Спорт

Қызметкерлер волейбол ойнады

Турнир

ҚР ҰҚК Ақтөбе облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Ұлттық Қауіпсіздік органдарының құрылғанына 30 жыл толуына және Кеңес Одағының батыры, ақтөбелік барлаушы Федор Озмительді еске алуға арналған волейболдан облыстық турнир өтті.

Мемлекеттік органдар мен күштік құрылымдардың қызметкерлері қатысқан спорттық шараның мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттап, қызметкерлердің спорттық шеберліктерін шыңдау.

Федор Озмительді еске алуға арналған дәстүрлі турнир биыл үшінші рет өткізіліп отыр. Оған облыстағы ұлттық қауіпсіздік департаменті, полиция департаменті, төтенше жағдайлар департаменті,шекара қызметі, Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің әскери институты және әскери бөлімдердің қызметкерлерінен құралған 8 команда қатысты.

Федор Озмитель кезінде волейболды жақсы ойнап, спорттың бұл түрін жандандыруға үлес қосқан. Сондықтан оның атындағы турнир жыл сайын тұрақты түрде өтеді. Бұл турнир қауіпсіздік саласы мен әскери қызметте жүргендерді бір-біріне жақындастырып, достық қарым-қатынасты нығайтады.  Турнирге қатысушылар жылдан жылға көбейіп, жастармен толығып, дәрежесі көтеріліп келеді. Биылдың өзінде 40 жасқа дейінгі 100-ге жуық спортшы ойнады. Турнирдің жеңімпаз командалары медальдар мен бағалы сыйлықтар алса, үздік ойын көрсеткендер арнайы Алғыс хаттармен марапатталды, — дейді ҚР ҰҚК Ақтөбе облысы бойынша департаментінің жедел уәкілі Саламат Ахметкерей.

 С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button