Спорт

Оқырмандар арасындағы ойын

Спартакиада

«Ақтөбе Медиа» ЖШС Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні мен Елорда күні қарсаңында газет жазылушылары арасында спартакиада өткізді. Қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің қолдауымен өткен жарыс қатысушылары  дойбы, тоғызқұмалақ, үстел теннисінен, суға жүзуден өзара мықтыны анықтады.

Спартакиадаға медицина және білім саласы қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, «Aqtobe su-energy group» мекемесі мен «Ақтөбе Медиа» ұжымдарынан барлығы 70-ке жуық адам қатысты.

«Ақтөбе Медиа» атынан спорттық жарыстарға әріптестеріміз Нұргүл Арынова, Исламғали Бітіков, Есенжан Керіков, Шолпан Мұхамбеталина, Есет Қажетов (үстел теннисі, жүзу), Мейрамгүл Сатаева (тоғызқұмалақ), Жақсылық Айжанов, Ақерке Сатыбалды (дойбы) қатысып, жалпыкомандалық есепте төртінші орынға тұрақтады. Өзінің қонақжайлығын білдірген команда қоржынына бір қола медальді тоғықұмалақтан Мейрамгүл Сатаева әкелсе, тағы бір қола медальді дойбыдан Жақсылық Айжанов салды.

Жарыстың барлық түрі бойынша педагогтер құрамасы алға шықты. Үстел теннисінен ерлер арасында жарыста Асқарбек Раев бірінші орынға шықса, әйелдер арасындағы ойында Перизат Отарбаева қарсыластарға жол бермеді. Білім саласының қызметкерлері жүзу бойынша да үздік үштікті бастап тұрды. Сайыстың бұл түрінен «Aqtobe su-energy group» мекемесі екінші орынға тұрақтаса, мемлекеттік қызметшілер үшінші орын алды.

Дойбы ойынында да нәтиже осындай болды. Тек «Aqtobe su-energy group» мекемесі мен мемлекеттік қызметшілер орын ауыстырды.

Кезек тоғызқұмалаққа келгенде бірінші орынды білім саласының қызметкерлері Нұржан Төлегенов пен Луиза Рабаева алды.

Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық бірінші орынды білім саласының қызметкерлері қанжығалады. Оларға дипломмен арнайы кубоктан бөлек, облыстық газеттерге жазылуға үш түбіртек берілді. Екінші орын — мемлекеттік қызметшілерде, ал үшінші орын «Aqtobe su-energy group» мекемесіне бұйырды.

— Мұндай жарыстар ұжымдық рухты көтеруге, бұқаралық спортты, салауатты өмір салтын насихаттау үшін қажет. Жарыс бірінші рет өткізілгенімен, әуесқой спортшылар орташа деңгейде ойын көрсете білді. «Ақтөбе Медианың» бұл бастамасы өте жақсы, алдағы уақытта жүйелі түрде өткізіп тұрса, тіпті керемет болар еді, — дейді жарыстың бас төрешісі, халықаралық санаттағы төреші Борис Романюк.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС жазылу бөлімінің басшысы Исламғали Бітіков аталған спартакиаданы жыл сайын ұйымдастырып, дәстүрге айналдыру жоспарда барын жеткізді.

— Жарыстың барлық қатысушыларына, төрешілерге және қалалық дене тәрбиесі және спорт бөліміне алғысымызды білдіреміз. Сондай-ақ облыстық қос газеттің барлық жазылушыларына да рақмет айтамыз. Мұғалімдер, дәрігерлер мен мемлекеттік қызметшілер — біздің басты оқырмандарымыз.

Ал «Aqtobe su-energy group» ұжымы биыл газетімізге жаппай жазылды. Сонымен қатар спартакиадаға дайындық барысында үлкен көмек көрсетті. Белсенді оқырмандарымызға ақпараттық қолдау көрсету жұмыстары алдағы уақытта жалғаса береді, — деді Исламғали Бітіков.

 Ақерке МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button