Жаңалықтар

Мол еді жүрек жылуы

Әріптес туралы сөз

Уақытта тоқтам жоқ, ілгері жылжи береді, артқа қайырылып тұрмайды. Біздің әріптес, пікірлес және сыйлас жолдасымыз Ізімғали Әбдірахманұлы Көбенов мәңгілік мекеніне аттанғалы жыл өтіпті.

Оның бүкіл ғибратты ғұмыры, еңбек жолы — туған елімізге қалтқысыз қызмет етудің үлгісі. Ол біздің қозғалысымыздың бастауында тұрды, оның белсенді қатысушыларының бірі болды. Оның белсенді азаматтық ұстанымы, кез келген нәрсеге бейжай қарай алмайтын сергектігі, адалдығы мен ашықтығы «Невада-Семей» халықаралық ядроға қарсы қозғалыстың Батыс Қазақстан бөлімшесінің төрағасы бола жүріп, өзі жетекшілік еткен аймақта біздің идеяларымызды өмірге табысты енгізуге мүмкіндік берді.

Семей полигонының қырық жылдық қызметіндегі ядролық сынақтарының зардаптары қоршаған орта мен адамдардың денсаулығына қаншалықты зиян келтіргені көпшілікке мәлім. Семейден қашық орналасқанына қарамастан онкологиялық сырқаттар мен туа бітті жүрек ақауы Қазақстанның батыс облыстарында да өрістей түсті. Бұдан басқа, Азғыр және Капустин Яр полигондарының жақын орналасуы да осы аймақта тұрып жатқан адамдардың тыныс-тіршілігіне кері әсерін тигізді.

Ізімғали Әбдірахманұлы медицина саласындағы білгір маман ретінде жергілікті тұрғындардың денсаулығын қалпына келтіру үшін және оларды әлеуметті жағынан қорғау жолында көптеген шаруалар тындырды. Ол «Невада-Семей» халықаралық ядроға қарсы қозғалыстың проблемалық комитетінің «жер мен адамды қайта түлету» бағдарламасын белсенді түрде жүзеге асырды.

Біздің Конгрес, форум, республикалық және халықаралық конференциялардағы, дөңгелек үстел басындағы жүздесулердегі жарқын сөздері қатысушылар тарапынан ылғи да қызығушылық тудырды және жарасымды үндестік тапты.

Ол өз айналасына қандай да бір назар аударатын жәйттер мен қауіп-қатерлерге байланысты, оның ішінде экологиялық тұрғыдағы мәселелерге де жедел және нәтижелі қимыл жасауға әзір, кәсіби адамдар командасын жинай білді. Бұл аз десеңіз, өзінің жүрек жылуымен, бойындағы күш-қуатымен адамдарды маңайына үйіріп, топтастыра алатын, өзінің идеялары мен жобаларын, ой-мақсаттарын жүзеге асыруға бейім жақтастар санын көбейте білетін.

Біздің Бейбітшілік эстафетасын жастарға беру туралы бастамамызды өмірге енгізе отырып, соңынан ерген іні-қарындастарына да ерекше көңіл бөлуші еді.

Біздің жақсы досымыз, тамаша адам Ізімғали Әбдірахманұлының жарқын бейнесі «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының ардагерлері мен белсенділері жадында мәңгілік сақталатын болады.

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ,

 «Невада-Семей» халықаралық ядроға қарсы қозғалыстың президенті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button