Облысқа — 90 жыл

Мықты кемшілік — әліппені ала алмау

Азамат соғысы аяқталып, бейбіт, қалыпты тірлік қайта басталғаннан-ақ, кеңес өкіметі сан қилы, соның ішінде қитұрқы әрі қисынсыз да ұрандар көтеріп, бұрынғының бәрін біржола жоққа шығарумен айналысты.

 

Бұрын қазақтар баланы мүмкіндігінше ауыл молдасына беріп, сауатын ашқан, яғни мүлде қараңғы қалдырмауға тырысқан. Сауат ашуды — тіл сындыру, бала оқытқаны үшін ауыл молдасына беретін ақыны «тілашар» деп атаған. Жаппай болмағанмен, ауыл халқының бір бөлігі араб әліпбиімен әріп таныған. Ал кеңес өкіметі оны мүлде жоққа шығарып, тек орыс мектебінен оқыған адамдарды ғана сауаттыға қосты. Сөйтіп, қазақ халқын кеңес дәуіріне дейін оқу, білім дегеннен мүлде мақұрым қалған жұрттардың қатарына қойды. 1924 жылы Қазақстанда «Сауатсыздық жойылсын» деп аталатын қоғам құрылды. 1928 жылы республикада барлық халықтың 28 пайызы сауатты саналса, қазақтардың арасында бұл көрсеткішті 10 пайыз ғана деп көрсетті. Біздің облыс құрылар қарсаңда, 1931 жылы Қазақстанда 16-50 жас аралығындағы барлық адамдардың сауатын ашу үшін, оларға міндетті білім беру жүйесі енгізілді. 1936 жылы республикадағы сауатсыздықты жою мекемелерінде жарты миллионнан астам адам оқыған.
Облыстық мемлекеттік архивте сақтаулы өткен ғасырдың 30-жылдарына тән құжаттар бізге сол кезеңдегі сауатсыздықты жою, мектептер мен басқа да оқу орындарын ашу, мұғалімдер даярлау, ашаршылық, түрлі саяси науқандар салдарынан панасыз қалған балаларды жетімдер үйіне орналастыру секілді істерге қатысты қарбаластарды жеткізеді.

 

Қанша адам істеді?

Облыс құрылғаннан кейін, дереу арада облыстық халық ағарту бөлімінің штаты, құрылымына қатысты мәселелер көтерілген. Бастапқыда облыстық партия комитеті жоғары жақтан штатта 40 адамның болуын сұраған.
1933 жылы 25 қыркүйекте облыстық партия комитеті мен облыстық атқару комитетінен бұрын бекітілген штатты қайта қарап, 27 адамның орнына 35 адам етіп бекітуді сұрап, ұсыныс жолданған. Оның ішінде міндетті түрде қараусыз қалған балалар жөніндегі сектордың қажеттігі айтылған. Бұл жөнінде өлкелік партия комитетінің шешіміне сәйкес, халық ағарту бөлімінің меңгерушісіне арнайы тапсырма берілген. Жаңадан алынатын қызметкерлердің үшеуі қараусыз қалған балалар ісімен айналысатын маман болуы тиіс еді. Ал бұл мәселенің сол кездегі алапат ашаршылық салдарынан жетім қалған балалардың көбейіп кетуінен туындағаны сөзсіз.
Сондай-ақ Ақтөбе, Ақбұлақ, Темір, Қостанай және Арал аудандық халық ағарту бөлімдерінде қызметкер саны — 7, ал қалған аудандарда 6 адамнан бекітілген.

 

91,3 мың сауатсыз…

Өлкелік партия комитетінің мәдени-насихат бөліміне 1933-1934 оқу жылы бойынша жіберілген хатта (латын қарпімен жазылыпты) былай делінген: «Ақтөбе облысы көлемінде ғинуар айының 15-іне дейінгі ақпар бойынша 91 356 сауатсыз кісі бар. Мұның қазіргі саужой мектебіне тартылып, оқып жатқаны — 34 880 кісі. Қазіргі біздегі мықты кемшілік — биылғы 1933-1934 оқу жылында Қазақстан халық ағарту кәмесериетінен сауатсыздар әліппесін ала алмай отырмыз. Болғаны көшпелі аудандардағы сауатсыз коммунистерді оқытуға 1800 саужой әліппесін алдық. Өлкелік партия комитетінің тез уақыт ішінде сауатсыздықты жою әліппесі шығарылып, барлық жерлерге таратылып болсын деген қаулысы орындалмай қалып отыр. Оқу құралының жетіспегендігінен 91 356 кісіні мектепке түгел тарта алмай отырмыз…
Халық ағарту кәмесериетіне телеграм жазсақ та, хабар ала алмай отырмыз. Тез арада жіберсеңіздер екен».
1934 жылы Шалқар аудандық оқу бөліміне жіберілген хатта: «Осымен сіздерге 3-айлық мәдени жорық науқанына арнап қазақ тілі мен есеп программасын жіберіп отырмыз. Бұған әдіс нұсқауларын бұрын бір данадан жібергеміз. Мұны алу бойларыңызда саужой мектебінің мұғалімдерін жинап алып, түсінік нұсқау берулеріңіз керек», — делініпті.
Мұндай құжаттардың көпшілігіне облыстық халық ағарту бөлімінің саужой нұсқаушысы Ахметқызы қол қойған. Өкінішке қарай, есімі көрсетілмейді…
Аудандар бойынша мәліметтерде 16-50 жас аралығындағы адамдардың саны, олардың ішінде сауатсыздары мен шала сауаттылары және осылардың қатарындағы қазағы мен колхозшылары бөлек көрсетіледі. Барлық сауаты жоқтардың нақты санын анықтап, оның ішінде қазақтарды бөліп көрсету жоғары жақтан түскен нұсқау екен.
Мысалы, Темір ауданында 16-50 жас аралығында барлығы 20 600 адам болса, 1934 жылы олардың 8294-і — сауатсыз, 300-і шала сауатты деп танылған. Осылардың 3200-і — қазақ, 3400-і колхозшы екені кестеде бөлек бағанмен көрсетіліпті. Архив деректері бойынша Ақтөбе қаласында 16-50 жас аралығындағы адамдардың саны аз: 2800 деп қана жазылып тұр. Оның ішінде сауатсызы мен шала сауаттысының жалпы саны — 972 адам. Құжатта осылардың 800-і қазақ екені жазылған. Табын ауданында 16-50 жас аралығында 6,9 мың адам болса, солардың — 4787-сі, ал Ойылда 10 700 адамның 6520-сі сауатсыз деп көрсетіліпті.

 

Жоспардың орындалуы — 56,5 пайыз

Облыстық мемлекеттік архив қорында 1935-1937 жылдары сауатсыздық пен шала сауаттылықты жою бойынша жүргізілген істер жөніндегі есеп сақталыпты. 1935 жылы 33 416 адамды оқыту көзделіп, іс жүзінде соның 19 мыңы ғана оқытылған, яғни жоспар 56,5 пайызға орындалыпты. Ал 1936 жылы барлығы 45 086 адамды оқыту жоспарланған, олардың 34 686-сы — сауатсыздар, 10,4 мыңы — шала сауаттылар.
1937 жылдың бірінші жартыжылдығында 60 545 адамның сауатын ашу көзделсе, соның ішінен 6295 адам ғана оқытылған. Сауатсыздарды жас ерекшеліктеріне қарай бөлек-бөлек оқыту жоспарланса, 1936 жылдың қазан айынан бастап 14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдерді оқыту тоқтатылыпты. Оның себебі көрсетілмейді.
Сауатсыздықты жою науқанына, негізінен комсомолдарды тарту көзделген, алайда кейінірек партия мүшелері, кәсіподақ қызметкерлері де осы іске тартылған. Саужой мектептері түрлі науқандар уақытында жабылып қалатын еді. Мысалы, 1937 жылғы көктемгі егіс науқанында Қарабұтақ ауданында 25 мектеп жабылған.
Мәртөк ауданында шала сауаттыларды оқыту жоспары 12,37 пайыз ғана орындалған. «Кең сахара», «Құмсай», «Красный пахарь» колхоздарында мұғалімдерге еңбекақы төленбеуі себепті, ересектерге арналған мектептер біржола жабылған. Ключевой ауданындағы «Ақтөбехимиякомбинаты» кәсіпорнының жанындағы мектепте 70-80 адам оқыған, алайда олардың да мұғалімдеріне еңбекақы айлап төленбеген.

 

Мұғалімнің халы

Еңбекақысын айлар бойы алмайтын мұғалімге кеңес билігі өте көп міндет жүктеген. Бұл жөнінде сол замандағы жиындардың бірінде Құдайберген Жұбанов былай дейді: «Ауыл мұғалімдерінің еңбегі өте ауыр. Олар күндіз бала оқытса, кешке үлкендерді оқытады. Онымен қоса, ауыл-ауылды жаяу аралап, ел арасында кеңес өкіметінің саясаты жайында әңгіме өткізеді, Қызыл отауда ойын-сауық ұйымдастырып, халықтың көңіл күйін көтереді. Соған қарамастан… бюрократтар кеңес мұғаліміне менмендікпен қарайды. Олардың шағымына құлақ аспайды. Кей жерлерде мектеп үйлері байлардың қараңғы ат қорасында орналасқан. Мектепте отын жоқ, мектеп үйі суық. Мұғалімдер кейбір ауылда айлық жалақысын да уақытында алмайды».
Жалпы мектеп саны жылдан-жылға өсіп, сауатсыздар азайды деген даурықпа ақпараттар көп болғанмен, ол кезеңдегі қазақ даласындағы мектеп пен мұғалімнің жайы осы бір ауыз сөзде дәлме-дәл айтылғаны архив құжаттарынан да аңғарылады.
Ең қиыны — еңбекақысы уақытылы берілмейтін, міндеті көп жұмыстан өз еркіңмен кетіп қалуға да болмайтын. Партияның орнатқан «тәртібі» солай: өз еркімен басқа жұмысқа кеткен адамды «желкелеп» қайта әкеледі немесе жауапкершілікке тартады.
1934 жылы 21 қазанда облыстық партия комитетіне Мырзаұлы деген азаматтан түскен хатта: «Қазірде тек жай оқытушы болып тұрмын. Енді сізден сұрайтыным — мен осы ауданда 4 жылдан артық қызмет еттім. Енді өзімнің мамандық-қызметіме қарап, мені басқа ауданға аударуыңызды өтінемін. Болмаса өз ауданыма босатыңызшы», — деген өтініш айтылыпты. (Өкінішке қарай, хаттың кей тұсы өшіп, қай ауданнан жазылғаны нақты анықталмады.)
Архив деректері бойынша, 1914-1915 оқу жылында облыс аумағында 148 мектеп болған, олардың 145-і — бастауыш, біреуі ғана орта мектеп екен. 1986-1987 оқу жылында жалпы білім беретін мектептердің саны — 543, оның 213-і орта мектеп болған. 1914-1915 оқу жылында мектепте оқитындардың саны 7,4 мың деп көрсетілсе, 1986-1987 оқу жылында облыста 149,2 мың оқушы болған екен.
Облыстағы ең алғашқы жоғары оқу орны 1935 жылы ашылған, бұл — қазіргі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті тарихының бастауында тұрған екі жылдық мұғалімдер институты. 1935 жылдың 1 қаңтарында ашылған институтта тарих, физика-математика және дайындық бөлімдері болған. Алғашқы оқу жылында мұнда 81 студент оқыпты. Оқу орнының алғашқы басшысы Нұғыман Залиев — өз заманындағы көзі ашық қазақ зиялыларының бірі, республиканың 1922-1924 жылдардағы Халық ағарту комиссары. Қазақтың мыңдаған бетке ұстар азаматтарымен бірге 1937 жылы репрессияға ұшырап, атылған. 1992 жылы, яғни тәуелсіздік тұсында ақталды.

Тарих беттерін парақтаған Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Back to top button