Жаңалықтар

Кондитер болуға үйретеді

Кәсіп

Ақтөбе облысының әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы кондитер болуға басынан бастап үйретеді. Бүгінде өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанындағы аталған орталыққа жүгінген жиырма ақтөбелік тегін курста оқып жатыр.

Бес күндік курс барысында кәсіби кондитер Гүлайым Абиева ақтөбелік әйелдерге нан-тоқаш өнімдерін және тәтті кондитерлік өнімдерді дайындауды үйретеді.

— Кондитерлік кәсіпті көптеген қыз-келіншек табыс көзіне айналдырғысы келеді. Ол үшін бұл саланы жете білу керек. Біздің курстарға жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлер де, көп балалы әйелдер де, халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан әйелдер де қатыса алады. Бес күнге созылатын курс аяқталғаннан кейін қатысушыларға тиісті сертификат беріледі, — дейді орталық кеңесшісі Ләззат Жаманқұлова.

Курстар «Абиева Г.» ЖК оқу орталығының базасында ұйымдастырылады. Гүлайым Абиева кондитерлік нарықта бес жылдан бері еңбек етеді.

Нан-тоқаш өнімдері үнемі сұранысқа ие. Сондықтан бұл курсты тәмамдағаннан кейін бірден кәсіп бастап кетуге болады. Басында аз табыс болады, кейін клиенттер көбейеді. Бір артықшылығы — бизнесті үйде отырып та жасай беруге болады. Курстарда дайындау технологиясын ғана емес, сондай-ақ бизнестің кіріс және шығыс калькуляциясын есептеуді де үйретеміз,  — деді кәсіпкер.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button