АуылБасты жаңалықтар

Шаруалар шөп шабуды бастады

«Ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті — елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету».

Қасым-Жомарт Тоқаев,

Қазақстан Республикасының Президенті.

Ауданда қысқы мал азығын дайындау науқаны басталды. Алдағы қыстан малдың қысылмай шығуы үшін аудан бойынша жалпы 293 600 тонна шөп дайындалуға тиіс.

Бүгінде Шалқар қаласы мен 12 ауылдық округ бойынша шөп шабатын 40 бригада бар. Олар 86 трактор, 137 шөп шабатын, 37 шөп буатын, 20 шөп тиейтін арнайы техникалармен қамтылған. Қазір аудан бойынша 10 мың тонна шөп шабылған.

— Өлкеміздегі далалық жерлердің дені жайылымға арналған. Өткен жылы еліміздің батыс аймағында болған қуаңшылықтың біздің ауданға да үлкен әсері болды. Ауданымыздың оңтүстік аумағындағы Бозой ауылдық округіндегі бірқатар шаруалар өріс өзгертіп, малдарын аман сақтап қалды. Биылғы көктемдегі қар суының мол болуынан және жаңбырдың жиі жаууынан шөптің шығымы жақсарды. Шөп шабу енді басталды, бұл науқан бойынша ауданға берілген тапсырма қазір 3,4 пайызға орындалды. Алдын ала болжам бойынша биыл шабындық жерлерден 3 центнер, көл табанды жерлерден 4-5 центнер шөп шабылады деп күтілуде. Шаруаларды жанар-жағармаймен қамтамасыз етуде жеңілдіктер қарастырылған, — дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Рашид Ержанов.

Жаз мезгілінде шабындықтарды өрттен сақтау өте маңызды. Осы ретте ауданға қарасты Айшуақ, Мөңке би, Кішіқұм, Шетырғыз ауылдық округтерінде өрт сөндіру бекеттері құрылған. Шетырғыз, Мөңке би ауылдық округтерінде екі өрт сөндіру автокөлігі бар. Қалған екі округ арнайы өрт сөндіру құралдарымен қамтылған.

Сондай-ақ ауданда мал саны жыл сайын артып келеді. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, алдағы қысқа 47 275 ірі қара, 96 258 қой, 8 176 ешкі, 42 668 жылқы, 13 225 түйе түседі деген болжам бар.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button