Спорт

Маржанбұлақ спортшылары жеңімпаз атанды

  • Спартакиада

Алға ауданындағы Есет батыр Көкіұлы атындағы ауылда аудандық жазғы спартакиада өтті.

Жыл сайын өтетін ауыл спортшыларының жазғы спартакиадасы аясындағы түрлі жарыстарға биыл 300-ден астам спортшы қатысты. Атап айтқанда, асық ату, қазақ күресі, қол күресі, тоғызқұмалақ, гір көтеру, шағын футбол, волейбол, шахмат, дойбы, үстел теннисі секілді спорт түрлері қамтылған.

Жарыс нәтижесінде жеңімпаз бен жүлдегерлер жекелеген спортшылар емес, командалық жалпы ұпай бойынша анықталды. Әр ауылдық округтен бір-бір командадан жасақталған. Ең көп ұпай жинаған Маржанбұлақ ауылдық округінің командасы І орын алып, жеңімпаз атанды. Бұл команданың спортшылары ерлер мен әйелдер арасындағы волейболдан, гір көтеру, шахмат және қол күресінен үздіктер қатарына шығып, басқа спорт түрлерінен орташа нәтижелер көрсеткен.

ІІ орынды — Бесқоспа, ал ІІІ орынды Үшқұдық ауылдық округінің командалары жеңіп алды.

Жарыс аудандық әкімдіктің ұйымдастыруымен өтті. Жүлдегерлерге сый-сияпат жасалып, түрлі спорт құралдары табысталды.

Аудандық жазғы спартакиаданың ауыспалы кубогын жеңіп алған Маржанбұлақ ауылдық округі келер жылғы жарысты қабылдайтын болды.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button