Жаңалықтар

Аналарға құрмет

Марапат

Ақтөбедегі аналар кеңесінің төрағалары бас қосты. «Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт» жобасы аясында өткен кездесу барысында ауқымды бастамалар мен игілігі мол жобалар жайы талқыланып, ұлттық мәдениет пен дәстүрімізді сақтау жолында еңбек етіп жүргендер марапатталды.

Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қорғанбаева аналар кеңесінің жұмысы Ассамблея хатшылығының бір ғана бағыты екендігін, дегенмен ақтөбелік аналар қолға алып өткізіп жүрген шаралардың қоғам үшін, ел болашағы үшін маңызы зор екендігін айтты.

— Біз бүгінгі шарада ана ретінде бас қосып отырмыз. Ананың қоғамдағы рөлі қандай екенін көрсету — басты міндетіміз. Бұл жерде жиналған аналар тек өз балаларының болашағы үшін ғана емес, қоғамға қол ұшын созу мақсатында түрлі жобаларды қолға алып жүр. Ана — отбасының ғана емес, қоғамның тәрбиешісі, — деді Маржан Қорғанбаева.

Кездесу барысында аудандардан келген аналар кеңесінің төрағалары атқарған жұмыстарымен бөлісті. Шара барысында аналар «Отбасылық бақыттың сыры неде?» деген сұраққа жауап беріп, ойларын ортаға салды.

Бүгінгі таңда облыста 175 аналар кеңесі бар, онда 982 мүше ретінде тіркелген. Шара барысында бірқатар аналар кеңесінің төрағасына облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Дариға Исмағамбетованың атынан арнайы Алғыс хаттар табыс етілді. Әдемі әңгіменің соңында ана туралы ән шырқалды.

Айта кетейік, «Мәдениетті ана — мәдениетті ұлт» жобасы — Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесі мүшелерінің бастамасымен қолға алынған  жоба. Жобаның басты мақсаты — отбасы құндылықтарын өскелең ұрпақтың бойына таратып, ұлттық дәстүрді қадірлеуге, сақтауға шақыру.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button