АуылБасты жаңалықтар

Береке дарыған өңір

Уақыт алға жылжыған сайын ауылдық округтердің әлеуметтік тұрмыстық жағдайлары жақсарып, көштен қалмай дамып келеді. Соның ішінде ауылдың келбетін жақсарту, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына ерекше ден қойылған.

Ойыл ауданындағы Шығанақ Берсиев ауылдық округінің құрамында үш елді мекен бар. Атап айтсақ Қаратал, Қарасу және Құмжарған ауылдары.
Орталығы Қаратал ауылы — экономикасы мен әлеуметтік даму қарқыны еселеп артып, заман талабына сай ажарланып өсіп келе жатқан іргелі елді мекендердің бірі. Бүгінде аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдың 1700-ден аса тұрғыны бар. Ең бастысы ауылда ауызсу мәселесі толық шешіліп, табиғи газ пайдалануға берілді. Жол-құрылыс жұмыстары қарқын алды.
Ауыл әкімі Әділбек Ізбасов жергілікті жұртшылықтың басты тіршілік көзі — мал мен егін шаруашылығы саласына тоқталды. Оның айтуынша, биыл ауылдағы «Тәуекел» шаруа қожалығы 50 гектар жерге көпжылдық шөп екті. Сондай-ақ «Болашақ» шаруа қожалығының басшысы бау-бақша егіп, қарбыз, қауын, қияр өнімдерін аудан тұрғындарына ұсынып, жәрмеңкелерге қатысып отыр. Ал «Ақжол-М» шаруа қожалығы 200 гектар алқапқа тары дақылын екті.
Ауылда бірқатар мемлекеттік бағдарламалар да сәтті жүзеге асырылуда.
— Кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда ауылымызда наубайхана, монша, тойхана, шаштараз, тігін цехы, сауда дүкендері және такси қызметі жұмыс істеп тұр. 46 жеке кәсіпкер бар. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша Назгүл Ешпанова кәсіпкерлігін өркендету мақсатында 2 миллион 200 мың теңге несие алды. «Еңбек» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкер Болат Сағатов 2,5 миллион теңге, Марат Ермағамбетов 3 миллион теңге алып, екеуі де 10 бас ірі қара сатып алды. «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл көсір» деген сөзді ұстанып, Ерік Елеуов 1 миллион теңге несие алып, 20 бас қой алды. Бастысы — ауыл тұрғындары бірлігі мен қарымды тірлігінің арқасында көсегесін көгертіп отыр, — дейді Әділбек Ізбасов.
Ауыл әкімі ең өзекті деген жол мәселесіне де тоқталып өтті. Бүгінде «Ауыл — ел бесігі» жобасы шеңберінде тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы құны 87,7 миллион теңгеге Сүлеймен әулие және Ш.Берсиев көшелеріне асфальт төселді. Биыл ауыл ішіндегі 3 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілмек.
Былтыр жыл соңында Қараталға көгілдір отын берілді. Бүгінде елді мекендегі тұрғын үйлердің 80 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген.
— Туған жерді ұмытпай, «Елге қызмет ету — парызымыз» деп білетін азаматтар біздің ауылда да жетерлік.  «Туған жерге тағзым» акциясы аясында демеушілікпен атқарылған игі шаралар сәтті жүзеге асуда. Мәселен, Шығанақ Берсиев атындағы орта мектебінің 1984 жылғы түлектері 12 үздік оқушыға бір жолғы шәкіртақы берді. 1964 жылы туған азаматтар мектепке теннис ойын үстелін тарту етті, — дейді ауыл әкімі.
Оның айтуынша, өз мектептеріне, туған жеріндегі әлеуметтік нысандарды жөндеп, материалдық базасын нығайта түсуге көмектесіп жатқан түлектер аз емес. Ірі көлемде қаржылай қолдау көрсетіп, мектептің жоғын түгендеп берген кәсіпкерлердің ісі ел-жұртқа үлгі болары сөзсіз.
Қаратал ауылы талай талантты елге танытып, биікке шығарды. Соның бірі — осы ауылда өмірге келген атақты диқан, әлем рекордшысы — Шығанақ Берсиев. Ауыл іргесінде бүкіл батыс өңіріне есімі мәшһүр Сүлеймен сынықшының мәңгілік дамыл тапқан мекені мен түнек үйі бар. Сазгерлігімен танымал, Ойылдың гимніне айналған әйгілі «Ойылым менің — ойдағы елім» әнінің авторы  Жолдыбай Айтқұловты жерлестері мақтан тұтады.
Қорыта айтқанда ауылдың көріктене түсуі — адал еңбектің жемісі. Бұрын ауыл тұрғындары бауыр басқан туған жерінен үдере көшсе, бүгінде бар қиындық біржола артта қалғандай сезіледі. Ойыл ауданының әлеуетті ауылы саналатын Қаратал ауылдық округінде ауыз толтырып айтар тірлік бар. Бастысы — еліміздің өркендеуіне ынтымағы жарасқан қараталдықтар титімдей де болса өз үлестерін қосуда.

Г.АБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button