БілімБасты жаңалықтар

Тағы бір мүмкіндік берілді

  • ҰБТ

Ұлттық бірыңғай тестілеуде шекті ұпай жинай алмаған түлектердің жоғары оқу орнына қабылдануы үшін мүмкіндік берілді. Олар үшін тамыз айында тағы да тестілеу ұйымдастырылады. Қорытындысында шектік балл жинағандар және әр пәннен кемінде 5 балл алғандар студент атана алады.

Жыл сайын тамыз айында жоғары оқу орындарына ақылы оқу бөліміне құжат қабылданады. Биылдан бастап тест тапсырушылардың қатарына мемлекеттік грант үшін өткізілген ұлттық бірыңғай тестілеуде шекті ұпай жинай алмағандар да еніп отыр. Бұл түлектер үшін — үлкен мүмкіндік. Грантқа түсуге ниетті үміткерлерге мемлекет тарапынан екі рет мүмкіндік берілетіні белгілі. Осы екі мүмкіндікті де пайдалана алмаған түлектер жоғары оқу орнының ақылы оқу бөліміне де құжат тапсыра алмай, студент атануы үшін бір жыл уақыт жоғалтатын. Жаңа өзгерістерге сәйкес, енді сынаққа тиянақты дайындалып, мүмкіндікті тиімді пайдаланған мектеп түлектері қалаған мамандығына құжат тапсыра алады, — дейді облыстық білім басқармасы мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Гүлжан Құлыбекова.

Оның айтуынша, 25-30 шілдеде app.testcenter.kz сайтында тамыз айында ұйымдастырылатын ҰБТ-ға тіркелу жүргізіледі. Тестілеу 10-13 тамызда өтеді.

Бұл тестілеуге қатыса алатындар: өз қалауымен ЖОО-да ақылы негізде оқығысы келетін орта білім ұйымдарының биылғы бітірушілері;  ЖОО-да ақылы оқығысы келетін орта білім ұйымдарының өткен жылғы бітірушілері мен техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім ұйымдарының бітірушілері;  ЖОО-да ақылы негізде оқығысы келетін шетелде білім алған Қазақстан азаматы емес ұлты қазақ адамдар; ЖОО-ға күндізгі оқу бөліміне ақылы негізде қабылданатын ҰБТ қорытындысы бойынша шекті балл алмаған, ҰБТ нәтижесі жойылған, бейінді пәндер комбинациясы сәйкес келмейтін ҰБТ нәтижесі бар түлектер; ЖОО-ға ақылы негізде шығармашылық дайындықты талап ететін білім бағдарламалары тобы бойынша білім алушы және басқа білім бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдіргендер;  ЖОО-ға ақылы негізде басқа білім бағдарламалары тобы бойынша білім алушы және «педагогикалық ғылымдар» саласы бойынша білім бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдіргендер.

Тестілеуге қатысу құны — 4 230 теңге.

Емтиханға қатысушылар ұлттық бірыңғай тестілеуге тіркелу кезінде тестілеу өтетін орынды, күнді және уақытты өз еркімен таңдайды. Негізгі тестілеуге қатысқан түлектер тамыз айындағы тестілеуде басқа бейіндік пәндер комбинациясын таңдай алады, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button