағымданып жатады. Турасын айту керек, біз азаматтардың шағын тобына немесе жекелеген мұқтаж отбасыларға көмектесуге бағытталған бір реттік бастамаларды, атаулы көмек көрсетуді қолдай алмаймыз. Біз үшін қордан бөлінген қаражаттың тиімді игеріліп, жобаларымыз барынша халықтың көп бөлігін қамтығаны маңызды.

Әңгімемізді түйіндесек?

— «Samruk-Kazyna Trust» қоры Қазақстандағы ең күрделі әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысып келеді. Мысалы, мүгедектігі бар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне және тыл еңбеккерлеріне көмек көрсету. Сондай-ақ медициналық мекемелерді жабдықтап, жекелеген оңалту орталықтарын ашып жатырмыз. Бұқаралық спортты дамытуға, аулаларда заманауи спорт кешендерін, алаңдар салып, ерекше балаларға бейімделген спорт түрлерінен секциялар ашуға ден қойдық. Басқа да қызмет бағыттары бар.
Былтыр «Samruk-Kazyna Trust» қоры 32 әлеуметтік жобаны қолдап, еліміздің барлық өңірін қамтыды. Жарты миллионға жуық адамға қарайластық.
Барлық айтылған өзгерістер — қоғам сұранысының көрінісі. Қызметімізді үнемі жетілдіріп және жақсартып отыру үшін өзгерістерге бейім және ашық болып қала береміз. Ынтымақтастыққа шақырамыз және жақсы ұсыныстар күтеміз.
Жаңа Қазақстанда Әл Фараби бабамыздың әйгілі «Қайырымды қала» идеясы тұтас ұжымдарға, елге таралып, бақытты, ізгі қоғамға айналсақ қане?! Мейірімді, әділ, бірлігі мықты халық тек өркендей берсе керек!

А.БАЛЖАНАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button