Спорт

Балаңа шахмат үйрет…

  • Шахматшылар күні

20 шілде — Халықаралық шахматшылар күні. Біздің заманымыздың 1-ғасырында Солтүстік Үндістанда ойлап табылған интеллектуалды ойынның шығу тарихы түрлі аңызға негізделген. Бұл ойын соғыстар мен шайқастардың прототипі делінеді. Шахмат — қарсыласты ақылмен, айламен және көрегенділікпен жеңу қабілетінен тұратын ойын.

Қазіргі таңда шахмат БҰҰ-на мүше 193 мемлекеттің спорттың санаткерлік түрінің тізіміне енгізілген. Халықаралық шахмат федерациясы 1924 жылы 20 шілдеде құрылған. 1948 жылдан бастап шахматтан Әлем чемпионатын халықаралық шахмат федерациясы ұйымдастырып келеді. 1966 жылдан халықаралық шахмат федерациясының бекітуімен 20 шілде халықаралық шахмат күні болып белгіленіп, аталып өтіледі.

Бүгінгі таңда шахмат ойыны біздің елімізде қарқынды дамып келеді. Қазақстандық шахматшылар әртүрлі деңгейдегі халықаралық шахмат додасында жүлделі орындар алып жүр. Қыздарымыз Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева, Динара Сәдуақасовалар — әлем, Азия, Европа чемпионаттарының жеңімпаз, жүлдегерлері, халықаралық дәрежедегі гроссмейстерлер.

Біздің өңірде облыс әкімі О.Оразалиннің қолдауымен бұқаралық спорттың, оның ішінде шахматтың дамуына толықтай мүмкіндік жасалып отыр. Жалпы білім беретін мектептерде шахматтан факультативтік сағаттар қарастырылған. Қала тұрғындарының бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға негізделген Ә.Молдағұлова даңғылындағы «Шахмат аллеясы» қала тұрғындарының, шахмат жанкүйерлерінің күнделікті жарыс алаңына айналған.

Облыс аумағында балалар-жасөспірімдер, ересектер арасында, салалық спартакиадаларда шахмат жарыстары тұрақты өткізіліп тұрады. Ерекше атап өтетін жағдай — Ақтөбе қаласында интеллектуалды спорт бойынша республикамыздағы жалғыз «мамандандырылған» мәртебесі бар интеллектуалдық спорт түрлерінен облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс жасайды.

Биыл спорт мектебінің ашылғанына — 20 жыл. Мектепте 500-ге жуық жасөспірім шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындарынан тегін дәріс алады.

Осы жылдар аралығында, мектептің оқушылары шахматтан әртүрлі деңгейдегі республика, әлем, Азия, Европа чемпионаттарында облыс, республика намысын лайықты қорғап, өзіндік үлестерін қосып келеді.

Шахмат ойынының Ақтөбе облысында қарқынды дамуының негізінде 2019 жылы «Владимир Дворкович кубогі» үшін халықаралық командалық турнир, 2021 жылы Қазақстан Республикасы ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей чемпионатының жартылай финалы, 2022 жылы маусым айында «Владимир Дворкович мемориалы – Аktobe Ореп-2022» халықаралық шахмат фестивалі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Ел Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан Республикасының шахматтан әйелдер арасындағы олимпиада құрама командасының мүшелерімен кездесуінде шахмат ойынына айрықша көңіл бөліп, насихаттау керек екенін атап өтті. Ақтөбе өңірінің шахматшылары республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстарда жоғары деңгейде ойын көрсететініне сенімді.

Ата-аналарды балаларын жоғары интеллектуалдық спорт түрі, адамның ақыл-ой дамуына ықпал ететін, қуаныш сыйлайтын ойын ғана емес, ойлауды дамытудың тиімді құралы, есте сақтау, қорытынды жасай алу қабілетін дамытуға көмектесетін шахмат спортына, интеллектуалды спорт түрлерінен облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне беруге шақырамыз.

Е.ҚАЛЖАНОВ,
интеллектуалды спорт түрлерінен ОМБЖСМ шахматтан оқытушы-жаттықтырушысы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button