Спорт

ІІІ-тур: 1:4 есебі екі рет қайталанды

  • Қазақстан Кубогы

22-24 шілде күндері Қазақстан кубогы ойындарының ІІІ тур кездесулері өтті.

Үшінші турда сырт алаңда ойнап, «Таразбен» кездескен жерлестеріміз ұтылған жоқ. Әрине, ұтқан жоқ дей алмаймыз. Өйткені, ақтөбеліктер ұтарлықтай қимылдар көрсете алған жоқ, қарсыластар қақпасына соққылар бағыттап та жарытпады.
«Тараз» мығым командалардың бірі екендігі белгілі. Чемпионатта, бәлкім, аса жоғары нәтижеге жетерліктей шамалары жоқтығын білетін де шығар, сол себепті де Еуропа алаңдарында ойнауға мүмкіндік беретін Кубокқа ие болудан кет әрі емес сияқты.
Ал чемпионатта бірінші орында келе жатқан «Ақтөбе» бүгінгісін ғана емес, ертеңгісін де ойлауға міндетті. Сол себепті де қос кеменің басын ұстағысы келмейтін бас бапкер Андрей Карпович шәкірттерін тым шалдықтырып алмауды да ойлайтын сияқты. Команданы ілгері сүйрейтін футболшылардың алаңнан көрінбеуі, бір жағынан, жарақаттарға да байланысты шығар, екінші жағынан, тамыз айының аяғында қайта жанданатын чемпионатқа да аман-сау жетудің амалы тәрізді.
Қалай болғанда да, Тараздағы кездесу  тартымды болмағанымен де, тартысты өтті. Допқа талас бір сәт те толас тапқан жоқ. Дегенмен, екі команданың тарапынан да әлдебір терең тактикалық ізденістер байқала қоймады. Рас, әсіресе, екінші таймда доп көбінесе тараздық футболшылардың аяғында жүрді. Ал есепсіз ентелеуден бойын аулақ салған «Ақтөбенің» бір бармағы бүгулі күйінде қалған сияқты көрінді.
Дегенмен, енді қалған үш ойынды да өз алаңымызда өткізетіндіктен қызу қанды ақтөбелік жанкүйерлер жерлес футболшыларымыздың бұлайша ертеңді де ескеріп, есеппен ойнап, еркін жүруіне мүмкіндік бере қояр ма екен? Өйткені, командамыздың үш ойыннан небәрі бір ұпай ғана жинағаны жанкүйерлерге де батып тұр.

«Тараз»-«Ақтөбе» — 0:0

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы), Дмитрий Шомко, Әлібек Қасым (Йоахим Адукор, 68-минут), Темірлан Ерланов, Ескендір Қыбырай (Владимир Гинайтис, 68-минут), Артурас Жулпа, Юрий Логвиненко (капитан), Арман Кеңесов (Виталий Балашов, 84-минут), Максим Самородов (Әділхан Таңжарықов, 68), Ислам Русланұлы (Никита Маляров, 46-минут), Рожерио Шина.
Запаста болғандар: Саша Стаменкович (қақпашы), Әлішер Әжімов, Рустам Темірхан.
Бас бапкер — Андрей Карпович.

22 шілде 2022 жыл. Тараз қаласы. Орталық стадион. 8700 адам.

Барлық кездесулер:

«А» тобы:

«Атырау»-«Ордабасы» — 1:4
«Қайрат»-«Ақсу» — 3:2

 «В» тобы:

«Каспий»-«Кайсар» — 1:2
«Ақжайық»-«Қызылжар» — 1:0

 «С» тобы:

«Тараз»-«Ақтөбе» — 0:0
«Тобыл»-«Мақтаарал» — 1:4

«D» тобы:

«Тұран»-«Астана» — 1:1
«Жетісу»-«Шахтер» — 0:0

                                                                                             *   *   *

Қазірге дейін 9 ұпайдан жинаған командалар екеу: «Қайрат», «Қайсар».
4-тур ойындары 29, 30, 31 шілдеде өтеді.
«Ақтөбе» 30 шілде, сенбі күні өз алаңымызда «Таразды» қабылдайды.

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button