Басты жаңалықтарМәселе

Атады қандай адам көзі қиып…

Осыдан он бес жыл бұрын даланың ерке жануарлары — киіктерді қорғау және сақтау үшін мемлекет тарапынан қамқорлық жасалып, осы мақсатты жүзеге асыратын арнайы мекеме құрылды. Сол тұста киіктер саны мүлдем азайып кетсе, бүгінгі күні олардың көбеюі фермерлерге, яғни ауыл шаруашылығына зиян келтіре бастағаны әңгіме өзегіне айналуда. 

 

Жағдайды айқындап, түсіндіру үшін облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының басшысы Әділгерей Әуелбаев Қарабұтақта семинар өткізді. Бұл жиынға Ырғыз және Әйтеке би аудандары өкілетті органдарының өкілдері және басқа да мүдделі мекемелердің жауапты қызметкерлері шақырылды.
Бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отырған жай облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұловтың төрағалық етуімен және полиция департаменті басшылығының қатысуымен кеңінен талқыланған. Кездесуге арнайы келген фермерлер өздерін мазасыздандырған жәйт туралы баяндаған. Олардың егіс алқаптарына киік табынының жаппай жайылуы болашақ өнімге зиян келтіретіндігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан олар күнде ерте тұрып, табиғаттың ерке жануарларын үркітумен айналысады, ол аз десеңіз күні бойы көлікпен күзет ұйымдастырады екен.
— Бәрібір жерімізді қорып үлгеретін емеспіз. Енді не істеуіміз керек? — деп қолын жаяды шаруалар шарасыздықтан.
Олардың тұжырымдарын Әйтеке би аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Мейрамбек Сәтімов те қолдайды.
Оның айтуынша, бірінші болып «Құмқұдық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен дабыл түсіпті. Бұдан басқа, Сұлукөл мен Толыбай ауылдарының аралығында мал шаруашылығымен шұғылданатын «Жаназар» және егіншілікпен айналысатын «Алға» шаруа қожалықтары бар. Құмқұдық пен Ақтасты ауылдарының ортасында «Әсемназ» кооперативі және басқа да бірқатар шаруашылықтар орналасқан. Темірбек Жүргенев атындағы ауылдық округі аумағында «Еңбек Агро», «Бұлақ Агро» және «Бұлақ» ауыл шаруашылығы ұжымдары жұмыс істейді.
— Осы аталған өңірлер киіктің өрісіне айналып отыр. Осы дерек бойынша біз табиғат қорғау органдарына жазбаша түрде қатынас түсірдік, — дейді Мейрамбек Сәтімов. — Алайда «Охотзоопром» коммуналдық кәсіпорны мекемесінің өкілдері келген уақытта олардың көзіне бірен-саран ғана аң жүргені ілінді. Ал арада екі күн өткенде қайтадан тұтас табын пайда болды.
Бір айта кетерлігі, «Еңбек Агро» шаруашылығы аумағында киіктер қыстап шықты. Балжанай мекеніндегі шаруа қожалықтары иелері де жайылымдарының киік табаны астында қалғанын шағынып айтады. Олар жанталасып бізге келеді, біз болсақ шарасыздық танытамыз. Шаруалар киікті өз аумағынан үркітіп жібергенімен, олар бәрібір басқаның егініне түседі. Киіктердің үнемі көшіп жүретіні жұртшылықтың бәріне белгілі.
Мәселен, Хан моласы мекені аумағын бұған дейін киіктер тұрақты жайлап келсе, маусым айының орта тұсында олар бұл маңнан мүлдем көрінбей кетті.
Қысқасы, шаруалар өз алқаптарын күзетіп үлгере алмайды. Қорғаудағы жануарларға мылтық кезену заңға қайшы. Біреулер үркітетін құралдар пайдалануға кеңес береді, ондай қару да қолға түсе бермейді.
Экология, геология және табиғат ресурстары министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің «Охотзоопром» коммуналдық кәсіпорны мекемесінің директоры Сәбит Дүйсекенов бұл проблеманың өткен жылдан бері қозғалып келе жатқанын, әкімдікте кеңес те өткізілгенін айтады. Олар 2013 жылдан бері дала жануарларын жергілікті тұрғындарды айтпағанда, көрші облыстардан да арнайы келетін қаскөй аңшылардан қорғап келеді.
— Соңғы он жыл аумағындағы мәліметтерді зерттеп көргенімізде, екі ауданда ғана 89 джип жүрдек көлігі тәркіленген екен. Ал киік мүйізіне қызыққан қанша адам ұсталып, осы қылмыстары үшін қаншасы қапас торға қамалғаны өз алдына бөлек әңгіме, — дейді Сәбит Дүйсекенов. — Бүгінгі күні оның саны көбеюі қызу талқылануда, оған блогерлер де үн қосуда. Кейбіреулер сонау сексенінші жылдары киіктерді заңды негізде атуға рұқсат берілгенін айтады. Алайда, 1998 жылы Үстірт популяциясы 30 мың басқа дейін қысқарғанын ұмытпауымыз керек.
Резерват құрылымдалған 2007 жылдың күзінде Бетпақдала популяциясы 7 мың маңын құрады, ал 2015 жылы ол жарты миллионға дейін өсті. Ал 2015 жылдың мамыр айында киіктердің жаппай қырылуы орын алды.
2013-2014 жылдары бұл жануарлардың саны қазіргіге қарағанда көп болғанын жасырудың қажеті болмас. Олардың үдере көшуі Қарабұтақ өңірінде қамтыды. Бірақ, сол кезде киіктердің шаруашылыққа зияны туралы бірде-бір әңгіме қозғалған емес.
Биылғы жылы Батыс өңірі бойынша біздің аймақтық кәсіпорыннан Батыс Қазақстан облысы филиалы бөлініп шықты, өйткені оларда киіктер санының күрт өсуі байқалды. Олардың мәліметтері бойынша, Орал популяциясы бір миллионнан асып жығылған. Ол жақтағы фермерлер де киіктерден пайда көріп отырмағандарын айтады.
Қолдағы мәліметтер бойынша, қазіргі уақытта киіктер негізінен үш өңірде — Әйтеке би, Шалқар және Ырғыз аудандарында жинақталған. Олардың саны шамамен 750 мың басты құрайды.
— Аталған жылдардың өзінде Әйтеке би ауданы аумағында киіктер болған емес, яғни олардың тұяғы алқаптарымызды таптаған жоқ, — дейді Мейрамбек Сәтімов. — Қазір шаруалар киіктерді үркітіп, қуалаудың өзінен қорқады. Олар егістікті жапырып, жарамсыз етіп кетуі мүмкін. Біз киіктерді құртуды қолдап отырғанымыз жоқ, бірақ олардың қозғалысы мен саны мөлшерін реттеуді ұсынамыз.
Әділгерей Әуелбаев атап көрсеткендей, киіктердің қозғалыс бағытына тіпті космостан мониторинг жүргізіледі екен. Мысалы, биылғы маусымдағы санақ резерват аумағында 83 мың киік барын көрсетті.
Қалай десек те, Заң бүгінгі күні бұл жануарларды атуға және аулауға тиым салады. Оны бұзғандар Қылмыстық кодекспен жазаға тартылады.
Киіктерді қорғау және сақтау үшін мемлекет тарапынан шаралар қабылданып, резерват және «Охотзоопром» коммуналдық кәсіпорны мекемесі құрылды.

 

Резерватқа — 15 жыл!

Киіктер проблемасы кеңінен қозғалып жатқан осы тұста Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты өзінің құрылуының 15 жылдық мерекесін атап өтті. Аталған кәсіпорын Үкіметтің 2007 жылғы қаулысымен киіктерді қорғау, олардың көбеюіне жағдай жасау мақсатында құрылды. Ол құрылған тұста дала киіктерінің саны шамамен 7 мың басты құрады.
Мерекелі сәтке байланысты Ырғызда салтанатты шаралар ұйымдастырылды, онда игілікті істің бастауында тұрған ардагерлерге айрықша құрмет көрсетілді. Кездесу барысында олар алғашқы кездегі қиындықтарды еске алды, айдалада киіктерді қорғау үшін ескі көліктермен күзетте тұрып, жазда ыстыққа күйіп, қыста суыққа тоңғандарын әңгімеледі.
Қостанай облысынан «Алтын дала» және Қызылорда өңірінен «Барсакелмес» мекемелерінде өзара ынтымақтастықта қызмет етіп келе жатқан әріптестері той иелерін құттықтауға арнайы келді.
Резерват директоры Мейірхан Дуанбековтің айтуынша, Ақтөбе және Қостанай облыстары қиылысындағы ерекше қорғалатын 1,5 миллион гектар аймақ олардың қарамағына берілген. Кәсіпорында 99 адам қызмет етеді, олардың 65-і — ауқымды аймақты тәулік бойы күзететін мемлекеттік инспекторлар.
2015 жылғы киік өліміне қарамастан, қазіргі уақытта олардың өсімі реттеліп, саны 400 мыңнан асқан.
— Резерватта өз алдына ғылыми бөлім қызмет етеді, ондағы қызметкерлер киіктердің миграция жолдарына мониторинг жасайды, — дейді Мейірхан Дуанбеков. — Сондай-ақ біздер Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті ғалымдарымен, Қазақстан биологиялық әртүрлі құрылымдарды сақтау ассоциациясымен белсенді түрде бірігіп, ынтымақтастықта жұмыс жасаймыз. Бұдан басқа, үш туристік экологиялық маршруттар белгіленді. Оның екеуі іске қосылды, үшінші жоба енгізілу үстінде.
Директордың пікірінше, киіктер саны ұлғайғандығымен оны ату немесе аулау жайын күн тәртібіне ұсыну қажет емес.
— Біздің Бетпақдала популяциясы үшін киік ату дұрыс емес деп санаймын, — дейді Мейірхан Дуанбеков. — Киіктер негізінен резерват аймағын мекендейді, ол жерлерге енуге шаруаларға тиым салынған. Киіктер біздің аймағымыздан шығып кеткеннің өзінде, алқаптардың немесе жайылымдықтардың жаппай жарамсыз болып қалу оқиғасы әзірге тіркеле қойған жоқ. Керісінше, ғалым-экологтар атап көрсеткендей, киіктер дала флорасын байытуға, түрлендіруге көмектеседі.

 

  • Сарапшы пікірі:

Киіктердің өсуі ешкімге кедергі жасамайды

 

Ақылжан Телеуов,
Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің экология және биология кафедрасының доценті:

— Біз бұл резерватпен фауна мен өсімдіктерді зерттеу бойынша бірлескен жобаларды ұзақ уақыт бірге атқарып келеміз. Олардың барлығын бірдей сирек кездесетін немесе жоғалып бара жатқан деп санауға болмайды. Бұл ортада киіктердің құрылымдаушы фактор ретінде саналуының өзі басқа да жануарлар мен құстардың, дала өсімдіктерінің өсуіне игі ықпалын тигізеді. Сондықтан да біз киіктерді қорғау арқылы өзіміз тіршілік етіп отырған ортаны да қорғаймыз.
Резерватты құру — мемлекет тарапынан табиғатқа ұқыпты қатынасты білдіреді. Енді қоғамдық пікірге келетін болсақ, бұл мәселе қай уақытта табиғи жолмен реттеледі. Қазіргі кезде киіктер санының көбеюі ауыл шаруашылығына зиянын тигізеді деу, бұл қателескендік деп білемін. КСРО уақытының өзінде шаруашылықтарды мал саны көп болып, сонымен бірге қырда киіктер өріп жүргенде де олардың бір-біріне кедергісі болған емес.
Осы аумақта киіктердің өмір сүруі үшін санына шектеу қою нендей көрсеткіштерге негізделетіні мені таң қалдырады. Егер өрісі, қонысы болса, киіктердің соған сай популяциясы да жүруі тиіс. Бұл — табиғи заңдылық.

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­ Үкімет­тің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде осы мәселеге байланысты: «Салалық министрлікке қатысты айтсақ, министрге сөгіс жариялаймын. Біріншіден, сөгіс жоғарыда айтқан кемшіліктер үшін беріліп отыр. Сондай-ақ киіктердің тағдыры туралы түсініксіз әуре-сарсаң мен пікірталас қалыптастырғаны үшін сөгіс жарияланады. Мұның бәрін қоғамдық талқылаудың осыншалық деңгейіне шығарудың қажеті не? Бұл мәселеге ұлтымыздың менталитетін ескере отырып, кәсіби тұрғыда келу керек. Шынында, киік қазақ халқы үшін киелі жануар саналады. Табиғи ландшафтан 80 мың бас киікті жою, яғни өлтіру туралы ұсыныс енгізіліп отыр. Бірақ басқа да тәсілдер бар секілді. Мамандармен ақылдасыңыздар. Бұл ең соңынан жүгінетін шара ғой. Мен мұны қолдануымыз мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Бірақ мұның ақырғы шара екенін қайталап айтамын. Мәселеге кәсіби тұрғыда қарау керек», — деді. Енді министрлік жаңаша жоспарлар құрып, мәселенің оңтайлы шешілу жолдарын қарастыратын болады.

Абат ҚАРАТАЕВ,
Әйтеке би,
Ырғыз аудандары.

Басқа жаңалықтар

Back to top button