Тұлға

Ауыл жанашыры, ел ағасы

Ел ағасы деген әдемі ұғым бар қашаннан. Бірақ бұл атаққа екінің бірі лайық бола бермейді. Елдіктің сөзін айту, елдік шаруаларға кеңінен араласу, үлкендіктің жолын ұстану секілді ізгі қасиеттерді бойына сіңірген сондай сиректердің бірі — «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Ырғыз ауданындағы «Алтын Әсел» ЖШС басшысы Хамит Өтеуов.
Әрине, Хамит ағаның өзіне салсаңыз, кішіпейіл мінезіне салып, мақтау атаулыдан бой тартып, қарапайым қалып таныта беретіні бар. Бірақ оның осы кезге дейін атқарып келе жатқан іс-шаруалары, қиындық атаулыда тығырықтан шығар жолды тауып, жөн көрсете білетіні көпшілікке мәлім. Сондықтан да оны халық құрмет тұтады, жас буынға үлгі етеді.

 

Өнеге өрісі

Негізінде жас буын үлкендердің үлгісімен жетіледі. Осы тұрғыдан алғанда бала Хамиттің кішкентайынан көргені көп, зердесіне түйгені де аз емес.
Ең алдымен әкесі Өтеу Құдайбергеновтың өмір сабақтары санасында сақтаулы. Рас, аяулы әке оның тоғыз жасында өмірден өтіп кетті. Бірақ, сол қысқа мерзімнің өзі ол үшін аса қымбат.
Ауыл шаруашылығы өндірісінің шебер ұйымдастырушысы атанған Өтеу Құдайбергенов негізінде Қоңырат жерінде өткен ғасырдың басталар тұсында дүниеге келеді. Ал жігіттік, азамат ретінде қалыптасу кезеңдері тікелей Ырғыз өңірімен байланысты. Ол еңбек жолын ауылда мал бағумен бастайды. Содан кейін Ырғыз аудандық тұтынушылар одағында жұмысшы болып еңбек етеді. Өзіне тапсырылған қандай жұмысты да жеріне жеткізіп атқаратын жас жігіттің ілгері талабы, жасымас жігері басшылықтың назарын аударады. Сондықтан да оның білімін жетілдіруіне қамқорлық жасайды, басшы-кеңес қызметкерлерін даярлайтын арнайы курстарға жібереді. Білім мен тәжірибе ұштасып, кешегі шаруа-жұмысшы жаңа сатыға көтеріле береді.
1934 жылы Ұзынкөл ауылдық кеңесіне басшылық қызметке жіберіледі. Бұдан кейін Жабасақ, Шетырғыз ауылдық кеңестерінің төрағасы қызметін атқарады, тіпті аудандық жоспарлау бөліміне де басшылық етеді.
Осындай қызмет сатыларынан өткеннен кейін Қарасай колхозы басқармасының төрағалығына сайланады.
Бір кездері бай мен кедей болып өмір сүрген өңірдің адамдары жаңа заман талабына сай ұжымдастыру науқанын бастан өткеріп, ортақ шаруаны өркендетеміз деп ұмтылды. Әрине, қай ортаның да телі мен тентегі, бұра тартатын теріс мінезділері болады. Солардың бәрінің басын бір арнада біріктіріп, алға қойылған міндетті орындауға жұмылдыру басшыдан мол ұйымдастыру қабілетін, іскерлікті, бірбеткей мінезді де қажет ететіні белгілі. Соның бәрі Өтеу басшының бойынан табылады.
Соның нәтижесі емес пе, Қарасай колхозының еңбекшілері соғыстан соңғы жылдардың жеңіспен жігерленген ұранына сәйкес күні-түні тынымсыз еңбек етіп, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізеді. Нақтырақ айтсақ, 1947-1948 жылдары шаруашылықта әр аналыққа есептегенде 130-133 қозыдан, 100 құлыннан алынады. Осы тұста шаруашылықта жылқы саны 600-ге жетеді. Санаулы уақыт ішінде «Қарасай» колхозынан ғана төрт Социалистік Еңбек Ері шығуы елдің мерейі, еңбек адамдарының тынымсыз жұмысының оңды бағалануы көрінісі еді.
Осындай игілікті істердің бастауында жүрген Өтеу Құдайбергенов екі шақырылымда КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды, Социалистік Еңбек Ері атанды. Ырғыздан шыққан қарапайым еңбек адамы Мәскеуде де мәртебесі биік жүреді.  Қазақтың ғұлама ғалымы Қаныш Сәтбаевпен бірге халық қалаулысы ретінде ұлтымыздың мүддесін қорғап, қатар жүреді, үлкен сыйластықта болады.
Осындай әкенің өмір жолы баласы Хамиттің алдында тәлім-тәрбие мектебіндей алға тартып, бағыт сілтеп тұрды.
Хамекең үшін 1945-1952 жылдары Ырғыз аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Нұрқасым Бердіқұлов есімі де ерекше құрметті. Жабасақ ауылдық кеңесінің төрағасы болып жүргенде қатты сырқаттанып, өмірден өткен әкесі Өтеудің артта қалған отбасына қамқорлық жасап, жылы сөзін айтқан сол бір ерекше адамның көптеген өнегелі істері әрдайым жадында сақталады.
Осының бәрі оның өнеге өрістері еді. Институт бітіріп келіп, қызметке кіріскен тұсынан бастап, алдынан қаншама рет «Өтекеңнің баласы ғой!» деген сенім мен үмітке толы, бір жағы жоғары құрмет сынды ілтипатқа бөленді. Дегенмен, жас маман Хамит үшін бұл ең алдымен, үлкен жауапкершілік еді.

 

Ауыл тірлігінің қозғаушысы

Негізінде Хамит аға өзінің күнделікті өмірін ауыл тірлігінсіз елестете алмайды. Кішкентайынан ел ішінде Әштай атанып кеткен анасы Бекзаданың оң қолы болып өсті. Отбасындағы Жанзила, Жәнима, Сәбит, Хамит, Нұрболат, Лиза аталатын алты баланың орта тұсында болғанымен, жауапкершілігі жоғары болды. Алдындағы аға-апаларының бір жағы көмекшісі сияқты болса, соңынан ерген екі қарасының тірегі іспетті еді.
Берегіректе Бәймен Алманов атағын иеленген мектептің 1964 жылы бітірді. Қазақ сатирасының көрнекті өкілі Үмбетбай Уайдин, ғылым кандидаттары Байжан Белесов, Қаракөл Ізтілеуов, Жақсылық Қодаров, Байдәулет Отаралин, Қаз КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болған, ауыл шаруашылығының шебер ұйымдастырушысы Әліби Қойлыбаев, Ырғыз ауданының тұңғыш әкімі  Лайық Шоқпаров осы білім ордасының түлектері еді.
Әрине, алтын ұядан ұшқаннан кейін әркім болашақ жолын өзің таңдайды. Бозбала Хамит ауыл шаруашылығынан алыс кете алмайтынын анық сезінеді. Сондықтан да Оралдағы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына бағдар ұстайды.
Қолына диплом алғаннан кейін Калинин атындағы кеңшарда бас зоотехник болып еңбек жолын бастайды. Бұл уақытта шаруашылықты тәжірибелі басшы, Ұлы Отан соғысының ардагері Қияс Сәрсенбаев басқаратын. Осы кезеңде кеңшарда өндірістік көрсеткіштердің жоғары көтерілуімен бірге, көптеген әлеуметтік мәселелер де оңтайлы шешіліп жатты. Мұның барлығы жас маман үшін тәжірибе мектебіндей болып көрінді. Ал шамалы кейінірек ауданда жаңадан Киров атындағы кеңшар құрылғанда оған Хамит Өтеуовтің директор болып тағайындалуы заңды да еді. Өйткені, ол бұл уақытта іс тетігін игерген білікті басшы дәрежесіне көтерілген болатын.
Аз ғана уақыт ішінде жаңа кеңшар іргесін нығайтып, мал басын молайтты. Еңбек адамдары топтасып, бір кісідей шаруа жүргізе бастады. Соның нәтижесінде Киров атындағы кеңшар облыста алдыңғы қатардан көріне бастады.
Кейін Құмтоғай атағын алған бұрынғы Киров ауылының іргетасы 1985 жылдың қаңтарында қаланды. Бастапқыда вагондарда қоныстанған адамдар құрылыс жұмыстарын жүргізді. Бірінші жылы 60 үй, келесі жылы тағы да 65 баспана тұрғызылды. Ауыл тұрғындарының қолдау-көмегімен мектеп үйі ғимараты да қысқа мерзімде бой көтерді.
Жекешелендіру тұсында еңбекпен жиналған мал, шабындық алқаптары берекесіздікке ұшырамауы тиіс болды. Хамит Өтеуұлы ең алдымен осыны ойлады, осы бағытта жұмыс жүргізді. Екі тізгін, бір шылбырды қолға бекем ұстап, жеке шаруашылық құрды. Ауылдастарын бірігіп жұмыс істеуге шақырды. Осындай ұмтылыс нәтижесінде өмірге келген серіктестік бірден серпіліс танытты.
Хамит Өтеуұлы басқаратын «Алтын-Әсел» ЖШС уақыт ағымына қарай жаңаша жұмыс істеуге көшті. Бұл ретте мал тұқымын асылдандыруды берік қолға алды. Асыл тұқымды жартылай қылшық жүнді қой шаруашылығы мәртебесімен жүйелі жұмыстар атқарылды. Алғашқы кезеңнің өзінде мұнда төрт жарым мыңнан астам асыл тұқымды қой өсірілді. Қойды қолдан ұрықтандыру пункті талапқа сай жұмыс істеді. Шаруашылық Ақтөбедегі тәжірибе стансасының қой шаруашылығы бөлімімен тығыз байланыс орнатып, ғылыми негізде мал өнімділігін арттыруға бағыт ұстады. Серіктестік бастапқы бірер жылда асыл тұқымды саулық қой ұстағаны үшін республикалық бюджеттен қомақты субсидия алуға қол жеткізді.
Бүгінде мал бағудың, оның өнімдерін өткізудің  де өзіндік проблемалары аз емес. Бірақ, талай өмір сынынан өткен Хамит Өтеуұлы ауыл шаруашылығындағы мол тәжірибесін пайдаланып, ел игілігін молайту жолында көш бастауда.

 

Рухани істерге үлес

Бірыңғай шаруа жайымен жүре беру, басқа жаққа бұрылмай тірлік кешу бұл кісінің дағдысында жоқ. Үнемі айналаға алаңдап отырады. Ана бір жылдары көпшіліктің өтініш-қолдауымен «Құлтас баба мешіті» қоғамдық қорына жетекшілік етті. Әйтеке би ауданына қарасты Белқопа елді мекенінен мешіт бой көтеріп, ауыл тұрғындарын имандылық ісіне насихаттады, жақсылыққа тартты. Көп ұзамай осы арадан медресе ашылды. Мешіт имамына жақсы, тіршілігіне қолайлы тұрғын үй салынып берілді.
Бұдан басқа, ауыл маңындағы ескі қорым қоршалып, осы арадан мәңгілік мекен тапқан тарихи тұлғалардың басына ескерткіш тақталар орнатылды. Олардың арасында ХVІІІ ғасырда ел басқару ісіне қатысқан, билігі мен байлығы қатар өрбіген Әнербек Өтеғұл немересі, он екі жыл болыс болып, халыққа қапысыз қызмет еткен, кейін қуғын-сүргін құрбаны болған Мамыт Дуабайұлы, сондай-ақ жан-жағына береке орнатқан  Жолай бай мен оның баласы, заманында мырза атанған Жүсіптің есімдері жас ұрпақ жадына жаңаша сипатымен жаңғырып жетті.
Хамит Өтеуұлы басқарған ел азаматтары осы ауқымдағы шаруалардың барлығын елдің рухани жаңаруына леп болсын, өткеннің өнегесі ұмытылмасын деген ниетпен атқарғаны айқын.
Серіктестік жұмысы жолға қойылғаннан кейін елдік істердің атқарылуы міндет іспетті болды Хамаң үшін. Сондықтан да 2010 жылы Құмтоғай ауылында еңселі екі ескерткіш тұрғызды.
Оның біреуі Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналды. Өзбекстан Көркемсурет академиясының мүшесі, қыл қалам шебері Жақсыбай Төлегенов Тәуелсіздікпен бірге атамекенге оралған болатын. Ол Хамит Өтеуұлының ұсынысына орай ел қорғаған ерлерді еске алатын, оларға тағзым ретіндегі еңбекті абыроймен атқарып шықты.
Ал екінші ескерткіш осы селолық округ аумағынан шыққан алты Социалистік Еңбек Еріне арналды.  «Еңбек даңқы» аллеясындағы ескерткіш тақталарда Алмат Ырысбаев, Қызтуған Шегебаев, Жалпы Ордабаев, Оразбай Жұмабаев, Сағынбай Көшкінбаев және Хамиттің өз әкесі Өтеу Құдайбергенов есімдері айшықталып жазылды.
Хамит аға халқымен барды бөлісуге қашаннан бейім. Республикалық «Парыз» конкурсында ол басқаратын «Алтын Әсел» ЖШС-нің «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясында жүлдеге ие болуы — осындай еңбегінің бағалануы.
Өзі түлеп ұшқан Бәймен Алманов атындағы орта мектепке де жанашырлығын жоғалтқан емес. Құмтоғайда заманауи құрал-жабдықтары жасанған сәнді стадионды салып беруі де көпшілік қажетін өтеуге деген бір құлшынысы еді.
Кейінгі жылдары Ырғыз жерінен өтіп жатқан үлкен тас жол бойынан жолаушыларға жағдай жасайтын кемпингті іске қосты.
Хамит аға мен Айсұлу жеңгей бұл күнде немерелер сүйіп, олардан шөбере өрбігенімен, өздерін әлі де еңбектен алыс сезіне алмайды. Балаларының барлығы бір-бір мамандық игеріп, елдің өркендеуіне қызмет етуде. Қай жерде жүрсе де оларды біріктіретін бір орталық бар, ол — Хамит ағаның қара шаңырағы. Әке тағылымы, әулет дәстүрі осылайша ұрпақтар сабақтастығымен жалғасып келеді.

 

…Ырғыз өңірінде дала академиктері деп атауға тұрарлық аға буынның үлкен бір шоғыры бар еді. Олар елдің жайын да жақсы білетін, айналадағы шаруаны да үйлестіріп жүретін. Солардың бірқатарының жүзін көрді, енді бірқатарының ұстаздық тәлімін ұғынды, жанына еріп жүріп, жақсы сөздерін тыңдады.
Уақыт дегеніңіз сол, міне, енді алдыңғы қатарға өзі де келіп қалыпты.
Жетпіс бес жастың желкенін кеңірек керіп алып, өмір-мұхит айдынында тіршілік кемесін бұрынғыдай еркін жүздіре беріңіз, Хамит аға!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button