Спорт

Үш ұтылыс, бір ұтыс

  • Конференция Лигасы

Конференция Лигасында 21 шілдеде өткен алғашқы кездесулер Қазақстан командалары үшін тым сәтсіздеу басталды. Сәтсіздеу демегенде қайтеміз, үш бірдей командамыз ұтылды да қалды. Ұтқан командамыз — біреу-ақ.

«Ракув» тәжірибелі болғанымен, елордалықтар да еурокубок ойындарының құпиясын жеткілікті білетіні мәлім, жерлестеріміздің келесі кезеңге өту мүмкіндігі мол» деп жазған болатынбыз жеребе тартылған соң.
Бұнымыз іс жүзінде керісінше болды да шықты. «Астана» командасы сырт алаңда 0:5 есебімен ұтылды. Поляктар сенген серкеміздің сау-тамтығын қалдырмады. Рас, «Астананың» Ченстохова қаласына бару сапары аса қиындықпен жүзеге асқаны мәлім. Дегенмен, осыншама ойсырай ұтылудың жөні жоқ тәрізді еді. Сондықтан да алдағы қарымта кездесуде астаналықтар қарсыластар қақпасына жауапсыз 6 гол соғады деуге тіпті тіліміз бармай отыр.

«Ракув» (Ченстохова, Польша)«Астана» (Қазақстан) — 5:0

Гол авторлары: Иван Лопес 4-минут (1:0); Матеуш Вдовяк, 42-минут (2:0); Владислав Гутковский, 66-минут (3:0); Владислав Кочергин, 77-минут (4:0); Фран Тудор 90+5 минут (5:0).
Екінші рет ескерту қағаздарын алған Деян Сореску («Ракув») 21-минутта, Аслан Дарабаев («Астана») 62-минутта алаңнан қуылды.
«Астананың» бас бапкері — Срджан Благоевич.

                                                                               *   *   *

Ал өз алаңында «Қайрат» дәрменсіздікке тап болды.
«Кишварда» — еурокубок ойындарында тәжірибе жинай қоймаған жас команда, сондықтан алматылықтар басым түсуге тиіс» деп жазғанымыз да негізсіз болып қалмай ма деген қаупіміз де бар. Өйткені, венгриялық команда сырт алаңда (Алматыда) ойнаса да ұтты, бір гол соқты. Сол себепті алдағы қарымта кездесуде «Қайраттың» ерік-жігері еселене түсетіндігіне толық сеніп отырғанымыз жоқ.

«Кайрат» (Қазақстан)-«Кишварда» (Венгрия) – 0:1

Гол авторы: Ясир Асани, 82-минут (0:1).
«Қайраттың» бас бапкері — Кирилл Кекер.

                                                                             *   *   *

Осылардың ішінде «Қызылжардың» келесі кезеңге шығуға мүмкіндігі тым аз екендігін болжағанбыз. Солай болды да. Өз алаңымызда петропавлдықтар 1:2 есебімен жеңілді. Онда да бір голды қонақтар өз қақпасына өздері соғып алды. «Осиектің» футболшысы допты қақпашыға тастамақ болған шақта қатты қателесіп, кейінге сырғытып жіберген доп қақпадан бір-ақ шықты, қақпашының бөгет жасауға тіпті де мүмкіндігі болмады.

«Кызыл-Жар» (Қазақстан)-«Осиек» (Осиек, Хорватия) 1:2

Гол авторлары: Михрет Топчагич, 58-минут (0:1) Ласло Кляйнхайслер, 76-минут (0:2); Дарко Неяшмич, автогол, 84-минут (1:2).
69-минутта Жиан Мартинс («Қызылжар») екінші рет ескерту қағазын алғаны үшін алаңнан қуылды.
«Қызылжардың» бас бапкері — Али Алиев.

                                                                             *   *   *

Бұл күні «Тобыл» ғана жеңіске жетті. Гибралтардың футболы қандай дәрежеде екенін талдап бере алмаспыз, дегенмен олар қостанайлық футболшыларға аса қарсылық танытып жарытпады.

«Тобыл» (Қазақстан)-«Линкольн Ред Импс» (Гибралтар») — 2:0

Гол авторлары: Айбар Жақсылықов, 65,-минут (1:0); Жарко Томашевич, 90+1 минут (2:0).
«Тобылдың» бас бапкері — Милан Миланович.

                                                                             *   *   *

Командалардың қарымта кездесулері алдағы аптада, 28 шілдеде өтеді. Екі кездесудің нәтижесінде озық болған командалар үшінші кезеңге шығады.

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button