Спорт

Есе қайтарған ерік-жігер

Премьер-Лига

«Шахтер»-«Ақтөбе» — 2:3

2 шілде күні өткен 16-турда «Ақтөбе» Қарағандыда «Шахтермен» ойнады. Жеңді. Жеңіліп бара жатып жеңді.

Әуелі алаң иелері гол соқты. Ойынға бірден белсене кіріскен қарағандылықтар алғашқы оныншы минут аяқталар шамада біздің қақпамызға үшінші рет тікелей шабуыл жасады. Қақпашымыз Стас Покатилов қорғаныс кезінде еркіндеу қимылдап жіберді де, Тоқтар Жаңғылышбай құлап түсті. Пенальти. Он бір метрлік нүктеге келген Тимур Досмағамбетов қателескен жоқ. Рас, Стас допқа қолының ұшын тигізіп үлгерді, бірақ одан артық кедергі жасай алмады — 1:0.

Бұдан соң ақтөбеліктер қарсы шабуылдар ұйымдастырып, Темірлан Ерланов (екі рет), Сердер Сердеров қақпаға қарата есепті теңестіруге болатындай соққылар жасады, бірақ доп қиыс кетті.

Ал тайм аяқталар сәтте біздің қорғаушыларымыздың қателігін пайдалана кеткен қонақтар гол соқты. Роман Муртазаев қақпашымен бетпе-бет шыққан сәтті ысырап еткен жоқ — 2:0.

Осы екі гол болмаса, жалпы бірінші таймда ақтөбелік футболшылар алаң иелерінен еш кем ойнаған жоқ.

Ал екінші тайм жерлестеріміздің толық басымдығымен өтті. Рас, алғашқы минуттардың бірінде қонақтардың шабуылшысы гол соғып кете жаздады, бірақ допты қақпа маңдайшасынан тым асыра тепті.

Ал 54-минутта есеп қысқарды. Қонақтардың қорғаушысы Иван Граф өз қақпасы алдында қолмен ойнап жіберді де, пенальти белгіленді. Әлібек Қасым нысананы дәл көздеді — 2:1.

Бұдан соң жерлестеріміз біржола шабуылға көшті де, алаң иелері жанталаса қорғанумен болды. Ақтөбеліктердің соққылары Игорь Шацкийді әбден әбігерге түсірді. Бірақ допты қақпашы қашанғы қақшып түсе берсін.

Әуелі 76-минутта Жерар Гоу гол авторы атанды. Алаңның оң жақ қапталында жүріп Дмитрий Шомкодан пас алған Уго Видемонт бірден ілгері тартты. Сол күйі қақпаға тұстас жерге дейін жетті де, одан әрі өзін аңдыған үш қорғаушының арасынан саңылау тауып, допты дәл қақпа алдында тұрған Жерар Гоудың аяғына салып берді. Гоудың тізесіне тиген доп қақпаға лып етіп енді де кетті — 2:2.

Араға бес-алты минут уақыт салып Уго Видемонттың өзі жеңіс голын соқты.

Алаңның ортасында жүріп аяғына іліккен допты ол бірден ілгері дөңгеленте жөнелді. «Шахтердің» екі футболшысын алдап өткен ол айып алаңына жақындай бере жойқын соққы жасады. Мұны күтпеген болса керек, Шацкий созыла ұмтылғанымен допқа қолы жетпей құлады — 2:3.

Осымен «Ақтөбе» қатарынан төртінші рет жеңіске жетті. Расын айту керек, бұл жолы да жерлестеріміз ерекше жігер көрсетті. Әсіресе қай кездегідей де бас бапкер Андрей Карповичтің екінші таймның екінші бөлігінде жасаған алмастырулары бұл кездесуде де өте нәтижелі болды. Жалпы, бас бапкер А.Карпович басшылыққа келгелі «Ақтөбе» бес кездесудің төртеуін жеңіспен аяқтады.

«Шахтер»-«Ақтөбе» — 2:3

Гол авторлары: Тимур Досмағамбетов, 12-минут, пенальти (1:0), Роман Муртазаев, 45+2 минут (2:0), Әлібек Қасым, 54-минут, пенальти (2:1), Жерар Гоу, 76-минут (2:2), Уго Видемонт, 82-минут (2:3).

Ескерту қағазын алғандар: Максим Самородов, 77-минут («Ақтөбе»), Айдос Тәттібаев, 90+4 минут («Шахтер»).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы), Дмитрий Шомко (Арман Кеңесов, 83-минут), Темірлан Ерланов (Юрий Логвиненко, 53-минут), Әлібек Қасым, Әділхан Таңжарықов (Жерар Гоу, 71-минут), Артурас Жулпа (капитан), Йоахим Адукор, Рамазан Оразов (Виталий Балашов, 46-минут), Уго Видемонт, Рожерио Шина (Максим Самородов, 71-минут), Сердер Сердеров.

Запаста болғандар: Саша Стаменкович (қақпашы), Әлішер Әжімов, Рустам Темірхан, Ескендір Қыбырай, Никита Маляров.

Бас бапкер — Андрей Карпович.

2 шілде 2022 жыл. Қарағанды қаласы, «Шахтер» стадионы. 3000 адам.

*   *   *

«Ақтөбе» командасы 14 кездесу өткізіп, 8 рет жеңді, 2 рет тең ойнады, 4 рет ұтылды. Ұпай саны — 26. Доп айырмашылығы — 20:17.

Біздің мергендеріміз:

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 6 гол;

Жерар Гоу, шабуылшы — 3 гол;

Сердер Сердеров, жартылай қорғаушы — 2 гол;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 2 гол;

Артурас Жулпа, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Никита Маляров, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Йоахим Адукор, жартылай қорғаушы — 1 гол;

Виталий Балашов, шабуылшы — 1 гол;

Рожерио Шина, шабуылшы — 1 гол.

Максим Самородов, шабуылшы — 1 гол.

(Бір голды өз қақпасына Равиль Ибрагимов («Атырау») соғып алды).

*   *   *

Қазір «Ақтөбе» алғашқы үштікте келе жатыр.

Жерлестеріміз 12 шілде күні Түркістанда «Тұран» командасымен кездеседі. Бұл — кезінде, 21 мамырда ауа райына байланысты кейінге қалдырылған 12-турдың кездесуі.

Сондай-ақ сол 12 шілде күні «Шахтер» — «Ақсу» ойыны өтеді. Бұл командалар да ауа райының қолайсыз болуына байланысты 17 наурызда өтуге тиіс кездесуді кейінге қалдырған болатын.

*   *   *

Ал 17-тур ойындары келесі айдың соңына таман, 26-27 тамыз күндері өтеді.

26 тамыз, жұма

«АҚТӨБЕ» — «АҚСУ»

«Мақтаарал» — «Шахтер»

«Ақжайық» — «Атырау»

27 тамыз, сенбі

«Каспий» — «Қайрат»

«Тобыл» — «Ордабасы»

«Тараз» — «Астана»

«Қызылжар» — «Тұран»

Е.АХАТҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button