Спорт

КОМАНДАНЫҢ ҚОЛДАУШЫСЫ КӨП

Футбол

Бейсенбі күні Қобыланды батыр атындағы Орталық стадиондағы «Ақтөбе» футбол клубының баспасөз орталығында биылғы ел чемпионатының сәл-пәл үзілісі алдындағы баспасөз мәслихаты өтті.

Ең алдымен «Ақтөбе» футбол клубы басқармасының төрағасы Ерлан Жамантаев өзінің қызмет ауыстырмақ ниетте болғандығы туралы әңгімеледі. Расында да, ол Қазақстан футбол федерациясына техникалық директордың орынбасары лауазымына шақырылған, сөйтіп жанкүйерлермен жылы қоштасқан. Бірақ мұны «13-сектор» жанкүйерлер қозғалысы тіпті де қостамай, оның үстіне облыс әкімі Оңдасын Оразалинге Е.Жамантаев «Ақтөбе» футбол клубының игілігі үшін жұмысын жалғастыруы керектігін айтып өтініш жазған. Ал Оңдасын Сейілұлы бұдан соң басқарма төрағасына жанкүйерлердің ықыласын жерге тастамағаны мақұл екендігі туралы әңгімелеп, солайша Е.Жамантаев бұрынғы тізгінді қайта қолға алған.

Одан әрі басқарма басшысы клубтың бүгінгі ахуалы жөніндегі сауалдарға жауап берді. Расында да, қатарынан төрт жеңіске жеткен команданың, бас бапкер Андрей Карповичтің биыл чемпиондық тәжге ие болуға ықыласты болмауы мүмкін бе? Бұл ретте тек «асатпай жатып, құлдық» деудің де жөні жоқтығы айтылды. Бастапқы кезде біраз сүрінген «Ақтөбенің» жақсы қалыпқа түсуі де жаңа бапкердің келуімен байланысты екені мәлім. «Атырауды» да, «Тобылды» да 10 футболшымен ойнай жүріп жеңу, «Астананы» ірі есеппен ұту, «Шахтерден» 0:2 есебімен ұтылып жатып жеңіске ие болуы команданың қазіргі жоғары деңгейін көрсетіп-ақ тұр емес пе?! Міне, осы себептен де қазір «Ақтөбеге» әлдеқайдан орасан зор қаржыға соншама көп футболшылар шақырудың қажеті бар ма? Оның орнына жергілікті ойыншыларды тәрбиелеу керек. Әрине, команданы күшейту назардан тыс та қалмайды. Дегенмен бұл қаржы жоқтығына байланысты емес. Қаржы бар. Уақтылы беріліп тұрады. Тек осыны үнемдеп, тиімді пайдалана білу керек. Оның үстіне футболшыларды іріктеу бір ғана адамның қалауымен шешілмейді, директорлар кеңесі бар, бапкерлік штаб бар, міне, осылар ортақ шешім қабылдайды. Сондай-ақ бұрын бізде ойнаған тәуір футболшылардың ішінде де командаға қайта оралғысы келетіндер бар.

Басқарма басшысы стадион туралы сұрақтарға да жауап берді. Орталық стадионды жөндеу жұмыстары күзде жүргізіледі. Стадионның әдемі де жайлы болуы, УЕФА талаптарына толық сай келуі, барлығы да сол кезде жүзеге асырылады.

Ақтөбе футболының жайына байланысты бұдан басқа да біраз әңгімелер айтылды.

 Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button