Әлеумет

172 адам жолдама алды

Жәрмеңке

ҚР Тұңғыш Президенті атындағы Орталық саябақта дәстүрлі бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкеге келушілерге 50-ден аса мекеме құрылыс, денсаулық сақтау және қызмет көрсету салалары бойынша 573 уақытша және тұрақты жұмыс орындарын ұсынды.

Мемлекеттік бағдарлама аясында уақытша және тұрақты жұмыс орындары, қайтарымсыз гранттар, қысқа мерзімді кәсіби оқу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Алтынай Маханованың айтуынша, биыл барлығы 3 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, нәтижесінде 58 адам жұмысқа орналасқан. Бүгінде жұмыспен қамту орталығында 1200-ге жуық адам тіркелген. Олардың басым көпшілігі мұнай-газ саласының қызметкерлері.

Бос жұмыс орындарының көпшілігі — жұмысшы мамандықтар. Сондай-ақ құрылысшылар мен дәнекерлеушілер сұранысқа ие.

— Бүгінгі жәрмеңкенің ерекшелігі — облыс аудандарынан да Жұмыспен қамту орталықтарының өкілдері және жұмыс берушілер қатысып отыр. Атап айтсақ, Хромтау қаласынан «Восход Ориел», «АМК» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және Дөң тау-кен байыту комбинаты бар. Қазір түлектердің оқу бітіріп, диплом алып жатқан шағы. Осы ретте жастар өз аудандарына «Жастар тәжірибесі» бойынша жұмысқа тұра алады. Негізінен, электрик, дәнекерлеуші, тас қалаушы секілді маусымдық жұмыстарға адам жетіспейді.

Сондай-ақ жазғы демалыста жоғары сынып оқушылары мен студенттерге облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Оларға қала тазалығы, абаттандыру, көгалдандыру секілді қоғамдық жұмыстар қарастырылған, — дейді А.Маханова.  Шара барысында «Еңбек» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант, шағын несие алған қатысушылар да өз кәсіптерінің өнімдерінен көрме ұйымдастырды. «Саңыраулардың қазақ қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Аялау» корпоративтік қоры мүмкіндігі шектеулі жандардың қолынан шыққан қолөнер, тоқыма бұйымдарын қала тұрғындарына ұсынды.

Жастарды жұмыспен қамту мақсатында оқу орнының түлектеріне «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламалары бойынша жолдама берілді.

Солардың бірі — Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжінің түлегі Жансая Әбиева. Ол биыл аталған оқу орнын фельдшер мамандығы бойынша бітірген.

Бүгін жәрмеңке болады дегенді естіп, осында келіп тұрмын. Бос жұмыс орындары тізімін толық қарап, өз мамандығым бойынша жұмыс берушілерге жолықтым. Осылайша «Жастар тәжірибесі» бойынша Батыс 2 ауданындағы облыстық жедел жәрдем бекетіне жолдама алдым, — дейді ол.

Жұмыс берушілерге «Электронды еңбек биржасы» порталына тіркеліп, бос жұмыс орындарын жариялауға және жұмыссыздарға Жұмыспен қамту орталығына жолықпай, тікелей бос жұмыс орындарымен танысуға болатындығы туралы ақпарат берілді.

Жалпы жәрмеңкеге 257 жұмыссыз азамат келді, оның 172-сіне жолдама берілді.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button