Басты жаңалықтарМәселе

Ақтөбенің ауасы қашан тазарады?

  • Брифинг

Ақтөбе — өндірісті аймақ. Бірақ көптеген зауыттар мен кәсіпорындардың түтіні мен қалдықтарының қоршаған ортаға тигізер зияны көп. Ақтөбедегі атмосфералық ауаның жағдайы бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр.  Осы орайда «Ақтөбе облысының  экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі Жол картасының орындалуы туралы»  Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Талап Ұснадин брифинг өткізді.

Облыстағы экологиялық проблемаларды шешу үшін 2020-2024 жылдарға арналған кешенді «Жол картасы» әзірленген болатын. Жол картасында көзделген шараларды уақтылы және толықтай жүзеге асыру бүгінгі күннің басты жұмысы болмақ.

Биыл қалалық кәріздік сорғы стансаларында жағымсыз иістерді басу үшін препараттарды қолданып, кәріздік суларды тазарту, өңдеуге бюджеттік өтінім берілген. Микробиологиялық әдісті қолдану арқылы Ақтөбе тазарту қондырғылары кешенінің сарқынды су жиынтығын кәдеге жарату жобасын іске асыру мерзімі 2022 жылдың желтоқсан айы болатын. Алайда мердігердің шарттық міндеттемелерін орындамауына байланысты жұмыс тоқтап тұр.

Қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы тазарту құрылыстары кешенінің техникалық-экономикалық негіздемесі, жобалық-сметалық құжаттамасы қайта жасақталып жатыр. Қаржыландырудың бірнеше нұсқасы қарастырылады.

Қалалық кәріз жүйесіне құйылатын өндірістік ағын суларды тазарту жүйелерін орнату бойынша анықтау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ жергілікті тазарту қондырғыларын орнатпағандарға кәсіпорын тарапынан ескертулер берілді.

Қауіптіліктің 1-ші санатындағы кәсіпорындардың шығарындылары көздеріне атмосфералық ауа мониторингі жүйесін енгізу мерзімі 2021 жылдан 2024 жылға дейін белгіленген.

Жүргізілген тексерулердің нәтижесінде 121 жер телімінен заңсыз шығарылған қалдықтар анықталды. Бүгінгі күні оның   4 жер телімі қалдықтардан тазартылды.  

2021 жылы 3 аудан орталығында қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынған болатын. 2021 жылы басталған  Мәртөк, Қобда, Байғанин аудандарындағы  қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының құрылысы биыл аяқталады. Алдағы жылдары облыстың 6 елді мекенінде қоқыс полигонын салу жоспарланып отыр. «Ақтөбе қаласының индустриалды аймағындағы ескі, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын жою және қалпына келтіру» жобасы әзірленгенімен, қаржыландыру жағы шешілген жоқ.

Көкжиде құмдарының жерасты және жерүсті суларының сапасына мониторингтік зерттеулер жасалды. Қазіргі уақытта ведомствоаралық комиссия құрылды. Бүгінгі таңда аталған табиғат пайдаланушылардың аумағынан қайталама сынамаларды жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жер қойнауын пайдаланушыларды тексеру жұмыстары жалғасады,— дейді департамент басшысының міндетін атқарушы Т.Ұснадин.

Оның айтуынша, жерасты суларының аумағында жер қойнауын пайдаланушылардың қызметін кезең-кезеңімен тоқтату жоспарланып отыр.

Ақтөбе облысында 2025 жылға дейін суармалы жерлерде суды үнемдеу, елді мекендер маңындағы өзен арналарын тазарту және сауықтыру аймағын құру ұйымдастырылады. Қала әкімдігі мен «Су шаруашылығы жобалау институты» ЖШС келісімге қол қойды. Жобаның құны — 67 миллион теңге.

Жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық аумақтарындағы бүлінген жерлерге түгендеу және техникалық-биологиялық рекультивация жүргізу мәселесі тұрақты бақылауда. Мәселен, 2021 жылы ірі кәсіпорындар үшін мелиорацияланған жер көлемі 785,18 гектарға жеткен.

Жол картасында көзделген іс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуы өңірдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына әкеледі.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button