Басты жаңалықтарЭкономика

Инфрақұрылымды дамыту өмір сүру сапасын да жақсартады

Өңірімізге Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев жұмыс сапарымен келді.

Аймақтың сумен жабдықтау жүйелерімен және бірқатар өндіріс орны жұмысымен танысқан Еркебұлан Дауылбаевтың сапары «Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамынан басталды. Аталған мекеменің директоры Ержан Жексембиновтің айтуынша, қазіргі таңда қалаға тәулігіне 76 мың текше метр су беріліп отыр. Ауа райының ысыған кезінде 90 мың текше метрге дейін көтеріледі. Жерасты су көзінің қоры жеткілікті.

— Облыс бойынша тек жерасты суы пайдаланылады. Сумен жабдықтау жүйелері толығымен автоматтандырылған. Әрбір ұңғыма мен су қоймаларында қанша көлемде су тұрғандығы жіті бақыланып отыр. Биыл алғашқы 5 айдың ішінде су желілерінде 89 апатты жағдай болды. 

Жеке адамдарға тариф құны — 85 теңге (1 текше метрі). Соңғы екі жылда пандемия салдарынан тарифті көтеруге мораторий жарияланды. Негізі жоспарда инфляцияға байланысты тариф құнын жыл сайын 4 пайызға көтеру белгіленген, — деді Ержан Жексембинов.

Қазір аталған мекеме меншігінде қала бойынша 55 кәріздік сорғы станциясы бар. Бұлардың да жұмысы арнайы компьютерлік бағдарлама бойынша бақыланады. Есептеуіш құралдардың орнатылу деңгейі — 99 пайыз.

— Сумен жабдықтау және кәріз жүйесіне қосылу үшін техникалық шарт алу міндеттеледі. Осы техникалық шартты беру жұмыстары мейлінше ашық болуға тиіс. Деректер бірыңғай базаға тіркеліп, тұрғындарға қолжетімді болғаны дұрыс, — деп атап өтті вице-министр.

Бұдан соң вице-министр «Үй құрылысы комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Зауыт жылына 50 мың шаршы метр тұрғын үй салуға жететін материалдар шығарады.

Еден плиталарын, қабырға панельдерін, тұрғын үй баспалдақтарын, басқа да құрылыс бұйымдарын өндіретін зауытта қазір 100-ден астам жұмысшы бар.

Бүгінде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияровтың айтуынша, қазір 3 бөлмелі ( шамамен 74 шаршы метр) көп қабатты тұрғын үйлерге сұраныс жоғары.

Еркебұлан Дауылбаев сол себепті бір жобамен ғана шектеліп қалмау керек екенін алға тартып, мемлекет тарапынан тиісті қолдау болатынын жеткізді.

Бұдан кейінгі бағыт «Aqtobe su-energy group» акционерлік қоғамының кәріз жүйелері аймағында жалғастыҚаладағы ауаны ластаушы көздердің бірі — кәріз жүйелері. Мамандармен әңгіме барысында осы мәселе талқыланды:

— Кәрізді тазарту құрылғысы өткен ғасырдың 80-жылдары салынған. Қазір құрылғылардың 80 пайызы тозып тұр. 2005 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Бұл құрылғылар 250 мың тұрғынға арналып салынған. Ал қазір қала тұрғындары 500 мыңнан асты.

Алда модернизциялау жұмыстары жүргізілмек. Сондықтан бұл мәселе сарапталып, зерттеледі, —  дейді «Aqtobe su-energy group» АҚ директоры Ержан Жексембинов.

Еркебұлан Дауылбаев жобалық-сметалық құжаттарын тезірек әзірлеп, ұсынуды, және сапасына мұқият мән беру керек екенін айтты.

Сондай-ақ вице-министр бастаған топ Ақтөбедегі Әбілқайыр хан даңғылының бойындағы көп қабатты тұрғын үйдің жаңартылған жеделсатыларын қарап шықты.  Қала әкімінің орынбасары Сергей Ли апатты тұрғын үйлер туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінде қаладағы 33 апатты 354 отбасы тұрып жатқанын айтып, осы мәселелердің шешу жолдарын ұсынды.

Облыстық құрылыс сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров Батыс-3 елді мекенінің инфрақұрылымымен таныстырды.

— Биыл Батыс-3 ауданына жаңа су тазарту қондырғысын салуды жоспарлап отырмыз. Қазір бұл ауданда 100 мың тұрғын тұрады. Жалпы алаңы 836 гектар аумақты алып жатыр. Сумен жабдықтау жұмыстары биыл толығымен аяқталады. Қазір кәріз желілері жүргізіліп жатыр. Жыл аяғына дейін шағын ауданның мәселелері толығымен шешіледі.

Жалпы шаһарда 53 тұрғын үй массиві бар. Қазір соның 15-іне су жетіспей тұр. Себебі қосымша су көзі табылмай отыр. Алдағы уақытта бұл мәселе шешілетін болады, — деді басқарма басшысы.

Қала әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе қаласын сумен жабдықтау жұмыстарымен таныстырып өтті.

Сөз соңында Еркебұлан Дауылбаев жобалық-сметалық құжаттар сапалы әрі уақтылы әзірленуге тиіс екенін айтты.

Түстен кейін облыстық әкімдікте Еркебұлан Дауылбаевтың төрағалығымен жиын өтті.

Жиынға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов, облыстық басқарма басшылары, коммуналдық кәсіпорындардың, Ақтөбеде үй салып жатқан құрылыс компанияларының өкілдері, қалалық бөлімдердің басшылары қатысты.

Жиын барысында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылысты бақылау басқармасы басшысының орынбасары Серік Өтегеновтер баяндама жасап, аталған салаларда шешімін таппай тұрған мәселелер барын айтты. Бірі инженерлік желілердің тозуы мен ауызсу қорын сөз етсе, енді бірі тұрғын үй кезегіне тұрушылардың жыл сайын көбейіп жатқанын баяндады.

Одан соң құрылыс компанияларының өкілдері ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Жиыннан соң вице-министр бірнеше азаматты жеке қабылдады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК,

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button