Басты жаңалықтарМәдениет

«Нағыз қазақ — домбыра»

Ұлттық домбыра күні

ҚР Тұңғыш Президенті атындағы Орталық саябақта Ұлттық домбыра күніне орай «Ұлтымның ұлы аспабы — домбыра» атты қалалық мәдени-көпшілік іс-шарасы өтті.

Шараға қаламыздағы мәдениет мекемелерінен, саз колледжі мен саз мектептерінен, шығармашылық орталықтардан келген өнерпаздар қатысты.

Кеш шымылдығы 150 домбырашының бір мезетте орындауында «Ерке сылқым», «Балбырауын» күйлерімен ашылды. Домбыраның қоңыр үні жүректерді тербеп, жиналғандарға ерекше көңіл күй сыйлады.

Бұдан әрі ұлттық өнеріміздің дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар домбырашы марапатталды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Балмағамбетова А.Жұбанов атындағы қазақ ұлттық аспаптары оркестрінің мүшелері, белгілі күйші Жайлаубай Асылханов, Талап Хамзин, Құрманғазы Асылханов, Көпжасар Батырхан, «Арайлы Ақтөбе» фольклорлық ансамблінің күйшісі Ержан Байдөсеков сынды қазақтың дәстүрлі ән-күйін насихаттап жүрген өнер иелерін марапаттады.

Сондай-ақ мұндай құрметке облыстық филармонияның бірқатар дәстүрлі әншісі мен облыс аудандарынан келген саз мектебінің ұстаздары да ие болды.

Дастан Қабылов, Қоянбай Тобағабылов, Ләззат Медетова секілді барлығы 8 дәстүрлі әнші қала әкімінің Алғыс хатын алды.

Мұғалжар ауданы Ембі қалалық мәдени орталығының халықтық ұлт аспаптар оркестрінің жетекшісі, мәдениет саласының ардагері Сәлима Алдабергенова «Күйшілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Құрманғазы Сағырбайұлы» атындағы төсбелгісімен, күйші, мәдениет саласының ардагері Бақберген Көлбаев «Халық күйшісі» төсбелгісімен марапатталады.

Шара барысында «Достық сазы» фольклорлық ансамблінің, Сазды мәдениет үйінің «Ниязбековтер» отбасылық ансамблінің өнерпаздары, Күйшілер одағының мүшелері қосылып, Қазақстандағы күйшілік мектептердің күйлерін күмбірлете орындады.

— 2018 жылдан бері Ұлттық домбыра күні тойланып келеді. «Нағыз қазақ — қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра» деген Қадыр Мырзалиевтің өлеңі халқымыздың өмір сүру салтындағы домбыраның орнын әйгілеп тұр. Ұлттық домбыра күні — салт-дәстүрімізге құрмет көрсетілетін күн. Еліміздің әр түкпірінде қасиетті аспапқа арналған ескерткіш мүсіндер бой көтеріп үлгерді. Бұл рухани жаңғырудағы соны серпіліс десек те болады.

Баршамыз бабадан жеткен жәдігерімізді жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек, — дейді Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Бөлекова.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button